Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінде өзінен кейін мұсылман үмбетіне әр ғасырда бір ірі дін ғұламасы (мүжәддид) келетінін білдіргені белгілі. Осы орайда XVІ ғасырдың еншісіне «Мың жылдық мүжәддид», «Имам Раббани» атанған тасаууыф ілімінің көрнекті өкілі Ахмед ибн Абдулахад ибн Зәйнәлабидин бұйырған.
Туылуы
Ахмед ибн Абдулахад хижраша 971 жылы Шәууал айының 14 күні (1564 ж. 26 мамыр) Үндістанның Шығыс Пенжабына қарасты Сирхинд елді-мекенінде дүниеге келген. Түп атасы екінші халифа Омар ибн Хаттаб әл-Фаруққа (р.а.) сүйенетін Қабыл атты текті әулеттен шыққан. Осы себепті Ахмед ибн Абдулахадты «әл-Фаруқи», немесе «Қабили» деп те атаған. Әкесі Абдулахад – Жиштия мен Қадирия тариқаттарының белгілі шейхі еді.
Білім алуы
Өмір бойы ілімге ғашық болып өткен ол алғашқыда Сирхиндте өз әкесінен білім алған. Әкесінен сопылық дәрістерін ала жүріп, Құранды жаттауын тәмамдайды. Араб тілін меңгереді. Кейінірек білімін толықтыру үшін Сиалкутқа барады. Ол жақта шейх Яқуб Сарфи Кәшмириден – хадис, Бәхлүл Бәдахшанидан – тәпсір, Мәулана Кемал Кашмиридан – логика мен философия ілімдерін үйренеді.
988 жылы (1581) білімін тәмамдап, әкесінің қасына келіп дәріс бере бастаған уақытта жасы он жетіге жаңа толған еді.
Әсіре пәлсапашылармен келіспеушілігі
Шамамен 19-20 жастарында ұстазы Яқұб шейхтің себепкерлігімен Аграға барып, Бабырлылардың билеушісі Әкбар шахтың (1556-1605) сарайына орналасады. Сарайда Фәйзи-и Хинди мен Әбул-Фазыл әл-Аллами атты екі ғылымқұмармен достық құрады. Нүктесіз әріптермен «Сәуатил-илхам» атты тәпсір жазған Фәйзиге жәрдемдеседі. Алайда біршама уақыттан кейін Әбул-Фазылмен сөзге келіп, оның пікірлеріне сын айтады. Өйткені Әбул-Фазыл пәлсапашылдардың ақылға сүйенуін артық көріп, пайғамбарлық жайлы күмәнді ойлар алға тартатын еді. Араларындағы пікірталаста Әбул-Фазылдың сунни ғалымдарға тіл тигізгендігі де айтылады. Ахмед Сирхинди осыдан кейін (қоғамдағы басқа жағдайларды да ескере келе) пайғамбарлық туралы күмәнді пікірлерге жол бермеуді көздейді. Осы мақсатта «Исбатун-нубууа» (пайғамбарлықтың дәлелі) атты алғашқы еңбегін қолға алады. Бұған қоса осы уақыттарда шиилер мен суннилер арасында талас туғандықтан, «Рисала-и рәдди шиа» (шиилерге қарсы хат) атты кітабын да жазады.
Еңбектері:
Жалпы алғанда Имам Раббанидың көпшілікке мәлім еңбектері мыналар:
«Исбатун-нубууа» (Әкбар шахтың «Иләһи дін» деген атпен бүкіл діндерді синтездеп ортақ дін жасау әрекетіне қарсы қолға алынған); «Рәдди Шиа (Тәйиди әхли сунна)»; «Рисала-и тахлилия»; «Тағликат бәр шәрх рубайят-ы Хажә Бақи Биллаһ»; «Маариф ладуния»; «Мәбда уә Мәад»; «Мукашафат-ы ғайбия»; «Мактубат» (Бұл еңбекте жалпы саны 536 хаттары топтастырылған).
