Нәжаши – Эфиопия патшаларына берілетін атау. Ал, тақырыбымызға арқау болып отырған нәжашидің шын аты Асхама ибн Әбжар. Әкесі де эфиопиялықтарға басшы болған кісі еді. Асхама соның жалғыз ұлы болатын. Нәжаши таққа отырған уақыттар ислам дінінің тарала бастауымен дөп келді.
Мекке мүшріктерінің мұсылмандарға көрсеткен қоқан-лоққысы әлінен асқан уақытта Алла елшісі (с.а.у.) «Ол өзінің елінде әділетсіздікке жол бермейтін патша» деп Нәжаши Асхаманы сыртынан мақтап, соның еліне көшу үшін сахабаларына жол сілтеді. Түрлі уақыттарда екі бөлек керуенмен жолға шыққан сахабалар Қызылтеңізден асып, Африкаға аяқ басты. Ол жерде расында да құрмет көрді, қадірлі қонақ болды. Бұл жағдай бірақ меккелік мүшріктердің ызасын келтірді. Амр ибн Ас (р.а.) (Кейіннен айтулы сахабалардың арасына қосылған) бастаған бір топ дереу мұсылмандардың ізін қуып сол елге баруға шешім қабылдады. Мақсат патша Нәжашиды мұсылмандарға айдап салып, өздеріне табыстауды өтіну. Нәжаши олардың өтірігі мен жаласын естігеннен кейін өзін пана тұтып келген жандарды тыңдамастан шешім қабылдамайтынын айтты. Сөйтті де мұсылмандардан бір топтың келуін сұрады. Алла елшісінің (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) көкесінің баласы, хазірет Алидың үлкен ағасы Жағфар ибн Әбу Талиб (р.а.) бастаған топ көп өтпей Нәжашидың алдына келді. Сол күнгі қалыптасқан дәстүр бойынша патшаның алдына келгендер сәждеге жығылатын. Алайда мұсылмандар өз сенімі бойынша бұлай істемеді. Мүшріктер бұған қуанып, енді бұлардың жолы болмайды десіп тұрды. Алайда Нәжаши оны көңілге алмады, бәрін құрметпен тыңдап, сұрақтарын қойды. Жағфар ибн Әбу Талиб (р.а.), қысқаша айтқанда, былай деді: «Біз надан қауым едік. Арақтан аузымыз босамай, құмар ойындардан бас алмайтынбыз. Ойнас жасап, адам да өлтіре беретінбіз. Жақсылыққа жуымай, жамандықтың бәрін жасайтынбыз. Алла тағала өз арамыздан пайғамбар жіберді. Ол бізге дұрыс жолдың қандай болатынын көрсетті. Бізді қанымызға сіңіп кеткен жамандықтардан арылтып, жақсылықты істерге баулыды». Христиан сеніміндегі Нәжаши Асхама хазірет Иса (a.с.) мен хазірет Мәриям туралы да сұрады. Жағфар (р.a.) хижреттен сәл бұрын түскен «Мәриям» сүресін оқыды. Ол оқыған сайын Нәжашидың көзінен жас парлады. Іле жерге иіліп бір тал шөп алды. Сөйтті де тарихта қалған мына сөзін айтты: «Аллаға ант етейін, сендердің пайғамбарларыңа түскендер мен хазірет Исаға түскендердің арасында мына шөптей де айырмашылық жоқ». Эфиопия (Хабаш) патшасы Әсхама нәтижеде Мекке мүшріктері тарту еткен сыйлықтарды кері қайтарып, жұртына келген мұсылмандарды панасына алатынын жариялады. Тіпті жанындағы поптардың қарсылығына қарамады. Деректер бойынша, мұсылмандармен кездесіп, тілдескені әрі олардың жүріс-тұрыс, іс-әрекетінен әсерленіп, аз уақыттың ішінде исламды қабылдады. Хижреттің 9 жылы Нәжашидың қайтыс болғанын уахимен білген хазірет Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) сырттай жаназа намазын оқыды. Сол уақыттардан бері Нәжаши ақиқат жолындағы жандарға қорғаныш болған әділ басшы ретінде мұсылмандардың ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Мұсылмандарды алғаш қабылдаған Нәжаши мен сырттай жаназа намазы оқылған Нәжаши екі бөлек кісі деген пікір кездеседі. Дегенмен көптеген мұсылман ғалымдар әрі Эфиопиялық қазіргі мұсылмандар екеуінің бір тұлға, яғни Нәжаши Асхама екенін мойындайды.
Тарихта хазірет пайғамбардың жазған хаты мен сол хатқа Нәжашидың берген жауабы сақталған. Хазірет пайғамбардың Нәжашиге жолдаған хаты: «Рахман әрі Рахим Алланың атымен! Алла елшісі Мұхаммедтен Хабашстан патшасы Нәжаши Асхамға! Саған сәлем! Жалғыз күш пен құдірет иесі Құддус, Мүмин әрі Мүхәймин Аллаға мақтау (хамд) айтамын! Иса Алланың рухы әрі сөзі екеніне куәлік етемін. Оны ары таза, кіршіксіз пәк, ұятты Мәриямның жатырына түсірді, нәтижеде Мәриям Исаға жүкті болды. Адамды да қолымен (жасап) әрі үрлеп жан салды. Сені бір әрі серігі жоқ Аллаға иман етуге шақырамын. Соған бойынсұнуда көмек беруге, Аллаға бағынуға, Аллаға және мен жеткізгендерге иман етуге шақырамын. Мен Алланың елшісімін. Саған көкемнің баласы Жағфар мен жанындағы мұсылмандарды жібердім. Барғанында оларды қонақ ет. Тәкаппарлықтан сақтан. Өзіңді және әскеріңді Аллаға сенуге шақырамын. Мен өз міндетімді орындадым, насихатымды айттым. Менің насихатымды қабыл етіңдер. Тура жолдағыларға сәлем болсын!»
