Ислам әлемінің үздік хадисші ғалымы - Имам әт-Тирмизи
Ислам әлемінің үздік хадисші ғалымы - Имам әт-Тирмизи
7 жыл бұрын 10675
Р.С. Мухитдинов, филология ғылымдарының кандидаты
Имам әт-Тирмизидің өмірбаяны мен еңбектері (миләди бойынша 824-892/ һижри бойынша 200-279)

Имам әт-Тирмизи һижра жыл санауы бойынша 200 жылы (кей деректерде 209 жылы) Тирмиз (қазіргі Өзбекстанда орналасқан) қаласында дүниеге келген. Толық аты-жөні – Әбу Иса Мұхаммед ибн Иса ибн Сәура ибн Муса ибн әд-Даххак әс-Сәләми әт-Тирмизи, асылы Мәру қаласынан. Атасы Мәру қаласынан Тирмиз қаласына қоныс аударған. Имам әт-Тирмизидің қартайған шағында көзі көрмей қалған. Һижраның 279 жылы ражаб айының 13 күні Тирмиз қаласындағы Буғ деген ауылда дүние салған [1, 9 б.].

Имам әл-Хафиз Ибн Хажар әл-Асқаләни "Тәһзибу әт-тәһзиб" атты кітапта имам әт-Тирмизи туралы: "Ол – имамдардың бірі. Елдімекендерді аралап, хорасандық, ирақтық және хижаздық көптеген ғалымдардан хадистерді естіген", – деген [2, 344 б.]. Өзі өмір сүрген ғасырдағы Шам мен Мысыр елінен басқа Ислам әлемінің барлық ғылым орталықтарына сапар шеккен.

Имам әт-Тирмизидің ғылымдағы алғашқы ұстаздарының бірі – Әбу Жағфар Мұхаммад ибн Жағфар әс-Симнәни (һижраның 220 жылы қайтыс болған).  Сонымен қатар Тирмиз қаласындағы басқа да ғалымдардан тәлім алған. Одан кейін Ислам мемлекетінің Бағдад, Куфа, Басра, Мекке мен Мәдина сияқты ғылыми орталықтарын аралап, білімін жетілдірген, хадистер жинақтаған.

Имам әт-Тирмизидің ұстаздары

Имам әт-Тирмизи өз заманындағы көптеген ғалымдардан тәлім алған және хадис жинақтаған. Мысалы, Қутайба ибн Сағид әс-Сәқафи, Исхақ ибн Муса, Махмуд ибн Ғайлян, Сағид ибн Абдур-Рахман, Мухаммад ибн Башшар, Али ибн Хужр, Ахмад ибн Маниғ, Мухаммад ибн әл-Мусәннә, Суфиян ибн Уакиғ, Мухаммад ибн Исмағил әл-Бухари, Исхақ ибн Раһауайһи, Мухаммад ибн Амр әл-Бәлхи және басқа да көптеген ғалымдардан тәлім алған. Оның атақты ұстаздары ретінде имам әл-Бұхариді, имам Муслимді, имам Әбу Даудты және Исхақ ибн Раһауайһиді атауға болады.

Имам әт-Тирмизидің шәкірттері: Ал имам әт-Тирмизидің өзінен Мухаммад ибн Ахмад ибн Махбуб әл-Мәруази, Әбу Бәкір Ахмад ибн Исмағил әс-Самарқанди, Али ибн Омар әс-Самарқанди, Ахмад ибн Юсуф ән-Нәсәфи, Әсәд ибн Хумәйда ән-Нәсәфи,  Әбу Жағфар Мухаммад ибн Ахмад ән-Нәсәфи, Дауд ибн Наср әл-Бәздәуи, Һәйсәм ибн Куләйб әш-Шәши және басқа көптеген ғалымдар тәлім алған, хадис риуаят еткен.

