Мәуләнә Румиге неге «Руми» атауы берілген?
Мәуләнә Румиге неге «Руми» атауы берілген?
4 жыл бұрын 7898
А. Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Мәуләнә Жәләлуддин ар-Руми хижри 604 жылы "Рабиъуль әууәл" айының 6 жұлдызында, Хорасан жеріндегі «Белх» қаласында дүниеге келген (Миләди 1207 ж, 30 қыркүйек).

Толық аты-жөні: Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Хусейн әл-Белхи. Лақап аттары: Жәләлуддин. Мәуләна.

"Мәулана" деген ат ол кісіге жас күнінде, медреседе ұстаз болып жүрген кездерінде тағылады. Кейіннен бұл атауды жалпы жұрт тарапынан құрмет ретінде қолданылып, өз есіміндей болып кетеді.    

Әкесінің аты: Бахауддин Уәләд.

Анасы: Белх қаласының әмірі Рукнуддиннің қызы Мүміна Хатун.

Бірінші жарының аты: Самарқанттық дін ғалымы Шарафуддин Лаланың қызы Гауһар Хатун. Одан Сұлтан Уәләд және Алауддин деген екі ұлы дүниеге келеді. Алайда, Гауһар Хатун ерте бақилық болады. Одан соң, Әзіреті Мәулана Кониялы Иззуддин Али деген кісінің қызы Кира Хатунды бір баласымен әйелдікке алады. Кира Хатуннан бір ұл және бір қыз туылады: Әмір Мұзаффаруддин Алим Челебы және Мәлика Хатун.

Кейбір деректерде Әзіреті Мәуләнаның ататегі әкесі жақтан есептегенде сонау Әзіреті Әбу Бәкірге барып тірелетіндігі айтылған. Ал, анасы жақтан ататегі Әзіреті Әлиден бастау алады деседі.

Әзіреті Мәуләнаның әкесі Бахауддин Уәләд үлкен дін ғалымдарының бірі саналатын. Ол өзінің уағыздарында Хорезмшах Алауддин Мұхаммедті сынағаннан соң билік пен арасы суып, ақыры дұшпандары тарапынан «көтеріліс жасамақшы» деген жала тағылып, Хорезмшах одан Хорасан аймағынан кетуін талап етеді. Ол уақытта Мәуләнә бес жасында болған.

Әкесі отбасын алып, Хижаз аймағына жол тартады. Жол-жөнекей Бағдад, Куфа т.б. көптеген қалаларға жолшыбай соғып өтеді. Хижри 614 жылы Анадолу аймағаны келеді. Ол жерде Малатя, Сивас, Ерзинжан, Ақшеһир сияқты елді-мекендерде тұрақтап, ақыр соңында Сельжук мемлекетінің патшасы Сұлтан Алауддин Кейкубадтың шақыруымен Кония жеріне орналасады. Конияға келгендерінде Мәулананың жасы он төртте болған екен.

Конияға орналасқаннан кейін әкесі «Алтын апа» медресесін ұстайды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін Мәулана әкесінің орнын басып, медреседе сабақ бере бастайды. Оған дейін ол Шам және Халеп қалаларындағы медреселерде дәріс оқып, араб тілі мен әдебиеті, тіл ғылымы, тәпсір, хадис, фиқһ сияқты ғылымдарды жетік меңгереді. Сондай-ақ, ақли және нақли ғылымдарға байланысты «ижаза» (диплом іспетті куәлік) алады. Сирияда жүрген шағында Мұхиддин Ибнуль Араби, Саъдуддин Хаммуйя, Осман Руми, Әухадуддин Қирмани сынды атақты кісілермен кездесіп, біраз уақыт олардың сұхбатында болады.

Шариғат ғылымын жетік меңгерген Мәулана бірнеше медреседе мұдарристік (дәріс беруші ұстаз) міндетін атқарады. Шамамен миләди 1244 жылдары рухани ұстазы Әзіреті Шәмсуддин Тәбризиді жолықтырып, адамның рухани әлемін байытудың сырын зерттеуге өзін толығымен арнайды.

Әзіреті Мәуләна 1273 жылы, 17 желтоқсанда бақиға аттанады. Жаназасын атақты сопы, дін ғалымы Садруддин Коневи деген кісінің шығаруын өсиет қылады. Бірақ, Мәуләнаның қайтыс болуына қатты қайғырған ол, жаназада басы айналып құлап қалғандықтан, оның орнына жаназасын Қазы Сиражуддин шығарады.

Неге «Руми» делінген?

Мәуләна Мұхаммед Жәлулуддин Румидің «Руми» боп аталуы - кішкене күнінен тұрып келген Анадолы аймағына тікелей байланысты. Ол замандарда «Анадолу» аймағы – шығыс Рим империясының жері еді, дәлірек айтқанда Византияның шегарасында жатқан аймақ тұғын. Сол себепті, ол аймақты кезінде мұсылмандар «Рум елі» (Рим елі) деген ұғымда – «Дияру Рум» деп атайтын болған. Осыдан келіп Мәуләнаның есіміне өмір кешген жеріне қарай «Румдық» деген мағынаны білдіретін «Руми» тіркесі тіркесіп айтылатын болды.  (Рим, яғни, Рома, оны арабша «Рум» дейді).

Демек, Мәулана Жәлулуддин Румидің «Руми» болып аталуының басты себебі өмір кешген жеріне орай екен. Оның «Рум» ұлтына немесе «Рим» ұлтына еш қатысы жоқ. Әзіреті Мәуләна өмір сүрген ғасырларда Анадолу аймағын жұрт «Рум елі», «Рум жері» дейтіндіктен, оған «Румдық», яғни, "Рим империясының жері саналатын Анадолыдан шыққан" деген ұғымда «Руми» тіркесі қосылып айтылды.

Жатқан жері жәннәт, топырағы торқа болғай!

0 пікір