Кітаптарының бір ерекшелігі ретінде өзгелердің емес, тасаууыф жолында тіке өзінің тәжірибелері мен көз жеткізгендерін баяндағанын айтуға болады. Мәселен, сопылық жолдың ең биік рухани мәртебелерінің бірі Уахдатул-ужудқа жеткенін, одан асып Зыллияға, тіпті Абдия дәрежесіне дейін биіктегенін тілге тиек еткен.
Әкесінің қайтыс болуы
Ахмед Сирхиндидің Аградан қашан қайтқаны белгісіз. Дегенмен қайтар жолда (сірә, өзін алып қайтуға келе жатса керек) Шанесарға жеткенде, әкесімен жолығады. Сол жердің алдыңғы қатарлы кісілерінің бірі Сұлтан шейхтың қызымен үйленеді.
Сирхиндке келгеннен кейін де сопылық ілімін тереңдете түседі. Әкесінен Кәлабазидің «әт-Тағариуиін», Сүхрауардидің «Ауарифул-мағарифын», Мүхиддин-ибнул- Арабидың «Фушушул-хикам» атты еңбектерін оқиды.
Хижраша 1007 жылы (1598) әкесі қайтыс болар алдында ұлы Ахмедке зор сенім артып: "Мүридтеріне ілім үйретсін", - деп арнайы ижазат (тариқаттың сенім құжаты) табыстайды.
Әкесін жерлегеннен кейін келесі жылдың Рабиул-аһир айында Сирхиндтен қажылыққа сапарға шығады. Бұл кезде жасы 37-де еді.
Нақшыбәндия тариқатына қосылуы
1008 жылы (1599) Делиге келгенінде, досы Мәулана Хасан Кәшмиридің ұсынысымен Фирузабад ауданында тұратын Нақшыбәндия тариқатының шейхі Мұхаммед Бақи Биллаһпен танысады. Көзі тірісінде әкесінің Нақшыбәндия тариқатына оң көзқараста болғанын білетіндіктен, Сирхинди оларға құрметпен қарайтын. Бақи Биллаһ Ахмед Сирхиндиді көргенде, оның зеректігін тез байқайды. Сондықтан оған Фирузабадта біраз болуына өтініш білдіреді. Сирхинди оның өтінішін қабыл алып, сұқбаттарына қатыса бастайды.
Ахмед Сирхиндидің Нақшыбәндия тариқатына келіп жүргенін Бақи Биллаһ үлкен мақтаныш көрген. Бұны досына жазған хатындағы мына жолдардан байқаймыз: «Сирхиндтан Ахмед шейх атты ілімі мол, амалы күшті бір жігіт бірнеше күннен бері ортамызға келіп жүр. Одан аса ғажап халдерді байқадық. Сірә, әлемге сәуле шашатын шамшырақ болатын секілді».
Ахмед Сирхинди Бақи Биллаһтың қасында екі жарым, үш айдай болады. Сол аралықтағы бастан кешкен рухани халдері мен тасаууыф ілімінде биіктеп, артқа тастаған мәртебелерін өзінің кейбір хаттарында суреттеп жазған.
Сирхиндке қайтқан Имам Раббани шейхімен жазысқан хаттарында осы уақыттарда кешкен рухани халдерін оған үнемі білдіріп отырады. Көп өтпей Бақи Биллаһ Ахмед Сирхиндиге зор үміт артып, ижазат табыстайды.
1009 жылдан бастап өзі де Сирхиндте Нақшыбәндия тариқаты негізінде (Мүжәддидия тармағын құрып) халыққа дінді насихаттай бастайды.
Бақи Биллаһ қайтыс болғаннан кейін Сирхиндте халыққа дін насихатын жалғастырған Имам Раббани мүридтеріне, достарына және билік басындағыларға (Бабыр әкімдеріне) әртүрлі хаттар жолдайды. Мүридтеріне жазған хаттарында тасаууыфтық ілім (сәйр-і сулук) пен сопылық ойларының ең нәзік мәселелерін қозғаса, билік басындағыларға жазған хаттарында көбінесе ислами ережелер мен әһлі сүннет жолын берік ұстану секілді жалпы тақырыптарға тоқталған.
