«ИСЛАМДЫ ҚАБЫЛДАУЫМА 5 НӘРСЕ СЕБЕП БОЛДЫ...»: европалық азамат өзінің мұсылман болуының себептерін паш етті
«ИСЛАМДЫ ҚАБЫЛДАУЫМА 5 НӘРСЕ СЕБЕП БОЛДЫ...»: европалық азамат өзінің мұсылман болуының себептерін паш етті
2 ай бұрын 2533 islam.kz/
Дайындаған А. Қасым

Әлеуметтік желіде батыс елінің азаматы өзінің Ислам дінін неліктен қабылдағанын түсіндірген видеосы кеңінен таралуда. Ол видеоүндеуінде өз шешімінің эмоцияға емес, нақты дәлелдер мен логикалық ой-тұжырымдарға негізделгенін айтады. Төменде оның Исламды таңдауына себеп болған бес себепті ұсынып отырмыз. 

1) Бірінші себеп: Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) 

«Ол жай ғана адам емес, тұтас бір қозғалыс еді" - дейді ағылшын азаматы.- Мен оның өмірін зерттедім. Оны пайғамбарлық келмей тұрып-ақ «әл-Әмин», яғни «Сенімді» деп атаған. Ол мейіріммен басқарып, кішіпейілділікпен өмір сүрді және биліктің буына ешқашан мас болмады. Оның өмірінде ешқандай жанжал да, қарама-қайшылық та жоқ. Тек жарияда да, жасырын кезде де өзгермейтін тұрақты мінез болды» - деп ағынан жарылды. 

2) Екінші себеп: Қасиетті Құран 

«Құран – өзгермеген және теңдессіз кітап. Сіз бүгін оның түпнұсқа арабша мәтінін оқи аласыз - дәл сол (баяғы кездегі) аяттар, сол ырғақ, сол хабар. Ол қайта жазылған жоқ, оның «екінші нұсқасы» да шықпады, ешқандай қарама-қайшылық кездеспейді. Бұл – миллиондаған адам жаттаған, лингвистикалық дәлдікке толы және ғалымдарды әлі күнге дейін таңғалдырып келе жатқан үлгілерді қамтыған кітап» дейді ол.

 3) Үшінші себеп: Жалғыз Жаратушы

«Исламда ешқандай шатасу жоқ. Троица (үштік), құдайлар драмасы немесе аспани иерархия деген ұғымдар жоқ. Тек жалғыз, мәңгілік, көзге көрінбейтін және абсолютті егемендікке ие бір ғана Құдай бар. Бұл қарапайымдылық - мен қатысқан кез келген философиялық дәрістен әлдеқайда әсерлі болды».

 4) Төртінші себеп: Соқыр сенім емес, ішкі логика

«Ислам сізден ақыл-ойыңызды тоқтатуды сұрамайды. Керісінше, сұрақ қоюға, ойлануға және білім іздеуге шақырады. Жаратушы – біреу, Оның серігі де, делдалы да жоқ. Құлшылық – тікелей жасалады және әрбір рәсімнің нақты мақсаты мен мәні бар». 

5) Бесінші себеп: Ғылым

«Бұл – ғылым пайда болмай тұрып-ақ бар болған ғылым. Құранда ғаламның кеңеюі, эмбрионның дамуы, судың тіршілік негізі екендігі және өсімдіктердің жынысы туралы микроскоптар мен телескоптардан ғасырлар бұрын айтылған. Әрине, Құран – ғылыми оқулық емес, бірақ оған мұқтаж да емес еді. Ол негізгі шындықты дәл көрсеткен».

Видеороликтің соңында европалық азаматы өз шешімін былай қорытындылайды:

«Сондықтан, мен бұл шешімге эмоцияның жетегімен келген жоқпын. Мен Исламды дәлелдерге сүйеніп қабылдадым» деп ағынан жарылды. 

Енді осындай таңданыстар мен мойындаулардан кейін біздің елдегі кейбір дінімізге қарсы болып жүрген жерлестеріміз не дер екен? Олардың еш нәрсенің мәніне бармай жатып: "Ислам анадай, Ислам мынадай, арабқұл" т.б. деп тон пішулеріне не деуге болады? Ислам дініміз ақылға, сезімге және түйсікке сөйлейтін тәңірлік ұлы мәдениет екенін қашан түсінеміз? Оның айтқан нәрсесін ақыл мақұлдап, жүрек қабылдайды. Бұған күн сайын асыл дінімізге өтіп жатқан батыстың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының таңдаулары куә десек артық айтқандық болмаспыз. Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин! 

*Мақаладағы бес себеп европалық азаматтың өз аузынан алынды, төменде сол жайында әлемге жар салып жатқан бейнебаянды да бөлісіп отырмыз, тауфиқ және һидаят Алладан: 

0 пікір