Осы хатқа Нәжаши мынандай жауап жазған: Рахман әрі Рахим Алланың атымен! Нәжаши Асхам ибн Әбжардан Алланың елшісі Мұхаммедке! Уа, Алланың пайғамбары! Алланың сәлемі, рақымы мен берекесі сізге жаусын! Алладан басқа тәңір жоқ. Алла мені исламның тура жолына түсірді. Уа, Алланың расулы! Исаны да мазмұнында қамтыған хатың маған жетті. Көктер мен жердің иесіне ант етейін, Иса дәл өзің айтқаныңдай, одан артық емес. Біз сенің бізге жолдағаныңды мойындаймыз. Көкеңнің ұлы мен жолдастарын қонақ еттік. Сенің Алла елшісі екеніңе куәлік етемін. Ақиқатты айтудасың әрі Алладан қолдау табудасың. Өзіңе және көкеңнің ұлына серт (биат) бердім және оның қолымен әлемдердің иесіне өзімді тапсырдым. Уа, Алланың елшісі! Саған Әриха ибн Асхам ибн Әбжарды (яғни ұлымды) жібермекпін. Жаныма кел десең, келейін. Бірақ сенің барлық айтқаныңның ақиқат екеніне куәлік етемін».
Қуғын көріп кіндік қаны тамған елін тастап кетуге мәжбүр болып Эфиопияға 614 және 615 жылдары хижрет еткен сахабалар Африкадағы алғашқы мұсылмандар қауымын құрады. (Деректердегі басым көзқарас бойынша) Алғашқы керуенде 4-еуі әйел 15 кісі, ал екінші керуенде 19-ы әйел 111 сахаба болғандығы айтылады. Бұл кісілер Эфиопияның солтүстігіне, қазіргі Тигрэй облысының орталығы Meкелеге жақын жерге қоныстанып, жергілікті көптеген адамдардың исламды қабылдауына себеп болған. (Қазіргі батыстықтар ол аймақтарды мұсылманданып кеткен деп аса жақтыра бермейді). Ол жер қазіргі күні Нәжаши ауылы деп аталады. Өйткені Нәжаши қайтыс болғаннан кейін осы ауылда жерленген. Сол ауылда Нәжашимен қатар хижрет етіп, елдеріне қайтпай сонда өмірден өткен 15 қадірлі сахабаның да қабірі бар екен. Эфиопия тек Нәжашидың ғана емес, исламдағы алғашқы азаншы Біләл Хабашидың да (р.а.) отаны. Расулалла «Өз шешемнен кейінгі шешем» деп атаған Үммү Әйман да (р.а.) осы Эфиопиядан шыққан. Нәжашидың қабірін зиярат ететін туристер көбіне шейх Омар Әбрар әзірлеген мына дұғаны оқиды «Сәлем сізге, уа, ізгілікті әмірші! Сәлем сізге, уа, әділетті әмірші! Сәлем сізге, уа, Расулалла (с.а.у.) «Ол өз елінде әділетсіздікке жол бермейтін патша» деген тұлға! Сәлем сізге, уа, сахабаларға құрмет көрсеткен, Жағфар ибн Әбу Талибке (р.a.) «Менің елімде алаңсыз өмір сүріңдер» деген жан! Сәлем сізге, уа, өз халқына «Бұл мұсылмандарға тиіскендер жазаланады» деп жария еткен жан! Сәлем сізге, уа, Али Имран сүресіндегі бір аятта Жаратушы иенің өзі елшісіне мақтап айтқан адам! Сәлем сізге, уа, «егер ол пайғамбар менің еліме келсе, аяғын жуып, әрдайым жанынан табылып қызмет етер едім» деген жан! Сәлем сізге, уа, қасиетті аяттарды естігенде көңілі босап, көзіне жас алған, расулаллаға сыйлық жіберген, Алла елшісінің орнына мәхір төлеп пайғамбарды Үммү Хабиби бинт Әбу Суфиянмен некелеген жан! Сәлем сізге, уа, Алла елшісінің (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) хатын піл тісінен жасалған сандықшада сақтаған, ол қайтыс болғанда Расулалла мен сахабалары сырттай жаназа намазын оқыған құрметті жан! Осы құрметтер үшін Жаратушы ие сізді жұмақта Расулаллаға жолдас етсін! Алла бәрімізді жәннатта расулымен әрі сізбен жолықтырсын! Әумин!»
Неткен асерли окига, бурын да окыган болсам да, коз жасымды тия алмадым окыганда!
Макаланы жазгандарга Аллах риза болсын!