Ислам дінін қабылдаған 20-ші ғасырдың 5 тұлғасы
Ислам дінін қабылдаған 20-ші ғасырдың 5 тұлғасы
1 жыл бұрын 5216
Дайындаған Абдусамат Қасым

1) Леопольд Вайс (Мұхаммед Әсәд). 1900-1992 жылдары аралығында өмір кешген австрия-неміс журналисті, ойшыл, жазушы, саяси теоретик әрі дипломат. Ұлты - еврей. Львовтық заңгердің ұлы. Анасы еврей банкир отбасынан шыққан. Кішкене күнінен еврей дінін жетік меңгеріп алған Леопольд, 13 жасында-ақ Танах, Мишня және Гемара атты еврей дінінің іргелі-негізді кітаптарын талдай алатын болған. Ер жеткеннен соң жоғарғы оқу орнына түсіп, өнер тарихын оқиды, кейіннен Берлинге кетіп журналистика мамандығын таңдайды. Көп ізденістен кейін 1926 жылы, 26 жасында Құран кітабының аудармасын оқып, отбасымен бірге Ислам дініне өтеді де есімін «Мұхаммед Әсәд» деп өзгертеді.

1932 жылы Үндістанға барып, Пәкістан Ислам Респуликасының тәуелсіздігі үшін жүргізілген мұсылмандардың күресіне қосылады, онда ол Мұхаммед Иқбал сынды пәкістандық мұсылман ұлттық ағартушыларымен танысады. Пәкістан мемлекеті құрылғаннан кейін 1947 жылы Пәкістан елінің Ислам даму депортаментін және елдің конституциясын әзірлеу комиссиясын басқарады. Кейіннен Пәкістан елінің БҰҰ-дағы (ООН) өкілі қызметінде болады. 

20 ғасырдың орта шеңінде Нью-Йорк қаласында «Меккеге жол» (1954 ж.) атты естелік кітабын жазады. Бұл кітабы бестеллерге айналып, әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Кейіннен өзінің 17 жылдық зерттеуінен кейін «Құран жолдамасы» (Message of the Qur'an) деген атпен қасиетті Құран кітабын ағылшын тіліне аударады. Құранның бұл аудармасы әлі күнге дейін ағылшын тілді мұсылмандар арасында оқылып келеді. Мұхаммед Әсәд - неміс, ағылшын, француз, парсы және араб тілдерін жетік білген. Көзі тірісінде Каирдағы әл-Әзхар университетінің профессоры атағын алған.

Бүгінде Венадағы БҰҰ штаб-пәтерінің негізгі кіреберісі алдындағы алаң және Львов қаласындағы (Украина) 2015 жылы ашылған Ислам орталығы Мұхаммед Әсәдтің есімімен аталады.

Мұхаммед Әсәд 1992 жылы, 91 жасында дүниеден өтеді. Қабірі Гранада (Испания) қаласындағы мұсылман мазаратында орналасқан. Рухы пейіште шалқысын!

2) Жак-Ив Кусто (Jacques-Yves Cousteau).  ХХ ғасырдың атақты адамдарының бірі. 1910-1997 жылдары аралығында өмір сүрген әлем мухитын зерттеуші, фотогроф, өнертапқыш әрі режиссер. Ұлты - француз. Көптеген кітаптар мен деректі фильмдердің авторы. Мұсылмандардың арасында оның мұсылман болғандығы жайында ақпарат кең етек алған. Оның мұсылман болуына Құран Кәрімнің «Фұрқан» серісінің 53 аяты себеп болған деседі. Анығырақ айтқанда, Гибралтар бұғазындағы ашық су кеңістігін зерттеп жүріп Кусто, ғылыми тұрғыдан түсіндіруге болмайтын таңғажайып фактіге куә болады. Ол бір-бірімен араласпайтын екі су қабатын байқайды. Екі түрлі судың ортасында бейнебір пленкамен бөлінгендей айқын бір шегара барын анықтайды. Кейіннен француз мұсылман ғалымы Морис Букейге көргенін баяндап берген кезде, Морис Букей оған Құранның Фұрқан сүресінің 53-аятын оқып береді, онда Кустоның сауалына жауап табылған еді: «Ол (Алла) екі теңізді біріктірді: бірі - жағымды, тұщы, екіншісі - тұзды, ащы. Және екеуінің арасына бөгет пен алынбайтын тосқауыл қойды». (Құран, "Фұрқан" сүресі, 53 аят). 

Екі түрлі теңіздің араласпайтындығы жөнінде «Рахман» сүресінің 19 бен 20 аяттарында да ашық айтылған: «Ол (Алла) екі теңізді бір-бірімен кездессін деп, қоя берді. Екеуінің арасында бөгет бар. Бірі екіншісіне өтпейді (яғни, бір-бірімен араласпайды)».

