Мұсғаб ибн умәйрді Мәдинаға жіберуі
Уруа ибн Зубәйр (р.а.) былай дейді: «Ансарлар Аллаһ расулының сөздерін естіп, уағыздалған ақиқаттар жүректеріне сіңіп иман келтірді. (Бұдан бұрын да айтылғанындай, Аллаһ расулының «Бірінші Ақабада» сол алты адаммен кездесуі және олардың келесі жылғы қажылық кезінде қайтадан жолығуға сөз беріп, қауымдарына қайтуы ансарлардың иман келтіруіне себеп болған). Сол алты адам Пайғамбарымызға:
«Бізге бір адам жібер, халықты Аллаһтың кітабына сенуге шақырсын. Бұл халықтың Құранға тезірек ден қоюына септігін тигізеді» деген хабар жібереді. Бір риуаят бойынша, бұл хабарды жеткізгендер – Муаз ибн Афра мен Рафи ибн Мәлік (р.а.). Сонда Пайғамбарымыз Абдуддарұлдарының бауыры Мұсғаб ибн Умәйрді жібереді. Мұсғаб Бәну Ғанәм тайпасынан Әсәд ибн Зүрараның үйіне түседі. Олармен сұқбат құрып, Құраннан аяттар оқиды. Нәжжарұлдары Әсәд ибн Зүрараға қысым көрсеткендіктен, Мұсғаб ол жерден кетіп, Муаздың үйіне барады. Сағыд ибн Муаздың рухани қолдауына сүйеніп, талмай, тайсалмай, халықты ұдайы иманға шақырады. Хақ тағала сол арқылы ансарларға тура жолды нәсіп еткен еді. Ансарларда мұсылмандықты қабылдамаған бірен-саран отбасыны есепке алмағанда, бетке ұстар адамдарының өзі мұсылман болған еді. Амр ибн Жәмух та Исламды қабылдап, осылайша пұттарға деген сенімнің тамырына балта шабылған еді. Мұсғаб ибн Умәйр Аллаһ расулына қайтып оралады. Осыдан бастап Мұсғаб (р.а.) «Муқри», яғни «Құран үйретуші» деген атқа ие болады». (Ибн Жәузи, Сыфатус-сафуа 1/391).
Пайғамбарымыздың Әбу умаманы маңайдағы халыққа мұғалім ретінде жіберуі
Әбу Умама (р.а.) былай дейді:
«Ардақты елші (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Аллаһқа шақыру, Исламның негіздерін үйрету мақсатында мені өз еліме жіберді. Мен Аллаһ пен расулына шақыру барғанда, олар түйелерін сауып, сүтін ішіп отыр екен. Мені көрген кезде:
- «Амансың ба, Судай ибн Ажлан! Естуімізше, сен де дініңнен шығып, әлгі адамның жағына өтіпсің?» – деді.
- «Жоқ, мен бар болғаны Аллаһ пен расулына иман еттім. Расулаллаһ мені сендерге Исламды түсіндіруге жіберді», – дедім. Сол кезде бір табақ қанды ортаға қойып жей бастады. Маған:
- «Сен де кел, Судай», – деді. Мен:
- «Мен мұны харам еткен пайғамбардан келіп отырмын, тек Аллаһтың атымен сойғандарың ғана адал», – дедім.
Олар:
- «Сонда ол не деп үйретеді?» – деп сұрағанда, мен былай дедім:
- «Оған бұл мәселеде мына аят түсті:
«Сендерге мыналар харам етілді: Өлексе мал, қан, шошқаның еті, Аллаһтан басқаның атымен сойылған, (жаны шықпастан бұрын үлгеріп, шартына сай түрде сойылғандардан басқа), буынып өлген, соғылып өлген, биіктен құлап өлген, сүзілген немесе жыртқыш аңдар талап кеткен малдардың еті, пұттарға арнап сойылған малдардың еті және оқтармен пал ашу харам етілді». (Маида, 5/3).
Оларды Исламға иман келтіруге шақыра бастадым, бірақ олар қашқақтап, бас тартумен болды.
- «Бір жұтым су беріңдер, шөлден кеуіп барамын», – деп, су сұрағанымда,
- «Өлсең өліп кет, саған су бермейміз», – деген жауап естідім. Сәлдем бар еді, аптап ыстықтан қорғанып, сонымен басымды шымқап алдым да, құмға жантайдым. Сол күйі мызғып кетіппін. Түсімде біреу бір шыныаяқпен су ұсынды. Дәмі өзгеше екен, басыма бірақ көтердім. Іле оянып кеттім. Содан кейін ешқашан шөлдеген емеспін». (Табарани, әл-Муғжамул-кәбир 8/279 (8074).
"Сахабалар салған сара жол".