Жаулаушыдан жақтаушыға: Моңғолдар Исламды қалай қабылдады?
Жаулаушыдан жақтаушыға: Моңғолдар Исламды қалай қабылдады?
2 сағат бұрын 163
islam.kz

Ортағасырлық моңғол жаулаушылары тарихта ешкімге рақым қылмаған көшпелі жауынгерлер ретінде белгілі. Олар мұсылман өлкелерін ойрандап, қалаларды жермен-жексен етті, артында тек қырғын мен үйінділер қалдырды. Сондықтан да арада біраз уақыт өткен соң моңғол билеушілерінің Исламды қабылдауы көптеген тарихшылар үшін таңсық дүние болып көрінуі мүмкін, — деп жазады Хафса Адиль Чугтай.

Моңғол шапқыншылығынан тас-талқан болған Халифаттың күлінен жаңа мұсылман империясы бой көтерді. Бұл ұлы бетбұрыс Алтын Орда хандарынан басталып, Персиядағы моңғол билеушілері мен Илхандардың Исламға бет бұруымен жалғасын тапты.

Берке хан — Исламның алғашқы туын ұстаушысы

Шыңғыс ханның немересі, Жошының ұлы Берке хан (1209-1266) — Исламды қабылдаған алғашқы моңғол ханы саналады. Оның дінге келуі туралы деректер аз болғанымен, сарай маңындағы уәзірлері мен жақындарының да онымен бірге мұсылман болғаны және өз сенімдерін ашық ұстанғаны белгілі.

Моңғолдардың Айн-Жалут шайқасындағы жеңілісінен кейін, Берке хан әуелі Мәмлүк сұлтаны Құтызбен, кейіннен айбынды Бейбарыс сұлтанмен одақ құрды. Оның Хулагумен текетіресі біртұтас моңғол империясының бөлшектенуіне алып келді. Кейбір тарихшылардың пайымдауынша, Берке ханның араласуы және Хулагуды өзара қырқысқа тартуы — Исламның қасиетті жерлері Мекке, Мәдина және Иерусалимді Бағдаттың кебінен аман сақтап қалған еді.

Алтын Орданың мұсылмандық дәуірі

Берке ханнан кейін билікке келген Туда-Меңгу (1282-1287) мен Өзбек хан (1312-1341) Ислам дінін Алтын Орданың мызғымас негізіне айналдырды. Әсіресе, Өзбек ханның тұсында Ислам — мемлекеттік ресми дін мәртебесін иеленді. Француз зерттеушісі Мари Фаверо бұл туралы: «Бұл өзгерістер жай ғана саяси айла-шарғы емес, Шыңғыс хан идеологиясының шеңберінен шыққан жаңа әлеуметтік бірегейлік пен ұжымдық ынтымақтастықтың бастауы болды», — деп жазады.

Келесі онжылдықтарда Төрт Ұлы Ұлыстың үшеуі Исламды қабылдады. Хулагудың тікелей ұрпағы, Илхандар мемлекетінің билеушісі Ғазан хан (1295-1304) Исламды ресми дін деп жариялап, ақсүйектерді де осы жолға бастады. Бұл уақытта Қытайдағы моңғол билеушілерімен байланыс үзілген еді. Ғазан хан өзге мұсылман әулеттерімен қақтығысқа түсіп тұрғанына қарамастан, Ислам ғұламаларына ерекше құрмет көрсетіп, қамқорлық жасады.

Шағатай ұлысындағы дін үшін күрес

Үшінші болып Шағатай ұлысы Исламға бет бұрды, бірақ бұл үдеріс қиындықсыз болған жоқ. Тармашырын хан (1331-1334) мұсылман болғанда, буддизм мен тәңіршілдікті ұстанған моңғол ақсүйектері бұл шешімге қарсы шықты. Ханды «моңғол заңдарын (ясаны) тәрк етті» деп айыптап, өлтіріп тастайды. Тек Тоғлұқ Темірдің (1347-1360) тұсында ғана Ислам ұлыста толық үстемдікке ие болды. Деректер бойынша, ханмен бірге оның 120 мыңға жуық қол астындағы адамдары хақ дінге өткен.

Юань империясы

Төртінші моңғол мемлекеті — Юань империясы (қазіргі Қытай аумағы) Исламды қабылдамады және негізінен буддизм бағытында қалды.

Кейбір зерттеушілер моңғол хандарының Исламды қабылдауын «саяси немесе экономикалық пайда» деп күмәнмен қараса, Питер Джексон былай деп ескертеді: «Мұндай бетбұрысты «жаппай емес» деп немесе «шынайы бет бұрыс емес» деп бағалаудың мағынасы жоқ. Біз батыстық христиандық тәжірибеге сүйеніп, моңғол билеушілерінің де жүрегіндегі иманның шынайылығына төрелік айта алмаймыз» дейді ол.

Қалай болғанда да, Бағдат құлаған сәтте арада жүз жыл өтпей-ақ империяның батыс бөлігіндегі барлық моңғол билеушілері мұсылман болады деп ешкім болжай алмаған еді. Бұл ұлы бетбұрыс Ислам дінінің шығысқа қарай қанат жаюына және аймақтың бейнесін мәңгілікке өзгертуге септігін тигізді.


Дереккөз: Исламосфера

 

0 пікір