Құран аяттарын оқығаннан кейін таңданысын жасыра алмаған Кусто Құранның, шынмәнінде де Құдай сөзі екендігін мойындағандығы рас. Алайда, дәл кәлима келтіріп, өзінің мұсылман дініне өткендігін ашық білдірген сөзі еш жерде кездеспеген. Жан-Ив Кусто 1997 жылы инфарктан қайтыс болады. Жерлеу рәсімі Христиан дініне сай атқарылады. Осыған қарап та оның мұсылман дінін қабылдағандығына күмәнмен қараушылар қатары аз емес. 

3) Мұхаммед Әли (Классиус Клей)ХХ ғасырдың жарқын мұсылман тұлғаларының бірі - Мұхаммед Әли. 1942-2016 жылдары аралығында өмір сүрген американдық кәсіби бокс шебері және қоғам белсендісі, қоғам қайраткері. Жұрт оны «Ең Ұлы» деп атайтын. Мұхаммед Әли 20 ғасырдың ең маңызды спорт қайраткерлерінің бірі болып саналады және әлем оны «барлық уақыттың ең ауыр салмақтағы ең ұлы боксшы» ретінде таниды. 18 жасында алтын жеңіп алып Олимпияда чемпионы атанған. 1961 жылы мұсылман дініне өтеді. 1964 жылы бұрынғы есімінің құлдарға тән есім екендігін айтып, есімін «Мұхаммед Әли» деп өзгертеді. Осылайша бүкіл мұсылман жұртшылығының мақтанышына айналады. 40 жасында Мұхаммед Әлиде паркинсон сырқаты анықталып, онысы жылдан-жылға өршиді, ақыры содан 2016 жылы дүние салады. Оның өлімі бүкіл әлемді тебіренткен еді. Жаназа намазы Кентуки штатындағы «Еркіндік залында» өтті. Ұлы боксшыны соңғы сапарына шығарып салуға мыңдаған атақты жұлдыздар мен лауазым иелері келген болатын. Мемориалын бүкіл әлем бойынша бір миллиардқа жуық адам тамашалаған екен. Қабірі «Кейф Хилл» мазаратында орналасқан. Құлпытасына Мұхаммед Әлидің мына бір сөзі келтірілген: «Басқаларға қызмет ету - бұл аспандағы пәтеріңіздің жалдау ақысы». Жаны жәннәтта болсын! 

4) Кэт Стивенс (Юсуф Ислам). Кэт Стивенс (1948 жылы 21 шілдеде дүниеге келген, Лондон) - 20 ғасырдың атақты ағылшын әншісі, композитор, көптеген әндердің авторы. Ол өзінің әншілік тарихында 100 миллионнан астам ән жазбаларын сатқан және екі миллиардтан астам стримге ие. Алғаш рет Марокко елінде жүріп азан үнін естиді. "Ол не?" деп сұраған кезде оған «Құдайға арналған ән» деп түсіндіреді. Сонда ол «Құдайға арналған әнді ешқашан естіген емеспін. Мен ақша жайында, атақ, даңқ, күшке арнаған өлеңді естігенмін. Ал Құдайға арналған әнді бірінші естуім» дегені бар.

1976 жылы Кэт Стивенс Малибу жағалауында шомылып жүріп, тұншығады, сонда өлім мен өмір арпалысы сәтінде: «Уа, Құдай! Егер қазір мені құтқарсаң, мен саған қызмет ететін боламын!» дейді. Сол мезетте бірден толқын пайда болып, оны жағаға шығарып тастайды. Оның Құдай жолындағы саяхаты осылай басталған. Сол оқиғадан кейін Құдайды іздеп, әлемдік діндерді зерттей бастайды. Ақырында ағасы Палестинадан қайтқан сапарында оған Құранның ағылшын тіліне аударылған аудармасын алып келіп береді. Құранды оқығаннан-ақ қасиетті аяттың мазмұны оның жанына жағып, Исламға деген қызығушылығы ашылады. Соның нәтижесінде 1977 жылының желтоқсан айында мұсылман дініне өтеді. Артынан есімін «Юсуф Ислам» деп өзгертеді.

Мұсылман дініне өткеннен кейін әншілік кәсібін тастап, өзін Исламды зерттеуге арнайды. Әндерінен түсіп тұрған табысын қайырымдылыққа және Лондондағы мұсылман жамағаттарына қарасты оқу-ағарту орталықтарына жұмсап отырады. 1983 жылы және одан кейінгі жылдары елдің бірнеше жерінде "Бастауыш Ислам мектептерін" ашады. 1992 жылы «Ұлыбритания Мұсылман мектептері ассоцияциясы» деп аталатын қайырымдылық ұйымының негізін қалайды. Сондай-ақ, Африкадағы, Балкандағы және Индонезия мен Ирак елдеріндегі мыңдаған жетім-жесірлерге жәрдем беретін «Кішкентай мейірім» атты қайырымдылық ұйымын құрады. Юсуф Ислам әншілік өнерін де түбегейлі тастамайды. Біраз жылғы үзілістен кейін әншілік жолын қайта жандандырып, бүгінде көбіне діни өлеңдер айтумен айналысады.

