ЖОШЫ ХАННЫҢ ӨЛІМІ. Рашидуддин, «Жәмиъут тәуәрих».
ЖОШЫ ХАННЫҢ ӨЛІМІ. Рашидуддин, «Жәмиъут тәуәрих».
5 сағаттан соң 68 фото: esquirekz
Қазақшалаған Абдусамат Қасым, исламтанушы

Рашидуддин әл-Һәмәдәнидің «Жәмиъут Тәуәрих» атты кітабының арабша нұсқасынан, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның өлімі жайында келтірілген үзіндіні қазақшаға аударып беріп отырмын (жақша ішіндегілер менің сөздерім).

Рашидуддин әл-Һәмәдәни былай әңгімелейді:

«Жошы хан әкесінен бұрын қайтыс болғандықтан оған қатысты хикая-әңгімелердің өз алдына жеке-дара, кең түрде жеткізу мүмкіндігі болмады. Сондықтан да, біз мұнда «Шыңғыс хан тарихы» (атты бөлімде) түсіндіріліп өтілген оның жағдаяттарынан (детальға кірмей) жалпылама айтып өтеміз. Төменде Жошының сырқаттанып, артынан қайтыс болғаны жайында әңгімелекпіз.

Жошы хан әрдайым Шыңғыс ханның бұйрығымен қалың қолды бастап жүретін. Ол көптеген қалалар мен уәләяттарды басып алды. Шыңғыс хан Иран аймағын басып алуға аттанған уақытта, (жолда) Отырар өңіріне жетеді. Ол оған (Жошыға) Отырар қаласын алуды тапсырып, оны сол жерге тастап кетеді. «Шыңғыс хан тарихында» айтылғандай, Жошы Отырар қаласын алады. Отырардың қамалын ашып кіріп, қаланы талқандайды. Одан кейін артқа қайтып, Самарқандтың айналасына - әкесінің құзырына жеткенге шейін. жол-жөнекей кездескен елді-мекен, қалаларды басып алып отырады.

Одан соң Шыңғыс хан Жошы мен екі бауыры Шағатай және Үгетайға (Үгедей) Хорезмді алуды тапсырды. Алайда, олар Бұхараны қоршағандарымен, Жошының Шағатаймен араздасуының салдарынан қаланы басып алу оңай болмады. Оны көрген Шыңғыс хан ол шайқаста Үгедейге қолбасшылықты өз қолына алуын бұйырады. Үгедей өзінің көрегендігімен және қабылеттілігімен екі бауырының арасын жарастыра алды. Осылайша бәрі бірігіп, Хорезмді жаулап алды.

Одан соң Шағатай мен Үгедей әкелеріне қарай жол тартады, сөйтіп ол екеуі Талиқан (Талекан, қазіргі Иран қаласы) қамалына әкелерінің жанына барады. Ал, Жошы болса, Хорезмнен «Ирдишке»(Ертіс) тура жол тартып, өзінің әскери лагеріне келіп түседі.

Одан бұрын Шыңғыс хан Жошыға солтүстік уәләяттарды басып алуға аттануын бұйырған болатын, мысалы, піләр, башқұрт, урус (орыс болса керек), черкес, дешті-қыпшақ және т.б. сол аймақта орналасқан уәләяттарды. Алайда, Жошы ол тапсырманы орындауды кейінге қалдырып, ордасына кетеді. Баласының бұл тірлігіне Шыңғыс хан қатты ашуланғаны соншалықты: «Оны көрместен, өлтіремін!» деп айқайлайды.

Одан кейін, Жошы сырқаттанады. Ол сырқатын сылтауратып, Тазиик (тәжік болса керек) уәләятынан қайтқаннан кейін әкесінің соңынан қуып жете алмай, өзінің әскери лагерінде (немесе ордасында) тұрақтап қалады. Оның орнына Жошы әкесіне аудан түскен олжадан бірнеше жүк жөнелтіп, бара алмағанына кешірім сұрайды.

Одан кейін де Шыңғыс хан бірнеше рет шақырту жібереді, бірақ Жошы сырқатын сылтауратып бармайды. Сол кездерде, «Манқұт» тайпасынан бір ер адам бар еді, ол Жошының ордасынан келіп-кетіп жүретін. Жошы науқас болса да, өзінің елді-мекенінен кетіп, бір жерден, екінші жерге көшіп-қонып, аң аулайтын тауға жетеді. Алайда бойында әлсіздікті сезген ол, әмірлерді аң аулауға жіберіп, өзі қалып қояды. Жаңағы адам (манқұт) аң аулап жүрген қарағұрым адамды көргеннен кейін, Жошы да солармен бірге екен деп ойлайды. Кейін Шыңғыс ханның құзырына барған кезінде, Жошының сырқаты жайында сұраған ханға, ол:

- «Сырқаты жайында хабарым жоқ, бірақ пәлен деген тауда аң аулап жүрген болатын» деп жауап береді.

Осы хабарды естігеннен кейін Шыңғыс ханның қаны басына көтеріледі. Жошы әкесінің сөзін құлаққа ілмей, әдейі қырсығып жүрген екен деп ойлайды. Ашуға мінген әкесі:

- Солай істеп жүрген болса, жынданған екен! - дейді. Сөйтіп, әскерлеріне Жошының ордасына қарай жүрулерін бұйырады. Екі баласы Шағатай мен Үгедейді алдыға жіберіп, өзі арттан келеді.

Осындай ала-сапыран болып жатқанда Жошының өлгені туралы қаралы хабар жетеді, мына жылы... (Парсы тіліндегі түпнұсқада осылай үш нүкте қойылып сөйлем үзіліп қалған делінген араб тіліндегі аудармасында).

Қаралы хабарды естіген Шыңғыс хан қатты қайғырады. Шындық анықталғаннан кейін, әлгі адамның сөзі құр жалған және жала екендігін түсінеді. Жошының келмей жүргені қырсыққаны емес, сырқат болғаны үшін екендігін біледі, және де, аң аулау күні оның аңға шықпағандығын да ұғады. Әлгі адамды өлім жазасына кесу үшін алып келуді бұйырады. Алайда оны таппай қояды.

Жошының ордасынан келіп жүрген сенімді елшілердің бекем сөздеріне қарағанда, Жошы отыз жасында немесе қырық жасында қайтыс болған. Осы сөз шындыққа жақын. Кейбіреулер оның жиырма жасында дүние салғанын айтады, бұл мүлдем қате.

Жошы мен Шыңғыс хан бақилық болғаннан кейін таққа отырған Қаған, Шынғысханның көзі тірісінде Жошыға тапсырған солтүстік уәләяттарды жаулап алу міндетін Жошының ұрпағына аманаттайды. Олар бұл міндетті әмірлердің көмегімен орындайды"1.


1Рашидуддин Фазлуллаһ әл-Һәмәдәни: «Жәмиъут Тәуәрих (Тәриху мәғул)». Парсы тілінен араб тіліне аударылған нұсқасы. 117-119 бет. Бәйрут-Ливан.

 

0 пікір