Имам Тахауи жайлы не білеміз?
Имам Тахауи жайлы не білеміз?
8 жыл бұрын 7905
Абдусамат Қасым

Имам Тахауи Ханафи мәзхабының беделді ғұламасы. Діни ғылымның әр саласын жетік меңгерген білгір. Қазірге дейін жазған еңбектерін дін мамандары қолдан тастамай оқып келеді. Хадис әрі Фиқһ ғылымдарының білгірі. Фиқһ саласы мен хадис саласын «жүйелі түрде» ұштастырған әрі хадис пен фиқһтың ажырамас байланысын ғылыми түрде көрсете білген ғұламалардың бірегейі ретінде саналады.  

Толық аты – Ахмад ибн Мұхаммад ибн Сәләмә ибн Сәлмә ибн Абдуль Мәлик Әбу Жағфар әт-Тахауи әл-Әздий. Шыққан жері - Мысыр жерінде орналасқан Таха ауылы. 

Имам Тахауи алғашында Шафиғи құқық мектебін ту еткен-тін. Зерттей келе, Ханафи мәзхабына өтеді. Өмірінің соңына дейін осы мәзхабтың негіздерін насихаттауға үлкен күш сарп етеді. Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтен кейінгі замандарда Ханафи мәзхабын одан әрі дамытушы және бетке ұстар ғұламалардың бірі. Туған жылы хижри 239 жыл (миләди 854 жыл).

Имамның балалық шағы

Тахауидің әкесі де, шешесі де ғалым кісілер-тін. Әкесі тіл, әдебиет әрі фиқһ білгірі болса, анасы Мысыр қаласындағы Шафиғи құқық мектебінің маманы еді. Жас ғалым алғаш білімді өзінің ата-анасынан алды. Одан кейін нағашы ағасы әл-Музниден дәріс алып, білімін шыңдай түсті. Әл-Музни Шафиғи мәзхабының білгірі әрі осы мәзхабты насихаттаушы ғұлама. Ол кісі өзінің үйінде дәріс өткізетін болған. Жас Ахмад (Тахауи) нағашы ағасына шәкірт болып, Шафиғи мәзхабының қыр-сырын үйренді. Нағашы ағасының бай кітапханасын көптеп пайдаланды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, жастайынан ғылым нұры шашылған отбасында өсіп-жетілген бала, кейінірек есімі тарихта алтын әріппен жазылған ғұламалардың қатарынан орын алады.

Әбу Жағфар Әт-Тахауидің өмір сүрген кезеңі

Ғұлама хижри жыл санауы бойынша үшінші ғасырда (миләди 9 ғ.), Аббаси халифалығының екінші жүз жылдығында өмір сүрді. Бұл ғасыр Аббаси билігінің тоқырау кезеңі еді. Империяның бас қаласы Бағдатта анархия жайлап, үкімет әлсіреп, бір кездері әлемді дүр сілкіндірген Аббаси халифалығының тек аты ғана қалған заман тұғын. Іс жүзінде билеп, төстеп отырған түркілер-тін. Сондықтан да, бұл ғасырды «Түркілердің ықпал ету» ғасыры деп атайды. Осы ғасырда халифалықтан бөлініп дербес «Тулуния» мемлекеті құрылады. Алғашында жәй әскер, кейіннен халифаның орынбасары қызметіне дейін көтерілген тегі түрік, Бухаралық құлдың баласы Тұлун ұлы Ахмәд атты кісі тарапынан құрылған «Тулуния» мемлекеті Мысыр, Сирия және Хижаз өңірін өз бақылауына алады. Мемлекет шамамен отыз жеті жылдай өмір сүреді (хижри 254-292 ж./миләд 868-905 жыл аралығы). Тулуния кезеңінде елде тыныштық орнап, береке жауады. Көптеген құрылыс нысандары салынады. Иракта "Қатаиъ" атты қала тұрғызылады. Көптеген әсем үлгіде мешіттер салынып, әртүрлі диірмендер мен моншалар, ұстаханалар ел игілігіне беріледі. Халық қайта ғылымға бет бұрып, мұсылмандардың тақуалығы мен діндарлығы артады. Ғалымдар қоғамдағы өз орнын тауып, оларды ел силап, мәртебелері көтеріледі.

Имам Тахауидің ұстаздары

Имам Тахауи көптеген ғалым кісілерден ілім алды. Көптеген хадис білгірлерден хадис ғылымын үйренді. Фиқһ мамандарынан фиқһты оқыды. ХХ-ғасырда өмір сүрген Ханафи ғұламасы әл-Кәусәри Имам Тахауидің 160-тан астам ұстазы болғандығын есімдерін тізіп тұрып айтады. Біз олардың кейбірін ғана атап өтейік:

1. «Нәсәий сүнәні» атты хадис жинағының авторы, әйгілі хадисші Ахмад ибн Шуъайб ибн Али ән-Нәсәий (өл.х.303/м.915 ж).

2. Ханафи мәзхабына өтуге ықпал еткен, Ирак құқық мектебінің білгірі қазы Ахмәд ибн Әби Имран (өл.х.280/м.893 ж.)

