Мәулана Жалаладдин Руми
Мәулана Жалаладдин Руми
10 жыл бұрын 17036
Шефик Жан

Мәулана Жалаладдин Мұхаммед 1207 жылдың 30-қыркүйегінде Белх қаласында дүниеге келген. Белх қаласы бүгінгі Ауғаныстанда орналасқан. Ол  қала сол дәуірде білім орталығы болып, әлі Монғолдардың шабуылына ұшырамай тұрған. Қаланың мешіттерімен, медреселерімен және сарайларымен аты шыққан кезі. Әрі жібек жолы бойында саудагерлері ағылып жатқан экономикалық тұрғыдан дамыған астана болатын.

Аты Мұхаммед, лақап аты Жалаладдин. Барлық тарихшылар осы лақап атымен таниды. Жалаладдин есімінен Худавендигар деген лақап атымен де танылған. «Мәуләуи» және «Мәулана» атауларына келер болсақ, жалпы Мәуләуи сөзімен  Хазіреті Мәуланаға рухани ғашық адамдар туралы сөз қозғаймыз. Дегенмен, ескі дәуірлерде бұл лақап есім, Суфилер арасында, Әділет жақтаушыларына, ақиқатқа ұмтылғандарға, көкіректері ояу кісілерге берілген. Сондықтан біздің Мәуланамызды да «Мәуләуи» деп атағандар болған. «Біздің әміршіміз» мағынасына келетін Мәулана сөзі, есімінің бас жағына қойылып Мәулана Жалаладдин ретінде аталғандай, тек қана Мәулана деп те аталған және аталуда.  Көп уақыт бойы осы лақап есім қолданылған. Негізінде кітаптарда халық жақсы көрген өкілдерін әрдайым осы атпен атаған: Мәулана Халид, Мәулана Қасым, Мәулана Ахмед аттары, «Мәнақыб» кітаптарында жиі қолданылады. Хазіреті  Мәулана өмірінің көбісін, ол кездерде Рум даласы деп аталған Анадолыда өткізгендіктен Мәуланаи Рум немесе Мәулана Жәлаладдини Руми немесе тек қана Руми деп аталып өткен. Хазіреті Мәулананың өлеңдерінде бүркеме аты  Шәмси Тәбризи болатын. Сирек те болса Хамуш сөзін қолданған.

Хазіреті Мәулананың шығу тегі, Хазіреті Әбубәкірге дейін жалғасып жатыр. Уәләд сұлтан Ибтида-намесинде (187-188 ж.) атасы Хазіреті Бахауддин Уәләдтан сөз қозғағанда «Оның бүркеме аты Бахауддин Уәлад болды. Оны құрмет тұтатындар сансыз. Оның шығу тегі Хазіреті Әбубәкірге дейін созылады. Осы себепті ол Хазіреті Сыддык сияқты ең жоғарғы мағына мекеніне қол жеткізді» дейді.

Мәулананың әкесі Хусейін Хатибидің ұлы Мұхаммед Бахауддин Уәләд Сұлтанүл-улема (білімдарлардың сұлтаны) деген абыройлы лақап есімі бар. Хазіреті Бахауддин Уәләдке бұл лақап атты Пайғамбарымыздың бергендігі жайлы мәлімет те бар.  Мәулананың әкесі бір түнде мынадай түс көріпті «Бір соғыс алаңында  құрылған көркем шатырда Пайғамбарымыз ең жақын адамдарымен сөйлесіп отырғанда Бахауддин Уәләд ішке кіреді, құрметпен Пайғамбардың алдына барады. Пайғамбар Хазіреті Бахауддин Уәләдке сый қылып, оң жақ тұсынан жоғарыдан орын береді. Сосын айналасындағыларға қарап: «Бахауддин Уәләд біз үшін өте қадірлі кісі. Бұдан бұлай оны «Сұлтанүл-улема» деген лақап атпен атаңыздар» деп бұйырған екен. Ертесі күні тура осы түсті көрген үш жүз білімдар Хазіреті Бахауддин Уәләдтің медресесіне келеді. Түнде көргендерін айтқылары келеді. Хазіреті Бахауддин Уәләд көрген түстерін, олар бастамай тұрып айтып береді. Олар таңғалып қалады. Міне Пайғамбарымыздың Мәулананың әкесіне деген осындай сүйіспеншілігіне байланысты, бұдан былай ақыретке дейін, оған «білімдарлардың сұлтаны» делінеді.