Бабыр билеушісімен қарым-қатынасы
Имам Раббани өз кезеңінде әртүрлі бұрма діндер мен бұзылған ағымдармен күресті. Исламның о бастағы тұнық күйін қалпына келтіруге күш жұмсады. Бірақ осы тұрғыда бірқатар топтар мен діни ағым өкілдерінің өзімен өштесуіне де тап болмай қалмады. Сол үшін де жауластары мен күндестері Имам Раббаниды 1014 (1605) жылы билікке келген Сәлім Жиһангир сұлтанға жек көрінішті етуге тырысты.
Ахмед Сирхинди 1028 (1619) жылы Жиһангир сұлтанның шақыртуымен Аграға барады. Жиһангир имамды құрметтесе де, маңайындағылардың қысымымен оны тұтқындатып, Гуалиор бекінісіне қаматады. Бұның себебі турасында әр түрлі деректер кездессе де, себептерінің бірі – Сирхиндидің мүридтерінің тым көбеюі, әрі патшаның іштей қауіптенуі болған секілді.
Имам Раббани бір жылды қапаста өткізеді (1029\1670). Өзін қаматқаны үшін мүридтерінің сұлтанға қарсы шығуына рұқсат бермейді. Бір қызығы, түрмеде жатып та өзінің рухани-ағартушылық ісін үзбеген. Нәтижеде көптеген тұтқындармен қатар кейбір түрме басшылары да тәубаға келіп, дұрыс жолға түседі. Тіпті бірқатар өзге діндегілер де Ислам дінін қабылдайды.
Үлкен ұлының айтуынша, түрмеде жатқан уақыттарда күзеттің қанша мықтылығына қарамастан, әкесі еш қиындықсыз сыртқа шығып, жұма намазына келіп тұратын болған. Жұма намазын мешітте өтеген соң түрмеге қайтады екен. Бұл сірә ол кісінің әулиелік сырларының бірі болса керек.
Жиһангир «Тузуки Жиһангири» есімді еңбегінде Сирхиндиді бір жылдан кейін босатқанын, 1000 рупи ақша сыйлап, еліне қайту, я сарайда болу турасында таңдау бергенін айтқан. Жиһангирдің айтуынша, Сирхинди өз еркімен патшаның қасында қалуды таңдаған. Бұл қисынға салсақ, Сирхинди Исламды түсіндіру үшін патшаның қасынан кетпеуді таңдаған болуы мүмкін. Өйткені кейбір хаттарында патшамен жиі дидарласып, онымен діни сұқбаттар жүргізгенін жазған. Алайда сол кезеңдегі кейбір мүридтері мен туыстарына жазған хаттарына қарағанда, патшаның өзін қинап қасына алғанын, сарайда болғанымен жартылай тұтқында өмір сүріп жатқанын қынжыла жеткізген. Сирхиндидің мүриді Мұхаммед Хашим Кишми ұстазының патшаның қысымымен қалуға мәжбүр болғанын ашық жазған. Осы себепті кейбір деректердегі «Сарайда тұру шартымен қапастан босатты» деген сөз анағұрлым шындыққа жақын сияқты.
Ахмед Сирхиндидің бұл уақытта екі-үш жыл бойы патша әскерлерімен кейбір қалаларды аралағаны айтылады.
Қайтыс болуы
Имам Раббани өмірінің соңын оңашада өткізеді. Жұма намазынан тыс уақыт үйінен шықпаған. Қайтыс боларынан бірнеше ай бұрын тынысы тарылып ауыра бастайды. 1034 жылдың 28 Сафарында (1624 ж. 10 желтоқсан) 60-тан асқан шағында көз жұмып, өзінің туған жері Үндістанның Сирхинд елді-менекеніне жерленеді.
Ел ішін жайлаған негізсіз сенімдермен, қоғамдағы қайшылықтармен күресіп, өмір бойы рухани-ағартумен шұғылданған әйгілі ғұлама қайтыс болғанда, артында бала-шағасы, көптеген мүридтері мен еңбектері ғана қалған.