Әзіреті Омардың ішімдік ішкен баласына дүре соғуы
Әзіреті Омардың ішімдік ішкен баласына дүре соғуы
2 ай бұрын 3612

Әзіреті Омардың «Абдуррахман» есімді ұлының ішімдік ішіп, кейін халифа Әзіреті Омар оған дүре соққандығы жайында мәлімет хадис кітаптарында орын алған. Абдуррахман ибн Омар және Әбу Саруъа Ъуқбә ибн Хәрис екеуі шарап ішіп, артынан өкініп, сол кездегі Мысырдың әкімі Амр ибн Асқа барып жаза беруін өтінеді. Осылайша, күнәларынан тазарғысы келеді. Екі жігіттің шарап ішіп, артынан өкінулеріне қарап, оларды маскүнем болмағандықтарын аңғаруға болады. Тіпті олардың масайтпайтын сусын деп ойлап, алайда артынан мас болып қалғандарын, осылайша оны «абайсызда» болған ағаттық деп топшылаған риуаятшылар да бар. Енді кезекті сол оқиға берелік. Ол оқиға Омардың тағы бір ұлы Абдулла ибн Омар радияллаһу анһудан жеткен. Абдулла ибн Омар радияллаһу анһ інісінің басынан өткен оқиғаны былай әңгімелейді : 

«Әзіреті Омардың халифалығы кезінде менің інім Абдуррахман ибн Омар Мысыр қаласында жүргенде ішімдік ішті және онымен бірге Әбу Сәруъа Ъуқбә ибн Хәрис бірге ішкен еді. Екеуі де мас боп қалды. Азанда тұрып, мастықтары тарағаннан кейін Мысырдың әкімі Амр ибн Асқа барады. Әкімге барып екеуі:

- Бізді тазартыңыз! Біз ішкен ішімдігімізден мас боп қалдық, - деп айтады (дүре соғу жазасын беруді өтініп).

Маған інім келіп, мас болғанын айтты. Мен оған:

- Үйге кір, мен сені тазартайын! - дедім. Ол сәтте екеуінің Амр ибн Асқа барғандарын білмеген тұғым. Ол маған әкімге барғанын және әкімге мән-жәйды айтқанын білдірді. Сосын мен оған:

- Олай болса, үйге кір, шашыңды алып тастайын! - дедім. Ол кезде дүре соғу жазасынан кейін шашты да тықырлап алып тастайтын. Ол үйге кірді. Інімнің шашын өз қолыммен алдым. Кейін Амр ибн Ас оған дүре соқты.

Бұл жағдай Халифа Омардың құлағына жетті. Әзіреті Омар Мысыр әкімі Амр ибн Асқа:

- Абдуррахманды маған түйеге міңгізіп жолдап жібер - деп хат жолдайды. Амар ибн Ас солай істейді.

Абдуррахман әкесіне келген кезде Әзіреті Омар баласына тағы дүре соғады. Одан кейін Абдуррахман толық бір ай жүреді. Одан соң ажалы жетіп, қайтыс болады. Көпшілік оны Омардың дүресінен қайтыс болды деп ойлады. Алайда ол Омардың дүресінен қайтыс болған жоқ еді» - деп, ағасы Абдулла ибн Омар әңгімесін аяқтайды1.

Осы әңгімеден Әзіреті Омардың баласының арақкеш болған деген жансақ пікір қалыптастырудан аулақ болуымыз керек. Біріншіден, ондай дерек кездеспеген. Екіншіден, ішімдік ішкеніне өкініп, әкімге өзі барып жаза сұрап отыр. Бұл оның ондай күнәға еті үйренбегендігінің белгісі, яғни, ішімдік ішуге әдеттенбеген дегенді білдірмек. Үшіншіден, кейбір хадисшілердің топшылауына қарағанда, жемістен ашытылып жасалған сусынды жәй сусын деп ішкен болуы мүмкін, осылайша байқаусызда мас болып қалған болуы ықтимал.

Қалай болғанда да, бұл оқиғадан:

  1. Күнәсіне тәубе еткен жігітті көріп отырмыз.
  2. Және Халифа боп тұрса да өз баласын жазалаған Әзіреті Омардың әділдігін көріп отырмыз. 

1Абдурраззақ: «әл-Мусаннаф».

А. Қасым

 

0 пікір