Имам әт-Тирмизи туралы ғалымдардың көзқарастары: Имам әт-Тирмизидің "Жәмиғ әт-Тирмизи" және "Сунән әт-Тирмизи" деген атпен танымал болған хадистер жинағы туралы ғалымдардың жағымды пікірлері өте көп. Солардың кейбіріне тоқталсақ. Имам әт-Тирмизи өзінің бұл кітабы туралы: "Бұл кітапты құрастырып шыққаннан кейін оны Хижаздың ғалымдарына ұсындым, олар бұған разы болды. Ирақтық ғалымдарға ұсындым, олар да разы болды. Хорасан ғұламаларына ұсындым, олар да разы болды. Кімде кімнің үйінде осы кітап бар болса, оның үйінде сөйлеп тұрған Пайғамбарбардай болады", – деген [3, 154 б.].

Ибн Әсир "Жәмиғ әл-усул" атты еңбегінде: "Оның Сахихы – ең жақсы, ең пайдалы, ең жақсы реттелген әрі хадистері ең аз қайталанған кітап. Бұл кітапта басқа кітаптарға қарағанда мазһабтардың пікірлері мен дәлелдері, хадистердің сахихтық, дағифтық, ғарибтық дәрежесін анықтаулары және жарх пен тағдил де көбірек қамтылған", – деген [4, 27 б.].

Мухаммад ибн Исмағил әл-Бұхари: "Сенің менен алған пайдаңа қарағанда мен сенен көбірек пайда алдым", – деген [2, 345 б.]. Имам әз-Зәһәби "Сиәр әл-ағләм ән-нубәлә" атты еңбегінде имам әт-Тирмизи туралы: "Хафиз, ілімді сақтаушы, білікті имам" және "Жәмиғ" кітабы оның имамдығының, есте сақтау қабілетінің, дінді терең түсінетіндігінің дәлелі", – деген [5, 270 б.]. Омар ибн Ахмад ибн Аллак әл-Мәруази: "әл-Бұхари қайтыс болғанда оның артында Хорасанда ілім мен зуһдте Әбу Иса секілді адам қалмаған еді", – деген [6, 154 б.]. Сунән кітабын бізге жеткізуші рауилер: Әбу Жағфар ибн әз-Зубайр "Барнамиж" атты кітапта Сунан әт-Тирмизиді одан алты адамның риуаят еткенін айтқан. Олар: "Әбу әл-Аббас Мухаммад ибн Ахмад Махбуб, Әбу Сағид әл-Һәйсәм ибн Куләйб әш-Шәши, Әбу Зәр Мухаммад ибн Ибраһим,  Әбу Мухаммад әл-Хасан ибн Ибраһим әл-Қаттан, Әбу Хамид Ахмад ибн Абдуллаһ әт-Тәжир және Әбу әл-Хасан әл-Фәззәри.

Имам әт-Тирмизидің еңбектері

1. Имам әт-Тирмизидің ең атақты еңбегі – "Сунан әт-Тирмизи" немесе "Жәмиғ әт-Тирмизи" деген атпен танымал хадистер жинағы. Бұл еңбек тек қана хадис саласында емес, сонымен қатар Ислам дініндегі ең негізгі кітаптардың бірі. Ол хадис жинақтарының арасындағы ең танымал алты жинақтың қатарына кіреді. Имам әт-Тирмизи бұл кітаптағы хадистерді фиқһ ғылымының тараулары негізінде жинақтаған және хадистердің дәрежелерін де баяндап кеткен. Бұл хадис жинағында 3956 хадис бар. Ибн Хажардың имам әт-Тирмизиден жеткізген риуаятында имам әт-Тирмизидің Жамиғ әт-Тирмизи кітабын һижраның 270 жылы құрбан айт күні (зул-хижжа айының 10 күні) аяқтаған [2, 389 б.].

2. Әш-Шәмәйл әл-мухаммадия. Имам әт-Тирмизи бұл кітапта Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) мінез-құлқына, әдебіне, жүріс-тұрысына, күнделікті жасайтын амалдарына қатысты 397 хадисті жинақтаған және оларды 55 тарауға бөлген. Бұл еңбек сира (Мұхаммед пайғамбардың өмірбаяны) кітаптарының қатарына жатады.

3. Иләл әт-Тирмизи әл-кәбир. Имам әт-Тирмизи  бұл еңбекте хадистерді иснәдтарымен келтіріп, әр сәнәдке қатысты талдау жасап, өзінің және өзінің ұстаздарының пікірлерін келтіріп отырады. Имам әт-Тирмизи бұл еңбегінде басқа ғалымдардың пікірлеріне қарағанда ұстазы имам әл-Бұхаридің пікірлеріне көбірек сілтеме жасайды. Бұл еңбекте 484 мәтін қамтылған.

