Имам Мәлік: "Пайғамбар жүрген жерде жануарға мініп жүруге ұяламын"
Имам Мәлік: "Пайғамбар жүрген жерде жануарға мініп жүруге ұяламын"
9 жыл бұрын 4202
Бақ БЕР

Мәлік ибн Әнас – Мәлики мәзһабын құрушы, ірі мүжтахид әрі мұхаддис (хадис білгірі). 712 (Хижри 93) жылы Мәдинада туылып, 795 (Хижри 179) жылы сол қалада өмірден озған. Атасы ірі табиғиндердің бірі. Екі ұлы, бір қызы болған.

Имам Мәлік ұмра мен қажылықтан өзге мақсатта Мәдина қаласынан шықпаған. Тіпті Харұн Рашид оны халифалықтың орталығы Бағдатқа шақырғанның өзінде бармаған. Он жасынан асқанда ілімге ден қойған. Деректерде әкесі бірде бір сұрақ сұрағанда, Имам Мәлік қате айтып, бауыры Надр дұрыс жауап қатқан. Сонда әкесі: «Бар есіл-дертің көгершіндерде», - деп реніш білдірген. Сірә, бала кезінде көгершіндерді ұнатқан секілді. Осы оқиғадан кейін ілімге ерекше ден қойған. Ибн Хүрміз деген ғалымнан 7-8 жыл тапжылмай ілім үйренеді. Кейіннен де сол кездің айтулы көп ғалымының дәріс алқаларына қатысады. Өз қатарларының арасында ерекше көзге түскен ол 21 жасында дәріс беріп, пәтуа айта бастайды. Дәрістеріне деген жұрттың қызығушылығы мол болады. Мыңдаған шәкірттерінің көбі өзін алыс мекендерден іздеп келгендер болатын.

Ұстаздарының арасында Нафи (117/735), Саид әл-Мақбури, Амир ибн Абдиллаһ ибн Зүбейір (124/741), Зүһри (124/741), Абдуллаһ ибн Динар (127/144) секілді айтулы тұлғалар бар. Имам Шафиғи Құраннан кейінгі ең сенімді кітаптың бірі деп бағалаған «әл-Муатта» еңбегінде шамамен 90 кісіден риуаят жасаған.

Өте тақуа жан болғаны айтылады. Оның жүзіне көз салып қарағандар ақыретті еске алатын. Күн сайын түсінде ардақты пайғамбарымызды көретін деседі. Мәдинада Пайғамбар мешітінде дәріс берген уақыттарында хазірет Омардың (р.а.) үкім беретін, кеңес жүргізетін орнына отыратын. Үйі ірі сахаба Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) тұрған үй болатын.

Ізгі, салиқалы жандармен бірге жүруге маңыз беріп, былай дейтін:

«Жүрегімнің қатайғанын байқасам, Мұхаммед ибн Мұнқадирға барып, біршама уақыт жүзіне қараймын. Бірнеше күн бойы ғибрат, насихат ретінде маған сол жеткілікті» (Қады Ияз, Tартибул-мадарик, 1/179).

Оған шәкірт болған Имам Шафиғи әңгімелеуде:

Бірде ұстазымның есігінде байлаулы тұрған жылқылар мен қашырды көріп: «Пай, шіркін, қандай керемет аттар!» дедім. Бұны естігенде: «Осының бәрін саған тарту еттім, алып кет» деді. «Ең болмаса өзіңізге мініске біреуін алып қалсаңызшы?!» деп едім: «Пайғамбар жүрген жерлерде жануарға мініп жүруге ұяламын» деді.

Шәкірттерінің бірі былай деген: «Ол кісі бізбен отырғанда, қатарымызда отырғандардың бірі секілді еді. Әңгімемізге араласып кететін. Бірақ бәрімізден артық кішіпейілдік танытатын. Бірақ хадис шәріп риуаят ете бастағанда, отырғандарды сұсы басып кеткендей болатын. Тіпті ешбірімізді танымайтындай, бәріміз ол кісіге бөтен сияқты сөйлейтін» (Әбу Заһра, Имам Мәлік, 53).

Хадис дәрісіне шықпай тұрып, әуелі дәрет алатын. Жарасымды киімдерін киіп, жақсы иіс себінетін. Дәріс бойы байыптылығы мен байсалдылығын бұзбайтын.

