Имам Нәуәуи: «Харам мен халалға не жататынын біліңіздер»
Имам Нәуәуи: «Харам мен халалға не жататынын біліңіздер»
9 жыл бұрын 6014
Бақ БЕР

Ірі мұсылман ғалымдардың бірі имам Нәуәуи – «Риядус салихин» (Ізгілер бақшасы) атты әйгілі хадис жинағының авторы. 1233 жылы Сирияның оңтүстігіндегі Нәуа ауылында дүниеге келген. Өте қарапайым, жомарт, қанағатшыл жан еді. Бар өмірін ғылым жолына арнағандықтан үйленбей өткен. Үйленсе, отбасына көп уақыты кететіндіктен, өмірдегі негізгі міндетіне ілімді жатқызған. Осы ұйғарыммен өмірінің соңына дейін тек қана іліммен шұғылданған.

Ілімімен амал жасайтын ғалым бұған қоса өте аз тамақтанатын. Аз тамақтану себебі – уақытын үнемдеуге барынша мұқият қарауында. Жастайынан аз ұйықтауға дағдылануы хадис ілімінде тереңдей түсуіне септігін тигізген.

Ғалым Дамаскта өскен ешбір жемісті жемеген көрінеді. Себебін сұраған шәкірті Ибнул Аттарға Дамаскіде қорларға тиесілі көп жерлер бар екендігін, бұларға тиісінше көңіл бөлінбейтіндігін, серіктестікті олардың заңды түрде жүргізбейтіндігін айтқан. Осы себепті ол харам араласуы мүмкін деген күдікпен жеміс жемеген. Әкесі де дүниеге құмартпаған захид жан еді. Әкесінің әкелген жемістерін ғана жейтін. 

Нәуәуи хазірет ислам үшін жасаған өмір бойғы істерінің сауабын тек ақыреттен күткендіктен, ешкімнен бір тиын да алмады. Сабақ берген медреселерден өзіне берілген айлықтың өзін жеке істері үшін жұмсамады. Оның пікірінше, бұл айлық тек кітаптар мен медресе қажеттіліктеріне жұмсау үшін берілген.

 

Шындықты бетке айтудан іркілмейтін

Хадис ғалымы өзі ректорлық жасаған әйгілі Ашрафия дарул-хадистен еш ақы алмаған. Жақсылықты бұйырып, жамандықтан тыю ісіне ерекше көңіл бөлетін. Қажет болса, басшыларға да ескерту жасап, насихат айтатын. Үнемі ақиқатты жоғары қоя білген имамның Мысыр мен Сирияда Мамлуктер мемлекетін құрып, он жеті жыл басқарған Бейбарыс сұлтанмен де жиі хат алысып тұрғандығы айтылады. Сөздері хикметті болатын. Әрқашан сыпайылығын сақтаған.

Тек шындықты айтатын, орнымен сөйлейтін, түндерін құлшылықпен өткізетін. Ілім жолында өте ыждағатты болатын әрі ізгі істер жасауда өте сабырлы еді. Кейінгілерге қалдырған мынандай сөзі бар: «Пенде ұлы Аллаға құлшылық жасау үшін жаратылған. Адамдар бақытқа жету үшін жаратылыс мақсатына сай іс-әрекет жасауы әрі дүниеге беріліп кетуден сақтануы керек. Дүние нығметтері өткінші. Бұл дүние мәңгілік тұрақтайтын мекен емес. Ол бар болғаны ақыретке жеткізетін мініс секілді».

Нәуәуи хазірет дүниені айран-асыр қуаныш пен шаттық, рахаттану, көңіл көтеру орны емес, айрылысу орны ретінде суреттейді. Пәни дүниеге алданбай, құлшылығын тиісінше атқарудың ақылды іске жататынын айтады.

«Ең үлкен құлшылық – шынайы ниетпен халал мен харамға не жататынын үйрену» деген имам хадиспен қатар фиқһ саласында да алдына жан салмаған. Ол хижри 7 ғасырдағы әйгілі хадисші, фиқһшы әрі Шафиғи мәзһабының ірі ғалымдарының біріне жатады. Шафиғи фиқһын дамытуға үлкен үлес қосты. Бұдан бөлек, усул мен фуруда да имам еді. Нәуәуиді өзімен дәуірлес барлық ғалымдар мойындаған.

Көп ілім жинақтағандықтан, есте сақтау қабілеті мен зеректігі, пайым, парасаты ерекше болғаны белгілі. Бала кезінде Құран кәрімді төрт жарым айда, Шафиғи мәзһабының негізгі кітаптарының бірі «әт-Тәнбих» атты еңбекті сегіз жарым айда жаттауы осыған бірер дәлел. Ұстаздарынан күн сайын он екі түрлі ілім үйренген имам саналы ғұмырын мұсылман үмбетіне пайда тигізуге, оқу-ағарту ісіне арнап, аянбай еңбек еткен. 

Имам Нәуәуи небәрі 45 жылдық ғұмырында елуге жуық еңбек жазған. Өмірден озғанға дейін шәкірттеріне сабақ беруін үзбеген. 

1 пікір