Шынымен де Хазіреті Бахауддин Уәләд тек қана білімдарлардың сұлтаны емес, адамзаттың сұлтаны, адамгершіліктің сұлтаны, ерліктің сұлтаны, қысқасы, барлық жақсылықтың сұлтаны болатын. Былайша айтқанда, үлгілі адам еді. Жоғары білімімен қоса тура Мұхаммеди үлкен адамгершілікке ие болатын. Баршаға жақсылық жасап, жамандықтан қашатын. Айналасындағыларға ескертіп, оларды имансыздықтан қорғау үшін, олармен әңгіме құрып, сөйлесетін. Өте әдемі сөйлейтін. Оны тыңдағандар, сезіммен, иманмен беріліп кететін.

Ол әмірлердің жүзіне қарап тұрып, қателерін айтатын. Шейх Садидың Бағдадты күл талқан еткен Хұлагуге «сен залымсың» деп ақырғаны іспетті, Сұлтанүл-улема да Харезмшахтың жүзіне қарап, жүрген жолының Мұхаммедтік жол емес, ауытқушылық екендігін айтады. Ол үшін жағымпаздық – жат қылық. Грек философиясынан қатты әсерленген білімдарлар мен басшыларға тоқтам жасап отыратын. Иманды халықтың әрдайым соған жүгіретін себебі сол еді. Ол замандарда білім мен ғылымның орталығы Белх қаласының барша тұрғындары Хазіреті Бахауддин Уәләдті аса құрметтеп, қадірлейтін.  Халықтың Сұлтанүл-улемаға көрсеткен құрметі мен қадірлеуі, сол дәуірдің падишахы Харезмшахты да бей-жай қалдырмады. Тіпті, білімдарлардың көпшілігі оған қызғанышпен қарайтын. Бірақ ол ешнәрседен сескенбейтін. Пікірлерін тіке айтудан қайтпайтын. Сұлтанүл-улеманың әкесі Ахмет Хатиби. Ұлы Хусейн Ефлакинің сөздеріне қарағанда, өз ғасырының ең танымал ғалымы, рухани ерлерінің қатарында болатын. ХІІ ғасырдың танымал ғалымдары Разиюддин-и Нишабури одан дәріс алған. Хазіреті Бахауддин Уәләдтің шешесі де, Харезмшахтар тегінен шыққан. Бірақ қай сұлтанның тегінен тарайтыны белгісіз.

Мәулана Конияға келместен бұрын Қараманда Қожа Шараф ад-Дин Самарқандидің қызы Гаухар хатунға үйленген. Оның үлкені ұлы Сұлтан Уәлад пен екінші баласы Ала ад-Дин осы Гаухар хатуннан туған. Гаухар хатун бұл дүниеден өткеннен кейін Мәулана Карра хатун деген жесір әйелге үйленген. Аты романдыққа ұқсаса да өзі Түрік Карра хатунның Мәуланаға үйленер алдында Шамс ад-Дин Яхья атты ұлы болған еді.Оның бірінші күйеуі Мұхамед шах болатын. Руми Карра хатуннан бір ұл, бір қыз сүйеді. Ұлының аты - Әмір Мұзафар ад-Дин Әлім Челеби, ал қызының аты Малика хатун болатын. Осылай  Мәулананың үш ұлы мен бір қызы болды. Олардан  Ала ад-Дин Челеби 1262 жылы қайтыс болып, атасы Ғұламалары сұлтанының оң жағында жерленген. Ала ад-Дин Челебиден ұрпақтың қалғандығы немесе қалмағандығы белгісіз. Афлакидің айтуы бойынша Ала ад-Дин Челебидің балалары болған. Бірақ басқа кітаптарда бұл туралы мәліметтер кездеспегендіктен, Мәулана әулетінен шыққан Челебилер бұтағы Сұлтан Уәладтан таратылады.

