Жәннаттың өзі аңсаған сахаба - Сәлман әл-Фариси
Жәннаттың өзі аңсаған сахаба - Сәлман әл-Фариси
8 жыл бұрын 6190
Алау ӘДІЛБАЕВ

“Жәннат мына үш кісіні аңсайды: Әли, Аммар ибн Ясир және Сәлман”.

(Хадис)

Бұл нағыз Жаратушысын іздеп, шарқ ұрған адамның қиындыққа толы тамаша хикаясы.

Парсы жерінің Исфахан аймағындағы Рамахурмуз ауылында жарық дүниеге келген Сәлманның шын аты – Мәбаһ. Иран жерінде ол кездері отқа табыну кең тарап, Ислам шуағы әлі ол өңірге жете қоймаған еді. Жаратушыларын ұмытып қараңғылықта қалған ел Алланың нұрынан емес, тілсіз оттан медет тілеп, құлшылық жасайтын.

Сәлманның әке-шешесі де сол қоғамның дәстүрі бойынша өмір сүріп, отқа табынушылардан болатын. Әкесі сол өңірдің бай диқаншыларының бірі еді. Сәлман – оның дүниеде ең жақсы көретін жалғыз ұлы. Әке сүйіспеншілігі соншалықты баласын көзден еш таса етпей, сыртқа да шығармай үнемі үйінде ұстайтын. Сәлман үйлерінде жанып тұрған оттың қараушысы болатын. Көзін ашқалы отқа табынудан басқа еш нәрсені көрмеген Сәлман да қоғамының ата салтын ұстанып, үйіндегі жанып тұрған отқа көзінің қарашығындай қарайтын.

Күндердің бір күнінде әкесі тірліктеріне үлгермей жатқандықтан Сәлманды өзінің егістік жерінің біріне жіберуге мәжбүр болды. Баласына оны көзінің қарашығындай көретіндігін айтып, жұмысын бітіре салысымен үйге қайтуын құнттап ескертті. Егістікке бастап апаратын жол бойында христиандардың шіркеуі бар еді. Сәлман соның жанынан өтіп бара жатып, шіркеуде құлшылықтарын өтеп жатқан христиандарды көріп, таңғалады. Бұл не нәрсе екен деп көңілі ауған Сәлман шіркеуге кіріп, қас қарайғанға дейін христиандармен сұхбаттасты. Олар діндері жайлы көп мәлімет берді. Отқа табынудан басқа құлшылықтың түрін көрмеген Сәлманның христиандықты үйренуге аңсары ауып, бұл жаңа дінді қалай үйренуге болатынын сұрағанда, олар оның тараған жері Сирия екендігін айтты. Үйіне оралған бетте Сәлман әкесіне болған жайтты баяндап, әкесінің ұстанған дінінен жақсы дін тапқанын қуана жеткізді. Әкесі оған жаңылысқанын қанша айтса да Сәлман дес бермеді. Жар дегенде жалғыз баласынан айырылып қалудан қорыққан әкесі оның аяғына шынжыр салып үйге қамап тастады. Ақиқатқа көңілі ояна бастаған Сәлман ақырында үйінен қашып шығып, Сирияға жол тартты.

Оның тұла бойында хақ дінге деген құштар сезім пайда болып, сол дінді тапсам, көрсем деп ынтығып тұрды. Сирияға барған бетте бір шіркеудің монахына қызметке тұрды. Алайда бұл монах алаяқтың нақ өзі боп шықты. Адамдарды садақа беруге үгіттеп, жиналған садақаларды өзі қымқыратын. Көп уақыт өтпей монах қайтыс болды. Оның орнына келген монах өте дұрыс, құдайға берілген кісі еді. Ол өлмей тұрып Сәлманға өзінен кейін Мусулдағы бір монахқа барып, соған қол беруін өсиеттеп кетті. Мусулға барып алдыңғы ұстазы айтып кеткен монахты тауып алды. Дініне берік жан болғанмен ол да көп ұзамай қайтыс болды.