Білім мен гуманитарлық саласына сіңірген еңбегі үшін 2005 жылы «Глостершира» университеті оған «докторлық» дәрежесін береді. Сондай-ақ, Ислам мәдениеті мен Батыс мәдениетінің арасында түсіністік жарата алғаны үшін де оған «Эксетер» университетінің алдыңғы қатарлы докторлық дәрежесі беріледі. Көптеген ән жазбалары мен бірнеше кітап аворы. Бүгінде жасы 75-ке келген Юсуф Ислам (Кэт Стивенс) алты баланың әкесі, әйелі Фаузия Мубаракпен 1979 жылдан бері ерлі-зайыпты. Лондон қаласында өмір кешіп жатқан жайы бар. 

5) Малкольм Икс (әл-Хадж Мәлик әш-Шәбәзз). 1925-1965 жылдары өмір сүрген американдық мұсылман, құқыққорғаушы, қоғам белсендісі әрі аратор.

Кішкене күнінен жетім қалған Малкольм Литтл әркімнің есігінде жүріп күнелтеді. Сөйтіп жүріп, көптеген қылмысқа барады. Ақырында ұсталып, 1946 жылы 8-10 жылға қамалады. Түрмеде жазасын өтеп жүрген кезінде «Ислам ұлты» (Нация Ислама) атты ұйым мүшелерімен танысып, ұйымға қабылданады. Мұсылмандықты қабылдағаннан кейін есіміндегі «Литтл» тіркесін алып тастап, оның орнына «Икс» тіркесін қосады. 1952 жылы мерзімінен бұрын босатылған ол, Ислам ұлты ұйымының ең жарқын көсемдерінің біріне айналады. Ұйымның аясында 12 жыл бойы АҚШ-тағы қара нәсілділердің құқықтарын қорғау жолында көп тер төгеді. 1960 жылы Малкольм Икс «Ислам ұлты» ұйымының принциптеріне келіспей, ұйымның бас көсемі Элейдже Мұхаммедтен көңілі қалады.

Меккеге жолы түсіп, қажылық парызын өтеуге барған ол, қасиетті мекенде ұлты әртүрлі мұсылмандармен кездесіп, мұсылмандық тек қара нәсілділерге ғана емес, ақ нәсілділерге де тән дін екендігін және Ислам адамдарды нәсілге бөлмейтіндігін, бір сөзбен айтқанда шынайы Исламды көзбен көріп, құлақпен естіп қайтады. Келгеннен кейін шынайы Исламмен етене танысып, ұйымнан бөлініп кетеді. Сөйтіп Сунниттік Ислам жолын дұрыс көреді. Өз алдына «Мұсылман мешіті» деген ұйым құрады. Оның артынша «афроамерикандық бірлігін» ашады. Бірақ 1965 жылы, ақпан айының 21 жұлдызында Нью-Йорк қаласында «Ислам ұлты» ұйымының үш мүшесі тарапынан өлтіріледі. Малкольм Икс қара нәсілділер мен мұсылман қауымдастығының назарында қоғамда «нәсілдік әділеттілікті орнату» жолындағы бірегей күрескер ретінде танымал. Қазіргі таңда АҚШ-та арнайы «Малкольм Икс күні» деген ресми мейрам бар. Бұл мейрам ресми түрде аталып өтіледі. «Малкольм Икс» күнінде АҚШ-тың бірнеше қалаларында Оның есімі дәріптеліп, сіңірген еңбегі айтылады. Бүгінде америкадағы жүздеген мектеп Оның есімін алған.

Қорытынды

ХХ ғасыр жалпы адамзатқа, соның ішінде мұсылмандарға өте жемісті ғасыр болды деп есептеймін. Аталмыш ғасырда Ислам діні жаңа көйлек киіп, мұсылмандар арасынан көптеген дін ғұламалары мен ойшылдар және көптеген жарқын қоғам қайраткерлері шықты. Бұл ғасырда Ислам деген, тек дәрет, намаз ғана немесе Ислам діні христиан дініндегідей мешіттерге қамалып, дүниеден безу емес, Ол - өмірдің барлық саласын қамтитын әрі заманнан қалыспайтын үлкен бір алып мәдениет екендігін бүкіл әлем, соның ішінде Батыс елі білді. Әрине, Исламның осынша танылып өркендеуі, бірінші - Алланың, екінші бүгінгі мақаламызда танытылған тұлғалар секілді, адамзатқа Исламның жарқын жүзін көрсете білген көптеген мұсылман қайраткерлерінің арқасы десек артық айтқан болмаспыз. Алла олардан разы болсын! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

0 пікір