Алла Елшісі ﷺ әйел затын ерекше аялап, оларға қамқор болуды, мейлі ол ана, жары, не қызы болсын, әрдайым құрмет көрсетуді өсиет еткен. Тіпті, бақилық боларынан аз ғана уақыт бұрын, Қоштасу қажылығындағы соңғы құтпасында: «Әйелдерге жақсылық жасауды өсиет етемін», – деп үмбетіне ең маңызды аманатын қалдырды.(«Сахих Бұхари»)
Төменде Пайғамбарымыздың ﷺ көзі тірісінде-ақ «Жәннаттық» деп сүйіншілеген кейбір сахаба әйелдермен таныстырып өтсек (Алла олардан разы болсын):
1. Хадиша бинт Хууайлид (р.а.)
Пайғамбарымыздың ﷺ ең алғашқы жары, барлық балаларының (Зейнеп, Үммі Гүлсім, Фатима, Рұқия, Қасым, Таһир, Тайиб) анасы. Ол – Исламды ең алғаш қабылдап, Расулаллаға ﷺ шексіз сенген жан. Қиын-қыстау сәтте жарына демеу болып, махаббаты мен көмегін аямаған салиқалы әйелдің асыл үлгісі. Пайғамбарымыз ﷺ оны өмірінің соңына дейін ерекше сағынышпен еске алып: «Мен оның махаббатымен ризықтандырылдым» деген еді («Сахих Мүслім»). (إنِّي قدْ رُزِقْتُ حُبَّهَا)
Жәбірейіл періште (а.с.) ол туралы былай деген: «Уа, Алланың Елшісі! Хадиша келе жатыр. Ол келгенде Раббысынан және менен оған сәлем айт. Әрі оны Жәннаттағы маржаннан жасалған, ішінде ешқандай шуылы да, шаршауы да жоқ зәулім сараймен сүйіншіле» дейді. («Сахих Бұхари»).
2. Айша бинт Әбу Бәкір (р.а.)
Шыншылдың қызы Шыншыл (Сыдыққа бинт Сыдық) – мүміндердің анасы, Пайғамбарымыздың ﷺ ең сүйікті жары. Оның жабылған жаладан пәк екендігін жеті қат көктің үстінен Алла Тағаланың Өзі бекіткен. Ол Пайғамбарымыз қайтыс болғанда жас еді. Расулалладан ﷺ мол ілім алып, кейін 50 жылдай өмір сүрді. Шариғат үкімдерінің төрттен бірі осы анамыздан жеткен делінеді. Жәбірейіл періште (а.с.) жасыл жібек матаға салынған Айшаның бейнесін Пайғамбарымызға ﷺ әкеліп: «Бұл – сенің дүниедегі және ақыреттегі жарың», – деп сүйіншілеген болатын (Тирмизи, «Сүнән»).
3. Хафса бинт Омар (р.а.)
Әділ халифа Омар ибн Хаттабтың қызы. Ол өте тақуа, күндіз оразасын үзбейтін, түнде құлшылықта тұратын (соууама, қоууама) жан болған. Жәбірейіл (а.с.) Пайғамбарымызға ﷺ ол туралы: «Хафсаны қайта ал, ол – көп ораза ұстайтын, көп намаз оқитын жан және ол сенің Жәннаттағы жарың», – деп хабар берген (Табарани).
4. Мүміндердің аналары (р.а.)
Пайғамбарымыздың ﷺ дүниедегі барлық жары Жәннатта да онымен бірге болады. Алла Тағала олардың дәрежесін биіктетіп, «Мүміндердің аналары» деп атаған. Олар Жәннаттың ең жоғарғы мәртебесінде, Алланың Аршысына ең жақын «Уәсилә» дәрежесінде Пайғамбарымызбен ﷺ бірге болады.
5. Фатима әз-Зеһра (р.а.)
Пайғамбарымыздың ﷺ ең сүйікті қызы, «әкесінің жүрегі» және «үмму әбиһа» атанған асыл бөлшегі. Расулалла ﷺ: «Сен Жәннат әйелдерінің (немесе мүмін әйелдердің) ханымы болуға разы емессің бе?» – деп Фатиманы сүйіншілегенде, ол қуаныштан күлімдеген еді («Сахих Бұхари»). Оның жүріс-тұрысы мен болмысы Пайғамбарымызға ﷺ қатты ұқсайтын.
6. Сүмейя үмму Аммар (р.а.)
Ислам жолында ең алғаш рет азапқа ұшырап, шейіт болған жан. Әбу Жәһілдің қорлығына шыдап, иманынан таймаған Сүмейя анамыз бен оның отбасына Пайғамбарымыз ﷺ: «Сабыр етіңдер, уа, Ясир әулеті! Сендерге уәде етілген орын – Жәннат», – деген еді (Табарани).
7. Үммі Зүфәр (р.а.)
Тәні ауырса да, иманы берік болған қара нәсілді сахаба әйел. Ол қояншық (эпилепсия) ауруымен ауыратын. Бірде ол Пайғамбарымызға ﷺ келіп, шипа сұрағанда, Расулалла ﷺ: «Егер сабыр етсең – Жәннатқа кіресің, қаласаң – Алладан саған шипа сұрап дұға етейін», – деді. Сонда әлгі әйел: «Сабыр етемін, тек талып құлағанда үстім ашылып қалмауы үшін дұға етіңізші», – деп, Жәннатты дүниенің денсаулығынан жоғары қойған («Сахих Мүслим»).
8. Үммі Сүләйм (р.а.)
Әнәс ибн Мәліктің анасы – Рұмәйсә бинт Милхан. Пайғамбарымыз ﷺ: «Жәннатқа кіргенімде бір дыбыс естідім. «Бұл кім?» деп сұрағанымда, «Бұл – Милханның қызы Рұмәйсә» деп жауап берілді», – деген («Сахих Мүслім»). Ол – соғыстарда жаралыларға көмектескен, парасаты биік әйел еді.
9. Үммі Харам бинт Милхан (р.а.)
Үммі Сүләймнің сіңлісі. Пайғамбарымыз ﷺ оның үйінде түс көріп, мұсылмандардың теңіз арқылы жиһадқа шығатынын айтады. Үммі Харам сол жорыққа қатысуды сұрап, Пайғамбарымыз ﷺ оған дұға қылады. Кейін ол теңіз жорығынан оралғанда аттан құлап, шейіт болады. Пайғамбарымыз ﷺ оның Жәннатта патшалардай тақта отыратынын сүйіншілеген болатын («Сахих Бұхари»)1.
1Арабша мақаладан ықшамдап аударылды.