Сәлман Мусулдан Нусайбинге, ол жерден Амурияға барады. Сол жерде шынайы дінді ұстанушылардың ең соңғыларының бірі болған қарт монах бар еді. Ақиқатты іздеуге деген шексіз махаббат жетелеген Сәлман Амуриядағы монахқа қызмет жасап, күндерін құлшылықпен өткізеді. Қарт монах көз жұмарда оған соңғы өсиетін жеткізеді: “Балам, дәл қазір саған насихат ететін біз сияқты ешкім қалмады. Бірақ, Ибраһимнің діні бойынша жіберілетін соңғы пайғамбардың келетін заманы өте таяу. Ол – араб жерінен шығады. Сосын екі жағы тастақты құрма өскен жерге көшеді. Оның бойында пайғамбар екеніне куәлік ететін анық дәлелдер бар. Мен білетін үш айқын дәлелі мынау: Ол – садақа алмайды, бірақ сыйды қабыл етеді, екі иығының ортасында пайғамбарлығын дәлелдейтін мөрі бар. Шамаң келсе, сол жерге жет”. Осы тұста бұл монахтан басқа да Адамзаттың құтқарушысын ынтыға күткен адамдар бар болатын.

Әңгіменің жалғасын Сәлман әл-Фарисидің өз аузынан тыңдайық: “Монахтың айтқан жеріне бару үшін керуен іздедім. Ақырында сол жерге баратын керуен таптым да, олармен жол ақысын өтеуге келісіп, мені сол жерге апаруларын өтіндім. Қабыл етуін қабыл етті-ау, бірақ Уадил-Қураға келген кезде опасыздық жасап, мені құл деп бір яһудиге сатып жіберді. Барған жерімнің құрма толы бау-бақшасын көргенде, бәлкім, монахтың маған айтқаны осы жер болар деп сонда қалдым. Бір күні Бәни Қурайза яһудилерінен біреу мені сатып алып, Мәдинаға апарды. Ол жердің де құрма өскен керемет бау-бақшасы бар екен, мен сол жерде жұмыс істеп жүрдім. Алла елшісінен ешқандай хабар ала алмадым. Бір күні ағашқа шығып құрма жинап жатқанмын. Яһуди қожайыным ағаштың көлеңкесін саялап отырған. Күтпеген жерден оның туыс ағасының яһуди баласы шыға келді. Ашулы түрде: “Құдайдың қаһарына ұшырағыр. Бүкіл халық Қубаға кетіп жатыр. Меккеден келген бір адам пайғамбарлығын жария етіпті. Олар соған сеніп жатқан көрінеді”, – деді. Сол сәтте толқып кеткенім соншалық – қол-аяғым дірілдеп қалтырай бастады. Сәл болмаса талдан төмен қарай тіке қожайынымның үстіне құлап түсе жаздадым. Тез ағаштан лып етіп түстім де, әлгі адамға: “Не дейсің? Не деді? Бұл қандай хабар?” – дей беріппін. Қожайыным толқығанымды көріп, алақанының теріс жағымен мені салып кеп жіберді: “Сенің не шаруаң бар? Алдыңдағы ісіңе қара!”, – деді. Мен болсам күмілжіп, күбірлеп: “Ешқандай. Жай әншейін білгім келіп, сұрап едім”, – дедім. Сөйттім де қайта ағашқа шықтым. Ымырт үйіріле қолымдағы барымды жинап алып, Қубаға тартып тұрдым. Алла елшісі сахабаларымен бірге сұхбаттасып отыр екен. Мен оларға: “Сендер кедей жансыңдар. Мен садақа алатын жер іздеп жүр едім. Мыналарды сендер үшін әкелдім. Ал, кәне, дәмнен алыңдар”, – дедім. Алла елшісі (с.а.у.) жанындағыларға қарап: “Сендер жеңдер”, – деді. Өзі ауыз тимеді. Ішімнен “Монахтың айтқан бірінші белгісі” дедім. Ертеңіне тағы бардым: “Бұл садақа емес, сендерге арнаған сыйым, дәмнен алыңдар”, – дедім. Алла елшісі (с.а.у.) сахабаларға қарап “алыңдар”, – деді. Өзі де жеді. Ішімнен “екінші белгі де анықталды”, – дедім.