Мәулананың еңбектерінің қатарына «Мәснәуи», «Диуан-и-Кәбир», «Фихи-ма-фих», «Мажалис-и-Саба» мен «Мәктубат» кіреді. Сонымен қатар кейбір басқа кітаптар да Мәуланаға телінеді. Олар: «Тирашнаме», «Ашкнаме», «Расаи-и-Афақ уа Анфус», «Рисала-и-Ақаид». Бірақ олардың тақырыбы мен жазылу үлгісіне қарағанда олар Мәулананыкіне жатпайды.

Бір күні Мәулананың жұбайы: «Худавендигар хазіретінің дүниені ақиқат пен руханиятқа толтыруы үшін оған үш жүз немесе төрт жүз жылдық пайдалы өмір берілуі керек» деді. Сол кезде Мәулана жұбайына: «Не үшін, не үшін, біз Перғауын да, Нәмруд та емеспіз, біздің мына топырақ әлемінде не жұмысымыз бар? Бізге бұл пәни дүниеде, осы топырақ әлемінде тыныштық пен тұрақтылық қайдан болсын? Біз бірнеше тұтқынның құтылуы үшін, осы дүние зынданына қамалғанбыз. Жақында Аллаһтың сүйікті досының, Пайғамбардың қасына қайтармыз деп үміттенем» деді.

«Адамдарға пайдам болсын деп мен осы дүние абақтысына қамалдым. Әйтпесе түрме қайда? Мен қайда? Кімнің малын ұрлап осы түрмеге түстім?».

Хазіреті Мәулана ғазиз өмірінің түгесіліп бара жатқандығын сезіп, кей кездері аянышты өлім өлеңдерін жазып, айналасындағыларды жылататын. Сол өлеңдердің бірнешеуі төмендегідей:

«Әй, бұл тар тән қапасынан ұшқан құс! Сен бар-жоғын алдың, көктердің үстіне көтердің!

Осыдан кейін, жап-жаңа бір сергектікке жет, тың күш жина, қашанға дейін, мына жер бетіндегі беталды ләззатсыз өмірді жалғастырасың?

Мына дүниедегі өмір негізінде өлімнің нақ өзі. Бізді қорқытатын өлім болса шындығында өмір. Өлімді басқа әлемде туу емес, жоқ болып кету деп санау - имансыздық.

Егер Хақ тәннің үйін құлататын болса, жылама, шағымданба. Негізі сен тән қапасында тұтқын екендігіңді жақсы біл. Өлім келіп, ол құлаған кезде сен құтыласың».

 «Ей, менің жаным, тыңда! Мына топырақ пердесінің ар жағында, жасырын бір ләззат, жасырын бір бақытты өмір бар. Барлық нәрсені жасырып тұрған осы перденің ар жағында, жүздеген тамаша Жүсіптер бар. Бұл тән мен бұл дене көзден ғайып болғанда, негізгі болмысың болған рухың қалады. Ей, шексіз рух, ей, пәни дене!

Бұл жағдайдың қалай болатындығын түсінгің келсе, түн сайын өзіңе қара. Ұйқыға батқан кезде денең өлген сияқты. Рухың болса, жәннат бақшаларына қанат қағуда».

 «Барлық әлемнің жаратушысынан, жәләл және жәмал иесінен, өте жағымды бір дауыспен «Қане, құлым кел!» делінген хабар жеткенде жан қалайша қанаттанып ұшпайды?!

