«Шейхым Хаммадқа шәкірт болғаныма он жыл толғанда, нәпсім (эго) мені жетекшілік мақамына ұмтылдырды (ұстаздық орнына отырып, елге пәтуа айтуға ұмтылдырды-ауд.). Сөйтіп, ұстазымнан бөлек кетіп, өзімнің дәріс алқамды құруды қаладым. Бір күні кешке ниетімді жүзеге асыруға шықтым. Мешітке кіргенімді ұстазымды көрдім, алайда одан бөлек дәріс алқасын құрып отыруды көңілім қаламады, сөйтіп қасына барып отырып, дәрісіне қатыстым.
Сол түні оған қаралы хабар келді. Басра қаласындағы бір жақыны қайтыс болыпты және артынан бай мұра қалдырыпты, алайда одан басқа мұрагері де жоқ екен. Жақынының жаназасына шұғыл кетуі керек болып, Шейхым Хаммад мені өзінің орнына отырғызып, елге тағылым беруді тапсырды.
Ұстазым кетер кетпес, бұрын-соңды естімеген діни сұрақтар қойыла бастады. Сол кеште қойылған сұрақтарға бір шеті жауап беріп, бір шеті берген жауабымды жазып отырдым. Кейін шейхым Басрадан оралды. Менен сұралған діни мәселелерді және оларға айтқан жауаптарымды Оған тексерттім. Шамамен алпыс шақты мәселе еді. Шейхым жауаптарымның қырқына келісіп, жиырмасына келіспеді (қалған жиырмасын қатеге шығарды).
Сол күннен кейін өз-өзіме: «Одан (Хаммадтан) дүниеден өткенше айырылмаймын!» - деп серт бердім» - деп, Әбу Ханифа (р.а.) пәтуа айтып, елге діни ілімде жетекшілік етудің қаншалықты ауыр жүк әрі жауапты іс екендігін ұқтырыпты.
Ұлы ғалымның ұшбу әңгімесі – қазіргі замандағы кейбір бауырлардың медресе бітіріп немесе төрт жылдық университет оқып өзін ғұлама санауы, діни мәселелерде өзін жетекші деп танып, пәтуа беруге өзін лайықты көруі қаншалықты қате екендігін ұқтырса керек.
Имам Ағзам Әбу Ханиф (р.а.) ұстазын қатты сыйлайтын болған. Ұстазына деген құрметі соншалықты, киімін шешкенде ұстазының үйіне қарап шешінбейтін болған екен әрі отырғанда ұстазының үйіне қарай аяқ созып отырмауға тырысатын болған деседі. Міне ескілікті ғұламалардың ұстазына деген құрметтері қаншалықты болғанын осыдан байқауға болады! Өйткені, шәкірттің ұстазынан озуы үшін ұстазына деген құрметі мол болмағы ләзім. Онсыз шәкірт ғалымдық деңгейге жете алмайды. Өкінішке орай қазіргі таңда көп қоғамда ұстаздың сыйы нашарлап, деңгейі шәкірт назарында төмендеп кеткен. Соның нәтижесінде білім де, ғылым да дамымай, құлдырап жатқан жайы бар.
Ертеректе халық білімділердің аузына қараушы еді. Қазір халық білімсіздердің аузына қарайды. Исламда ұстаз үлкен ұғым. Исламда білімнің діниі, не, діни емесі жоқ, ілім ол - ілім. Қоғамға пайдасы тиер ілімді оқу дінде парыз кифая. Білім тоқыраса мәдениеттілік тоқырайды. Мәдениеттіліктен жұрдай қоғам іштей шіріп, құрдымға кетеді. Алла сақтасын!