Ірі әулие Дәуіт Тайи
Ірі әулие Дәуіт Тайи
9 жыл бұрын 3397
Бақ БЕР

Сегізінші ғасырда Хорасан мен Ирак маңында өскен, рухани толысып ірі әулие дәрежесіне жеткен кісілердің бірі. Есімі Дәуіт, әкесінің есімі Насыр. Тайи тайпасына қарасты болғандықтан, Тайи деген атпен әйгілі. Түп негізі Хорасандық. Туылған мерзімі білінбеуде. 781 (Хижри 165) жылы Бағдата қайтыс болған. Қабірі сол жақта.

Бала кезінен ілім үйрене бастаған Дәуіт Тайи өз дәуіріндегі ғалымдардан түрлі ілім салаларында білім жинақтаған. Жастайынан ілім үйренумен шұғылданған Дәуіт Тайидың жүрегінде дүниеге деген сүйіспеншілік те бар еді.

Бірде қайтыс болған кісінің артынан айтылған жоқтауда бір кісінің «Қай сұлудың бетін топырақ жасырмады, қай қарақат көз қара жерге ағып кетпеген десеңші?!» деген зарлы бәйітті естігенде, дүниеге деген сүйіспеншілігі басылды. Жас кезінде жасаған кейбір қылықтарына өкінді. Жүрегіне бір от түсті. Ойға қатты берілді. Дертіне дауа іздеп, жан-жақты шарлай бастады. Ең ірі ғалым ретінде аты шыққан Бағдаттағы имам ағзам Әбу Ханифаның алдына барды. Имам Ағзам оған аз сөзділік пен іліммен шұғылдануын жалғастыра беруіне кеңес берді. Дәуіт Тайи имам көрсеткен жолда дүниеге деген қызығушылықтан толықтай арылып, діннің бұйрықтары мен тыйымдарын ұстанып, харам мен күмәнді нәрселерден бойын аулақ ұстауда өзгелерге үлгі болатындай дәрежеге жетті.

Үйінде тыным көрмей, сәлден кейін өлетін адамша құлшылық жасайтын, бос нәрсемен шұғылданбайтын. Қажетсіз сөз айтпайтын, ғибратсыз еш жерге қарамайтын. Тамақ жегенде уақытын үнемдеу үшін нанды суға батырып не ішіне турап, сұйылтып ішетін. «Шайнау уақытты алады, аузыма алған асты шайнау елу аятты оқуыма кедергі келтіреді, неге уақытты бекерге кетірейін» дейтін.

Дәуіт Тайи хазіреттің риязаты мен тақуалығы соншалықты, аса бір қажеттілік тумаса, үйінен шықпайтын, ләззат беретін нәрсе аузына салмаған. Әдемі әрі жаңа киім киген емес. Халық ас әкеліп беріп жатса, кедейлерге беретін, өзінің жиі ауыз бекітетінін ешкімге білдірмейтін.

Саммак атты ізгі бір кісі келіп өзіне насихат сұрағанда, Дәуіт Тайи «Алла тыйым салған жерден сені көрмесін, бұйырған жерінен кетуші болма, осыған барынша тырыс. Дүниеге ауыз бекіткен адамдай қара, ауызашарың ажалың болсын» деді.

Қайтыс болған түні таңға дейін Құран кәрімді оқып, дұға мен зікір етті, көз жасы тарам-тарам болып ұзақ жылады. Намаз оқып тұрғанда руку мен сәжделерін ұзақ созды. Көп уақыт сәждеден басын көтермегеніне таңырқап анасы жанына барған кезде, сәждеде жатып жан тәсілім еткенін байқады.

0 пікір