4. Иләл әт-Тирмизи әс-сағир. Имам әт-Тирмизидің бұл еңбегі Сунан кітабының қосымшасы болып табылады. Бұл кітапта имам муғалла хадистерді фиқһи тарауларға сай реттеп, әр хадистің илләсін баяндайды. Имам әт-Тирмизидің осы аталған төрт кітабынан басқа да кітаптары болған. Олардың кейбіреулері, өкінішке орай, бізге жетпей қалған. Мысалы, Зуһд, Китәб әт-тәфсир, Китәб әт-тарих, Китәб әл-әсмә уа әл-кунә.

Имам әт-Тирмизидің Сунән кітабындағы қолданған әдісі

1. Имам әт-Тирмизи кітабын 51 тарауға бөлген. Кітап "Таһарат" (тазалық) тарауымен басталып, "Манақиб" (қадір-қасиет) тарауымен аяқталған. Әр тарау іштей бірнеше баптардан тұрады. Әр бапта бірнеше хадистер келген. "Таһарат" тарауында бір бапта екі-үш, кейде бір хадис келетін болса, соңғы тарауларда бір баптың құрамында келетін хадистердің саны көп болады.

2. Имам әт-Тирмизи тарауларды сол тарауда келетін хадистердің ортақ тақырыбымен атаған. Мысалы, намазға қатысты хадистерді "Намаз" тарауында, некеге қатысты хадистерді "Никах" (неке) тарауында жинақтаған.

3. Имам әт-Тирмизидің әр хадистен кейін сол хадис қамтыған мәселеге қатысты фақиһтердің пікірлерін келтіріп отырған. Оқырмандар үшін бұл өте пайдалы тәсіл болып табылады.

4. Имам әт-Тирмизи әр хадистен кейін сол хадистің сахихтық дәрежесін анықтап, иснадқа, иснадтағы келген рауилерге қатысты ғалымдардың көзқарастарын және хадистің дағиф болу себебін баяндап отырған.

5. Хадиспен қаншалықты амал етілетіндігін түсіндіреді.

6. Хадистің жету жолдарын айтып кетеді. Біз атап көрсеткен әдістерді имам әт-Тирмизи әрқашан қолдана бермейді.

Сонымен қатар имам әт-Тирмизи төмендегі әдістерді де қолданып отырған.

1. Имам әт-Тирмизи көп жағдайда хадистің сәнәдінде келген белгісіз рауилерді анықтап отырады.

2. Сәнәдта келген айырмашылықтарды көрсетіп отырады.

3. Рауилердің риуаяттарында келген тіркестердің айырмашылығын баяндап отырады.

4. Хадис мәтінінде келген мағынасы көмескі (ғариб) сөздердің мағынасын түсіндіріп кетеді.

5. Куниясымен аталғандардың өз аттарын атап өтеді.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Нуруддин Итр. Әл-Имам әт-Тирмизи уа әл-муазана бәйн жамиғиһи уа байна әс-сахихайн. – Бейрут: Дәр әл-кутуб әл-илмия. 1997 ж. – 450 б.
2. Ибн Хажар әл-Асқалани. Тәһзиб әт-тәһзиб. – Бейрут: Дәр әл-фикр. 1997. 9 том. – 670 б.
3. Имам Мухаммед ибн Ахмад ибн Осман әз-Зәһәби. Тәзкирату әл-Хуффаз. Баспаға әзірлеген Зәкәрия Умайрат. – Бейрут: Дәр әл-кутуб әл-илмия. 1998 ж. 2 том. – 245 б.
4. Имам Ибн Әсир. Жәмиғ әл-усул фи ахадис әр-расул. Баспаға әзірлеген Абдул-Қадир әл-Арнаут. Мактәбәту әл-халауан.
5. Имам әз-Зәһәби. Сияр ағләм ән-нубәлә. 13 том, - 486 б.
6. Мухаммад ибн Ахмад әз-Зәһәби. – Бейрут: Дәр әл-кутуб әл-илмия. 2 том, - 540 б. 

 

0 пікір