Ибн Синаның тәубесі
Ибн Синаның тәубесі
2 жыл бұрын 15628
Дайындаған Абдусамат Қасым

Әбу Әли ибн Сина - Орта ғасырда өмір кешкен мұсылман философ, атақты дәрігер, шығыстың «Аристотелизм» мектебінің өкілі.

Ибн Сина жастайынан Құранды түгел жаттап, шариғат ілімдеріне қанық болған кісі. Ұстаздарының арасында Ханафи фиқһ ғалымы Әбу Мұхаммед әз-Зәһиди есімді ғалымның болғандығы Ибн Синаның өмірнамасында жазылған. Жастайынан Ислам құқығы саласында тереңдеп, кейбір фиқһи дебаттарға да қатысқандығы деректерде келтірілген. Шариғи ілімдермен қатар, мантық, пәлсафа, медицина, астрономия, арифметика сынды салалармен терең айналысып, осы салаларда биік шыңдарға жетеді. Әкесі Абдулла сол заманда Орта Азияда белең алған шиизмнің Исмаилия тармағында болған. Әкесі математика, геометрия, арифметика, философия ғылымдарын жетік білген жан және Ибн Сина алғашқы білімді осы әкесінен үйренген деседі.

Ибн Сина жүзге тарта кітап жазған. «Шифа», «Нәжәт», «Ишарат», «Ғайз», «Қанун» кітаптары мен «Хай Яқзан», «Сәләмән» атты шағын жазбалары автордың қаламынан шыққан еңбектердің бірсыпырасы1 . 

Ибн Сина және әл-Фараби  

Ибн Сина мұсылман философия мектебінің жарық жұлдызы. Ол өзінің философиялық дүниетанымы мен жүйесінде Әбу Насыр әл-Фарабиге көп қарыздар дейді мамандар. Әл-Фарабидің еңбектерімен етене таныс болған ол, бір шеті Әбу Насыр әл-Фарабидің шәкірті саналады. Алайда «ұстаздан шәкірт озады» демекші, философияда Ибн Синаның ұстазынан озған жерлері бар дейді зерттеушілер.

Ибн Сина және Ислам

Ибн Сина ең алдымен - теңдесіз дәрігер, екіншіден - «мәшшәи» (peripatetizm) философиясының Ислам әлеміндегі ұлы өкілі. Сондықтан да, оның «теология», «ақырет», «о дүние» сынды тақырыптарда Исламның дәстүрлі сенім-негіздерімен ұштаса бермейтін өзіндік тұжырымдамалары болары анық. Сол жөнінен де біраз Ислам ғұламаларының сынына ұшыраған. Тіпті «әлемнің бастауы жоқ, мәңгі», «Құдай Тағала «жүзиятты» білмейді» және «қиямет күні адамдардың тірілу құбылысы денемен емес, рухани болады» дегені үшін, Имам Ғазали (р.а.) сынды ғалымдар оны «кәпірге» шығарған2.

Алайда, Ислам ғалымдарының Ибн Синаға қатысты айтқан сыни көзқарастары «радикалды» сипатта емес, тек интеллектуалды тұрғыда болғандығын ұмытпау керек. Өкінішке орай, кейде дінге қарсы бағзы біреулерден «Ибн Сина қазір өмір сүрсе, діндарлар талап жеп қояр еді» деген жаланы естіп қап жатамыз. Бұл қаралаудан басқа ештеңе емес. Өйткені, Ислам діні шарықтап тұрған заманда Ибн Синаға ешкім тимей, қайта Бұхара басшысы оны сарайға алып, сарайдағы үлкен кітапханадан пайдалануға рұқсат беріп, құрмет көрсетілген болса, біздің заманда ол сияқты ғұламаға тиісіп не көрініпті?! Мұсылмандар қашанда ілім иелеріне құрметпен қараған.

Ибн Синаның тәубеге келуі

Ибн Синаның ақырғы өмірінде дінге қайшы келер тұжырымдамалары үшін өкініп, тәубеге келгендігін көбіміз білмейміз. Ол жайында беделді тарих кітаптарында айтылады. Ибн Синаның тәубеге келіп, иманын жаңалап кеткендігіне, 13 ғасырда өмір кешкен Сириялық тарихшы, биограф, шариғат ғұламасы Шәмсуддин ибн Халликән (р.а.) куәлік еткен. Ибн Халликан (р.а.) өзінің «Уәфиәтуль Аъян» атты құнды «автобиография» еңбегінде оған байланысты былай дейді:

«Ибн Синаның (өмірінің соңғы жағында) бойынан қуаты кетіп, өте қатты әлсіреді. Ақырында ем қабылдауды тоқтатып: «Денемдегі реттеуші куат әлсіреді, маған, енді ем дарымайды» деді. Одан соң жуынып, тәубе жасады. Дүниесін пақырларға садақа қылып таратып берді. Ақысына кірген адамы болса, кешірім сұрады. Құлдарын азат етті. Сосын үш күн сайын Құранды түгел оқып, хатым Құран түсіріп тұрды, кейін қайтыс болды»3.

Биограф, тарихшы Ибн Халликәнның аталмыш сөзіне өзіміздің тарапымыздан «әмин» дей келе, ұлы ғұламаның мекені пейіш болсын деген тілек білдіргіміз келеді! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1 Ибн Құтлубұға: "Тәжут-Тәражим". Ибн Сина. (Араб тілінде).
2 Ибн Кәсир: «әл-Бидая уән-Ниһая». (Араб тілінде).
Ибн Халликән: «Уәфиятуль Аъян». (Араб тілінде).

0 пікір