Бір жолы Әбу Хазимның бас қосуына барып, орын таппай түрегеп тұрыпты. Әбу Хазим жеткізген хадистерді жазбағанын байқағандар себебін сұрағанда былай деген: «Хазірет пайғамбардың хадистерін түрегеп тұрып алғанды ыңғайсыз деп білдім» (әл- Халили, әл-Иршад, 26).

Түрегеп тұрғанда, жүргенде немесе асығыс бір іске кетіп бара жатқанда хадис етуді ұнатпайтын және былай дейтін: «Ардақты елшіден (с.а.у.) риуаят еткен хадистің мағынасын жақсы ұғынғым келеді».

Қады Иядтың жеткізуінше, Имам Мәліктің әр түн өзіне әдет еткен белгілі бір мөлшерде түнгі намаздары бар еді. Жұма түндері намазын арттыра түсетін.  

Бір жолы намаз оқып жатып «Фатиха» сүресінен кейін «Tакасур» сүресін оқи бастады. Кейін: "Ант етейік, әрбір нығметтен сұраласыңдар" деген мағынадағы аятқа келгенде, өзін ұстай алмай ұзақ жылады. Бір жағынан аятты қайталап, екінші жағынан жылаумен болды. Соңында таң ағара бастағанын байқап, руку мен сәждесін жасап намазын аяқтады.

Қинап айтқызған ажырасу сөзінің жарамсыз екенін айтып берген пәтуасы қатты бұрмаланып басы дауға қалды. Бұл пәтуаны Әмауи сұлтандары халықты қинап бергізген сертті жарамсыз етті деп түсінді. Осы себепті Имам Мәліктің басына қара бұлт үйірілді. Тіпті соққыға жығылған кезінде иығы шығып кетті (Ибн Абдилбәрр, әл-Интиқа, 87).

Осындай басына іс түскен қиын уақыттардың өзінде де түнгі намаздарын үзбей жалғастырды. Сол уақыттарда ол кісіге: «Мынандай жағдайда түнгі нәпіл намаздарыңызды жеңілдетсеңіз болмас па?» дегендерге былай деп қарсылық білдірді: «Алла үшін амал істеген жанға жарасымды іс – сол амалын әдемілей түсуі».

Өзіне қойылған сауалдардың барлығына жауап бермей, көбіне үндемегенді немесе білмеймін деуді дұрыс көретін. Кейде сондай жағдай болатын, бір мәселені он жыл ойлап, жиырма жыл толғанып, зерттеп, соған қарамастан жүрегі жұбаныш таппаса, ол тақырыпта ештеңе айтпайтын.

Шәкірті Ибн Уахб былай деген: «Ол кісі қойылған сұраққа жауап бермей тұрып, (көп үндемей отыратын). Ондайда сауал қойған кісі жауабын білмегені ғой деп ойлап қалатын».

Дәрісіне қатысқандардың көп сұрақ қойғанын ұнатпайтын, кейде сұрақ қойған кісіге: «Әй, сен оңбассың! Сонда мені Алла мен араңа дәлелге тартпақпысың? Мен әуелі өз басымды қалай құтқарам деп әлекпін, өзімді құтқара алсам, саған да қол ұшымды созар едім» дейтін.

Өзінен бір мәселе сұрау үшін шалғай елден алты ай жол жүріп Мәдинаға келген әлдекімге: «Бұл мәселені бір қарастырып көрейін, ертең келші» деген. Ертесі күні әлгі кісі келіп мәселесінің жауабын сұрағанда: «Білмейді екенмін» дейді. Ол кісі: «Мен тұратын аймақтағылар сізден өткен білімді жан жоқ деп еді» дегенде, оған былай деген: «Сен оларға менің бұл іске әлім келмей қиналып жүргенімді жеткіз» деген.

Бірде өзіне қойылған жиырма сұрақтың тек екеуіне ұзақ уақыт: «Лә хаула уә лә қууата илла биллаһ», - деп барып қана жауап айтқан. Оған: «Сіз де білмеймін десеңіз, сонда басқа кім біледі?» дегенде, былай деп қарсылық білдірген: «Қой, олай деме. Мені кім деп тұрсың? Сендердің білмегендеріңді білетіндей мен кім екенмін сонша?!»

Терең білімді ғұлама бола тұра соншалықты кішіпейілдік танытқан, ойлы, парасатты, сұңғыла жан 179 жылы Мәдина қаласында көз жұмған. Жаназа намазын Мәдина әкімі Абдуллаһ ибн Зейнеп оқытқан. Мұсылман үмбетіне пайдалы көп іс атқарған ол кісіге Алла разы болсын дейміз!

0 пікір