3. Исхақ ибн Ибраһим ибн Юнус әл-Бағдади (өл.х.304 ж/ м.916 ж.)

4.Тахауидің нағашы ағасы, Имам Шафиғидің шәкірті, Шафиғи мәзхабының білгірі, фиқһшы әрі хадисші Исмағил ибн Яхя әл-Музни (өл. х. 264 ж./м.877ж)

5. Имам Шафиғидің шәкірті Бахр ибн Наср ибн Сабиқ әл-Хауләни (өл. 267 ж. / м.880 ж.) т.б.

Имам Тахауидің шәкірттері

Имам Тахауи бір мәселенің үкімін нақты әрі мықты дәйекке байлауда алдына жан салмайтын. Оның әрбір талқыға салған нәрсесі, әрбір сүйенген дәлелі естіген жанды мойындатпай қоймайтын. Осы еркешелігімен танылған ұстаздың көптеген шәкірттері де болуы заңды. Оған шартараптан шәкірттер ағылып, оның қолынан көптеген атақты адамдар тәрбиеленіп шықты. Солардың кейбірі мыналар:

1. Әйгілі Табарани тәпсірінің авторы, атақты тіл маманы, өзі хадисші және тәпсірші Сулеймән ибн Ахмад ибн Әйюб әт-Табарани Әбул Қасым (өл. х. 360 ж./м.918 ж).

2. Тарихшы Абдуррахман ибн Ахмад ибн Юнус (өл. х. 347 ж).

3. Мысыр қазысы Ахмад ибн Ибрахим ибн Хамад (өл. х. 329 ж).

4. Хадис ғылымына арнап жазған «Әл-кәмил» атты кітаптың авторы Абдулла ибн Адий әж-Жүржани Әбу Ахмад (өл. х. 365 ж.) т.б.

Имам Тахауидің еңбектері

Имам Тахауи артына көптеген еңбектер жазып қалдырды. Олардың кейбірі төмендегідей:

1. "Ахкамуль Құран". Құрандағы белгілі үкімдерді қамтитын аяттардың тәпсірі.

2. «Шарху Мағани әл-Әсәр». Бұл еңбегінде ғалым Ханафи мәзхабының үкімдерін хадистермен нықтайды. Әр бір хадистер келу жолымен, яғни,  сәнәдімен көрсетілген. 

3. «Ғалымдардың пікір таластары». Имам Тахауи аталмыш кітапта ғалымдардың түрлі мәселеде білдірген пікірлерін, олардың сүйенген дәлелдерін келтіреді. Аталмыш кітап «фиқһ энциклопедиясы» іспетті. Осы ерекшелігімен де бағалы. Тарихшылардың айтуы бойынша, Имам аталмыш еңбегін 130 том етіп жазған. Алайда, бізге жеткені оның ықшамдалған түрі. Бұл еңбекті ықшамдаған Ханафи ғалымы Әбу Бәкр әл-Жәссас (өл.х. 370 ж).

3. "Тахауи ақидасы". Әһли сүннәт сенімін жүйелі түрде баяндаған кітап. Бұл кітап көптеген тілге аударылып, оған көптеген түсініктемелер жазылған.

4. "Мухтасару әт-Тахауия" атты фиқһ кітабі. Бұл кітапта Ханафи мәзхабы бойынша фиқһ мәселелері ықшамдалып көрсетілген.

5. Хадис ғылымына қатысты «Мүшкилуль Әсәр» атты еңбегі. Кітапта бір-біріне қайшы сияқты көрінген хадистерді түсіндіріп, оларды ұштастыруға тырысқан т.б. 

Имам Тахауи жайлы ғалымдардың айтқан сөздері

Тарихшы Ибн Кәсир былай дейді: «Ол – ханафи фиқһшысы. Көптеген пайдалы еңбектердің авторы. Имам Тахауи - сенімді әрі ілімге берік кісілердің бірі».

Ибн Надим (өл. х. 385 ж) былай дейді: «Ол Куфа мектебінің үкімдері мен хадистерін жетік білетін білгір. Сондай-ақ ол барлық құқық мектептерінің қыр сырын меңгерген кісі».

Әбу Омар ибн Абдуль Бирр былай дейді: «Тахауидің мәзхабы куфалық ғалымдардың жолы еді. Ол барлық мәзхабтарды жетік білген. Және хадисті жеткізуші рауилердің де өмір баяндарын баян етуге шебер».

Имам Суйюти былай дейді: «Ол – ғұлама, мұсылмандардың ғылымдағы басшысы. Көптеген бағалы еңбектердің авторы. Ол – сенімді хадисші, берік фиқһшы. Оның орнын толтырар адам тумады».

Қайтыс болған жылы

Хижри жыл санауы бойынша 321 жылы (милади 933 ж.), Зүл-Қағда айында, бейсенбінің жұмаға қараған түні Мысырда қайтыс болды. Артында бір бала қалды. Баласы ғалым Али ибн Ахмад әт-Тахауи Әбуль Хасан. Алла қабірін жәннәт етсін!

0 пікір