Имам Мәтуридидің (р.а.) халықты қысқан патшаға айтқаны және патшаның ақыры
Имам Мәтуридидің (р.а.) халықты қысқан патшаға айтқаны және патшаның ақыры
1 жыл бұрын 4100 Имам Мәтуридидің кесенесі, Өзбекстан.
Дайындаған Абдусамат Қасым

Исламда - елге көшбасшылық еткен дін ғұламаларын "Имам" деп атаған. "Имам" атағына лайықты дін ғұламалары білімді, білікті болуларымен қатар, зұлымдыққа қасқая қарсы тұрып, хақты айтумен ерекшеленетін. Имам Мәтуридидің (Алла рахымына бөлесін) де ақиқатты именбей айтатын ерекшелігі болған. Ғұлама сол замандағы әміршілердің зұлымдығын ашық айтатын. Сұлтан, патшалар мен әміршілердің есігін жағалауды дін ғалымдарына жараспайтын іс ретінде есептейтін. Содан болса керек ешқашан қазылық сынды мемлекеттік қызметте болған емес. Өйткені оның пікірінше сол кездегі сұлтан, патшалардың қызметінде болу - олардың құйтырқы істеріне ортақтасумен пара-пар болмақ. Ол осынысымен өзіне пір тұтқан көшбасшысы Имам Ағзам Әбу Ханифаға ұқсайды. (Имам Әбу Ханифа да Аббасит халифаларының ұсынған қызметін қабылдамай, сол үшін жазаланған болатын. Зерттеуші ғалымдардың айтуына қарағанда Имам Мәтуриди Әбу Ханифаға тек дін ғылымында ғана емес, өмір салтында да, дүниетанымда да еліктеген, Алла оларды рахымына бөлесін).

Төменде Имам Мәтуридидің сол заманғы Иран саманид әмірлігінің патшасы Нұх ибн Насрмен (х. 353-387/ м. 964-997ж) болған теке-тіресі баяндалады.

Иран Саманидтер әмірлігі Орта Азияға билігін жүргізіп тұрған шақта, Нұх ибн Наср есімді саманидтер әміршісі Самарқанд қаласына алым-салым тағайындап, халыққа «хараж» салығын міндеттемекші болған екен. Онсыз да жағдайлары мәз емес халық үшін саманид әміршісінің бұл жарлығы «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегеннің кейіпін келтіріпті.

Әмірші Нұх ибн Наср жарлыққа мөр басып, оны Самарқандтың әкіміне жолдайды. Әміршінің хатшысы жарлықты алып келгенде Самарқанд әкімі жергілікті дін ғалымдары мен зиялы қауым өкілдерін жиіп, оларға жарлықты оқытады. Жиналған зиялылардың арасында ғұлама Имам Мәтуриди де бар болатын (рахимаһуллаһ). Әміршінің хатшысы жарлықты оқып болғаннан кейін сонда отырғандар бір-біріне қарасып, не дерлерін білмей, айналаны бір сәт үнсіздік билейді. Сол сәтте үнсіздікті Имам Мәтуридидің (Алла оны рахымына бөлесін) үні бұзады. Онсыз да әділетсіздіктері мен қиянаты жанға батқан әміршінің бұл жарлығы ауыр тисе керек, Имам Мәтуриди хатшыға қарап рахимаһуллаһ) айбат шашар мынадай сөздер айтыпты: 

«Сен бізге әміршінің жарлығын жеткіздің. Енді оған жауабымызды жеткіз. Оған айт: «زدنا ظلماً حتى نزيد في دعاء الليل - Сен бізге зұлымдығыңды арттыра түс, біз де түнгі намазымызда дұғамызды арттыра түсейік!» - дейді.

Имам Мәтуридидің бұл сөзінің астарында ашынған халықтың ызасы жатқандығы байқалады және "зұлымдығыңды арттыра түс..." дегенінен патшаның жергілікті суннит мұсылмандарға күн көрсетпегенін түсінуге болады. 

Сол жиналыстан көп ұзамай Саманид патшасының өлі денесі табылады. «Мың асқанға бір тосқан» демекші, белгісіз біреу әміршіні өлтіріп, қарнына мынадай деп өлең шумағын жазып қалдырып кетіпті (аудармасы): 

بَغَى وللبَـغْي سهامٌ تُنْتَـظـَرْ * * * تأتيه مـن أيـدي المنايـا والقَدَرْ

سهام الأيدي القانتات في السَّحَرْ * * * يَرْمِين عـن قـَوْسٍ لها الليلُ وَتَرْ

«Зұлымдық жасады, ал залымды садақ оғы күтіп тұр,

Өлім мен тағдыр қолынан келетін.

Ол оқ - сәресі уақытында мінәжат етушілердің оғы,

Оны олар қара түн тартқан садақпен атты!»1 

Осылайша Имам Мәтуридидің халыққа тізесі батқан әміршіге жасаған теріс дұғасы қабыл болып, әмірші белгісіз біреудің қолынан қаза тауыпты. Имам Мәтуридидің дуалы ауыз әулие болғандығы айтылады. Кереметтері көрілген. Жоғарыдағы аталмыш оқиға соның бір дәлелі болса керек. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Мұхаммед Мұнир әд-Димәшқи: «ән-Нәфәхатус-Сәләфия» (өткендердің сыйы). Араб тілінде. (Ахмәд Сәъд әд-Дәмәнһури, "сияру Имам Мәтуриди", араб тілінде).

 

0 пікір