Бір күні сахабалардың біреуі қайтыс болды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жаназаға қатысып, Бақиу’л-Ғарқадқа (Мәдина мазараты) келді. Жанына барып сәлем бердім. Сосын арқа жағына барып, пайғамбарлық мөрін көруге тырыстым. Ол ниетімді сезе қойды. Онсыз да иықтары ашық болатын. Осылайша көзге ұрып тұрған пайғамбарлық мөрін көрдім. Үшінші белгі де дәл монахтың сан жылдар бұрын айтқанындай. Өзіме-өзім ие бола алмай айрықша толқып, құшақтап, мөрді сүйе бастадым. Алла елшісі (с.а.у.): “Тоқта, тоқта!”– деді. Мен кейін шегіндім. Содан кейін алдына отырдым да, басымнан кешкенімді түгелдей баян еттім. Ол қатты қуанды. Тіпті, бұл айтқандарымды сахабалардың да естуін қалады”.

Мұсылман болғаннан кейін оны Пайғамбарымыз сахабаларымен бірігіп иесінен сатып алып азат етті. Іздегеніне қолы жеткен Сәлман бүкіл ғұмырын хақ дінін жаюға атады. Оның алғаш қатысқан шайқасы – Хәндәқ шайқасы. Бұл шайқас – Ұхұт шайқасынан екі жылдан кейін болған маңызды қақтығыстардың бірі.

Мүшріктер одақтастарымен бірігіп он мың әскер жинап, Мәдинаға шабуыл жасады. Пайғамбарымыз қаланың ішінде тұрып қорғаныс жасағанды мақұл көрді. Алайда қалаға кіруге бөгет боларлық қорғанның болмауы, қаланы жаудан қорғап қалуда қиындық туғызды. Пайғамбарымыз сахабаларымен кеңесті. Сәлман Фарисидің ұсынысы қабылданып, қаланың айналасына ор қазылды. Қазылған ор шайқаста жеңіске жетуге басты себеп болғандықтан, бұл шайқас Хәндәқ (ор) деп аталған еді. Осылайша мұсылмандар Сәлман Фарисидің кеңесі мен Алланың жәрдемі арқасында маңызды жеңіске жеткен-ді.

Сәлман Пайғамбарымызбен (с.а.у.) бірге бұдан кейінгі шайқастардың бәріне қатысып, Алла расулының жанынан бір елі айырылмады. Пайғамбарымызды (с.а.у.) айналшықтап, маңынан шықпайтын. Түннің бір уағына дейін сұхбаттарын тыңдайтын. Пайғамбарымызға жақын жүргендіктен, оның ілім бұлағынан қалағанынша қанып сусындаған ғалым сахабалардың бірі болды. Пайғамбарымыз Сәлман жайлы: “Шын мәнінде Сәлман ілімге қанық болды” – деген еді. Хазірет Әли: “Оған бұрынғылар мен кейінгі келгендердің ілімі берілді. Оның іліміне пара-пар келер ілім жоқ” – деген болса, Муаз ибн Жәбәл сияқты білгір сахабалардың бірі қайтыс болмай тұрып айналасындағыларға ілімді Сәлман әл-Фарисиден (р.а.) алуды айтып кеткен болатын.

Хазірет Сәлман халифа Омардың тұсында Иранның алынуында маңызды рөл ойнады. Иран алынғаннан кейін хазірет Омар оны Мәдәин қаласына әкім қылып жіберді. Ол міндетін адал орындап, халықтың құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленді. Сәлман (р.а.) әкім болып тұрған күннің өзінде қарапайымдылығы мен кішіпейілділігінен танбады. Халифа Омар оны ерекше қадірлейтін. Ол ілімімен қоса тақуалығымен де ерекшеленді. Исламға кіру үшін қиын да қилы оқиғаларды басынан өткеріп, ақырында Ислам нұрына шомған бұл абзал тұлға жайлы Пайғамбарымыз: “Жәннат мына үш кісіні аңсайды: Әли, Аммар ибн Ясир және Сәлман” деп, оның о дүниедегі дәрежесінің жоғары екенін білдірген.

1 пікір
  • BQ
    Ма Шәә Алла! Алла Тағалада бізге осындай дәрежені нәсіп етсін!
    8 жыл бұрын