Мөлдір теңізден жырақтап, қайраңға шығып қалған балықтың құлағына толқын дауыстары келсе, балық қалайша дереу секіріп негізгі мекені болған теңізге түспейді?!

Рухыңды жоғалудан құтқарған мәңгілік күнінің сәулесінде, әр сопы қалайша зәррадай дірілдемесін, қозғалмасын? Осыншама нәзік, тамаша, сүйкімді теңдессіз жаратушыны таба алмаған, тани алмаған және сүймеген адам, қандай бишара, жаман және адасқан адам?

Ей, рух құсы, құмарлықтарың мен күнәларыңнан тазардың, нәпсінің қапасынан құтылдың, рухани қанаттарың жайылды, қане! Келген мекеніңе, өзіңнің туған отаныңа қарай ұш, ұш!».

 «Ей, енді тән қапасынан айырылғандар, қайтадан көрініңдер, көрініп айтыңдар, қайдасыңдар?

Тән кемеңіз мына теңізде сынған күйде қалды. Ей, балықтар сияқты өлім теңізіне құйылғандар, бір сәт те болса мына судан шығыңдар, өздеріңді көрсетіңдер. Әлде өмірдің күресімен күндердің уысында, інжулар сияқты шашылып тұз болдыңдар ма? Бірақ  ол тұз - ақиқатты іздеушілердің көздерінің сүрмесі.

Жақсы көру үшін сол сүрмені көздеріңе жағыңдар! Ей, рух әлемінен бұл дүниеге келгендер! Өлім келген кезде, үркіп, қорықпаңдар! Бұл өлім емес, бұл екінші бұл туылу, арғы жақта туылыңдар!».

«Шындықтан хабардар болып өлген Хақ ғашықтары сүйіктінің алдында шекер сияқты ериді.

Рух әлемінде, әлмисақта өмір нәрін ішкендер, басқаша күйде өледі.

Ол жақтардан хабардар болғандар, Хақ сүйіспеншілігіне өздерін дайындағандар, мына адам тобыры сияқты өлмейді.

Хақ ғашықтары тазалықта періштелерді де артқа тастайды. Сол себепті, басқа адамдар сияқты өлу оларға жат нәрсе. Сен иттер сияқты арыстандар да есік алдында өледі деп ойлайсың ба? Хақ ғашықтары сүйіспеншілік жолында өлетін болса, оларды жанның патшасы қарсы алады.

Бір-біріне жан болған, бірдей аманатты, бір жанды арқалағанын білетін Хақ ғашықтары, бір-біріне деген ғашықтықпен өледі.

Ғашықтар көк жүзіне ұшады, кәпірлер жәһаннамның түбінде жан тапсырады.

Өлген кезде Хақ ғашықтарының көңіл көздері ашылып, арғы жақты, ғайып әлемін көреді. Басқалар өлімнің қорқынышымен соқыр әрі саңырау күйде өледі. Түнді құлшылықпен өткізгендер, Хақтан қорқып ұйықтамағандар, өлім уақыты келген кезде, қорқынышсыз, рахат жан тәсілім етеді.

Бұл дүниеде тамақтың қамын ойлағандар, тек қана ішіп-жеуді ойлағандар өгізге айналады, есек сияқты өледі.

Бүгін өмір сүрген кезде, Хақ назарына түскісі келгендер, ол назарды, ол көзқарасты іздегендер, сол назарға қарап қуанышты күйде күліп жан тапсырады.

Жан патшасы оларды, мейірім құшағына алады. Олар қор болып қарапайым түрде өлмейді.

Ахлағын, Мұстафаның (с.а.у.) ахлағына ұқсатқандар, Хазіреті Әбу Бәкір сияқты, Хазіреті Омар сияқты өледі.

Негізінде Хақ ғашықтарынан өлім алыс. Олар өлмейді де, жоқ та болмайды, мен бұл сөздерді егер өлген жағдайда, осылай өледі деп айттым».

 

0 пікір