Маса сізді қалай тауып алады? Ғалымдар зиянкестің құпиясын ашты
Маса сізді қалай тауып алады? Ғалымдар зиянкестің құпиясын ашты
3 сағат бұрын 182 islam.kz/

Маса десе, денеміз түршігіп бастайтыны жасырын емес. Жер бетінде бұл жәндіктің 3500-ден астам түрі бар. Олар тек ұйқымызды бұзып, мазамызды алып қана қоймай, безгек, сары безгек және Зика вирусы сияқты қауіпті ауруларды да таратуы мүмкін. Жыл сайын осы дерттерден әлемде 700 мыңнан астам адам көз жұмады екен.

Жақында Джорджия және Массачусетс технологиялық институттарының зерттеушілері ұрғашы масалардың адамды қалай іздеп тауып, қалай шабуылдайтынын анықтау үшін арнайы математикалық модель жасап шықты. Ғалымдар адамды айнала ұшқан жүздеген масаның әрбір қимылын бағып, 20 миллионнан астам деректі талдап шыққан. Бұл туралы Science Advances басылымына сілтеме жасаған Science Daily сайты хабарлады.

Үш өлшемді бейнелеу (3D бақылау)

Масаның жүріс-тұрысын түсіну үшін ғалымдар үш өлшемді инфрақызыл камераларды қолданды. Олар масалардың қоршаған ортадағы нысандарын қалай көретінін және көмірқышқыл газына қалай әрекет ететінін бақылады. Тіпті, тәжірибе жасалатын бөлмеге адамды кіргізіп, оның киімінің түсін өзгертіп отырып, жәндіктердің реакциясын таспаға басып алған.

Зерттеу нысаны ретінде әлемнің көптеген аймақтарында кездесетін, сары безгек тарататын Aedes aegypti масасы таңдалды.

Масалар бірін-бірі емес, «белгіні» қуады

Зерттеудің ең қызықты тұсы — масалар бір-біріне еріп, топталып ұшпайды екен. Әрбір маса қоршаған ортадағы сигналдарға (иіс, жылу, түс) жеке-дара жауап береді. Бірақ соңында бәрібір бір уақытта, бір жерге жиналады.

Джорджия технологиялық институтының профессоры Дэвид Ху бұл құбылысты өте қарапайым мысалмен түсіндіреді:

«Бұл тура толып тұрған дәмхана сияқты. Адамдар дәмханаға бірінің артынан бірі еріп бармайды. Оларды ол жерге тартымды музыка, дәмді ас пен жайлы орта тартады. Масалар да дәл солай. Олар «көшбасшының» артынан ермейді, ортақ белгілерді (сигналдарды) қуады. Сөйтіп, бәрі бір нүктеге — яғни сізге жиналады».

Көру қабілеті мен көмірқышқыл газы: Маса қалай «шешім» қабылдайды?

Ғалымдар масалардың мінез-құлқын тереңірек түсіну үшін көру белгілері мен көмірқышқыл газының әсерін зерттейтін үш түрлі тәжірибе жүргізді. Нәтижесінде мынадай қызықты жайттар анықталды:

 

  • Бірінші тәжірибеде бөлмеге қара түсті шар қойылды. Масалар оған бірден ұмтылғанымен, қасына барған соң көп бөгелмей, тез арада басқа жаққа ұшып кеткен. Яғни, тек көру белгісі жәндікті ұзақ ұстап тұруға жеткіліксіз болып шықты.

 

  • Ақ түсті нысана мен газдың үйлесімі: Тәжірибешілер қара шарды ақ түстіге ауыстырып, оған көмірқышқыл газын қосты. Бұл жағдайда масалар газдың көзін тек жақын қашықтықтан ғана таба алған. Қызығы, жәндіктер нысанаға жақындағанда «екінші рет мұқият қарап алғандай» сәл кідіріп, содан кейін ғана сол маңға жинала бастаған.
  • Масалар үшін ең тартымдысы — қара түс пен көмірқышқыл газының бір жерде болуы. Бұл екі белгі қосылғанда масалар сол аймақты бірден «жаулап алып», кетпей қойған және жанталаса қоректенуге (шағуға) тырысқан.

Джорджия технологиялық институтының магистранты Кристофер Зу бұл құбылысты былай түсіндіреді:

«Бұған дейінгі зерттеулерден біз түстер мен газдың масаларды тартатынын білетінбіз. Бірақ олардың осы екі сигналды қалай біріктіріп, бағыт таңдайтыны беймәлім еді. Масалар — бағдарламаланған кішкентай роботтар іспетті. Біздің мақсатымыз — олардың осы ішкі «ережелерін» тауып, ашу болды».
Демек, қара немесе күңгірт түсті киім киіп, белсенді тыныс шығарған (көмірқышқыл газы) адам — масалар үшін нағыз «бас тартпас олжа».

Ғалымның ерлігі: Маса адамның қай жерін нысанаға алады?

Көру белгілерінің (түстердің) маңыздылығын анықтаған соң, Кристофер Зу бұл теорияны өз денесінде сынап көруге бел буды. Ол арнайы бөлмеге бірде қап-қара, бірде аппақ, енді бірде ала-құла киім киіп кіріп, екі қолын жайып тұрды. Оның айналасында үймелеген ондаған масаның әрбір ұшу траекториясы бейнекамераларға жазылып алынды.

Массачусетс технологиялық институтында бұл деректерді талдау барысында мынадай қызықты қорытынды жасалды:

  • Маса үшін адам — жай ғана «нысан»: Жәндіктер ғалымға тұлға ретінде емес, жай ғана нысана ретінде қараған.

  • Бас пен иық — басты нысана: Масалардың ең көп шоғырланған жері — ғалымның басы мен иық тұсы болды. Бұл — осы тектес масалардың адам денесіндегі ең сүйікті «шабуылдау аймақтары».

Зиянкестермен күресудің жаңа тәсілі

Зерттеушілердің пікірінше, бұл жаңалық болашақта масалармен күресудің мүлдем жаңа стратегияларын жасауға жол ашады. Кристофер Зу мынадай тиімді тактиканы ұсынады:

«Қазіргі тұзақтар көмірқышқыл газын немесе жарықты үздіксіз шығарып тұрады. Алайда біздің зерттеуіміз көрсеткендей, бұл белгілерді үзіліспен (кезең-кезеңімен) беріп, сору жүйесін соған сәйкестендіру әлдеқайда тиімді. Себебі, көру белгісі (түс) мен иіс бір уақытта үйлеспесе, масалар нысананың қасында ұзақ аялдамай, тез ұшып кетеді. Сондықтан оларды «алдап» ұстау үшін осы екі сигналды дәл уақытында біріктіру керек».
Ғалымдар енді масаны жай ғана қуаламай, оның «ішкі бағдарламасын» бұзу арқылы аулауды көздеп отыр. Демек, болашақта масаға қарсы құрылғылар бұрынғыдан да ақылды бола түспек.

alarabiya net

 

0 пікір