Қазіргі күндегі баскетбол әлемінің қайталанбас дара тұлғасы болып саналатын Кәрім Абдулжаппар (бұрынғы аты Льюис Алкиндор) (Lewis Alkindor ) 1947 жылдың 16-Сәуірінде дүниеге келген болатын.
Атақты баскетболист Вилт Чамберлэйннің (Wilt Chamberlain) 1960-1973 жылдар аралығындағы 31419 санынан асып түсіп, рекордты бұзып, 1984 жылы ЮНЕСКО-ның (GUINNESS) "Рекордтар" кітабына кірді.
Алкиндор Ислам дініне кіріп, мұсылман болғандығын жариялап, атын Кәрім деп өзгерткенде, бүкіл Америка халқы түгелдей дүрліккен. Алайда Кәрім алған бағытынан мойын бұрмады, тіпті, Америкадағы көптеген мұсылмандардың "Ислам – бейбітшілік!" деп ұрандап, көшеге шығуларына да тайсалмай қатысты.
Кәрім Абдулжаппардың «ең үлкен баскетболист» атануының да өзіндік жөні бар. Басқа спортсмендер ең көп 4-5 жыл шыдайтын. Американың профессионалдық лигасында ол тура 18 жыл бойы озық келеді. Сонымен қоса, баскетбол лигасында осыншама ұзақ уақытқа шыдаған баскетболист болған емес әрі «Ең бағалы ойыншы» атағын да алты рет қатарынан жеңіп алған. Оның сансыз атақтарының арасында "баскетбол тарихының санаулы патшасы", әрі "ең ұзын" деген атақтары да жетерлік.
Қай жерде де өз ерекшелігімен көзге түсетін Кәрімге Ислам дінімен табыса қою оңай болмапты.
Сұрақ: - Мұсылман болуыңызға түрткі болған не?
Абдулжаппар: - Бұл жайлы кеңірек зерттеулер жүргізгенім рас. Кішкене кезімде тәрбиеме қатты көңіл бөлген шешем мені Нью-Йорк қаласының таңдаулы мектептерінің бірі католик мектебіне беріпті. Алайда мектептегі берілген білім мен үшін тіпті шындыққа жанаспайтындай көріне беретін. Атап айтқанда, хазірет Иса жайлы айтылғандар мен менің өз өмірімнің бір-біріне ешқандай қатысы жоқ еді.
Сұрақ: - Неліктен?
Абдулжаппар: - Өйткені, айтылғандардың бәрін сол күйі тұтастай қамти қоймасам да, шын өміршең еместігін іштей мезетінмін. Кейін өсе келе сол кездегі діни оқытылғандардың көбінің шындықтан алыс екендігіне көз жеткіздім.
Сұрақ: - Исламмен табысуыңыз осыдан кейін басталған ғой, сірә?
Абдулжаппар : - Иә, христиандықтан өстіп күн сайын алыстауым, мені Ислам дініне күн сайын жақындатыпты. Калифорния университетінің студенті болып жүрген кезімде Херманн Хессенің (Hermann Hesse) "Сиддхарта" (Siddhartha) еңбегін оқып, әркімнің өз еркін өзі билеуі керектігін жақыннан ұғындым.
Исламды таңдауымдағы тағы бір негізгі жайт, Малколм Х-тің автобиографиясы еді. Өйткені МалколмХ Америкадағы қара нәсілділерді қызғыштай қорғаған әрі солардың еркіндігі үшін күрескен кісі болатын. Оның Исламды таңдап, атын Малик бин Шахбаз деп өзгертіп, мұсылман болуы маған қатты әсер етті.
Мені Исламмен табыстырған маңызды себептердің тағы біреуі – исламның бұрынғы өткен бүкіл көне кітаптар мен бүкіл пайғамбарларды түгелдей мойындауы болатын. Алғашқыда Құранды алып, кейіннен кейбір Ислам ойшылдарының кітаптарын оқып, еңбектерімен таныса бастадым. Оқыған сайын көкірек сарайым ашыла түскендей күй кештім. Ислам дінінің ешкімді алаламайтын, бөліп-жармайтын, тең құқықты дін екендігіне көз жеткіздім.
Сұрақ: - Бүгінгі, ертеңгі күніңіз жайлы, Ислам жайлы ендігі ойларыңыз?
Абдулжаппар : - Ендігі жерде Құран мен пайғамбарға шын ықыласыммен берілген адал бір мұсылман болсам деймін. Дінімнің адам баласына көтере алмайтын жүкті жүктемейтіндігіне сенем. Әрбір құлшылықтың пайдасының мол екендігіне сенемін. Менің ойымша Ислам – әртүрлі жағдайға бейімдетілген көркем дін. Бірақ бұдан әлем хабарсыз.