Әзіреті Әбу Бәкірдің халифа болып тұрған кезіндегі қарапайымдылығы
Әзіреті Әбу Бәкірдің халифа болып тұрған кезіндегі қарапайымдылығы
1 жыл бұрын 2935

Әбу Бәкір (р.а.), Айша (р.а.), Ибн Мусәйяб (р.а.) және басқалар айтады: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қайтыс болған һижри 11-жылдың рабиуләууәл айының он екісіне тап келген дүйсенбі күні Әбу Бәкірге (р.а.) серт берілген болатын.

Әбу Бәкірдің үйі Мәдинаның Ауали деген аудандарының бірінде, Сүнхте еді. Әбу Бәкір әйелі Хабибамен бірге тұратын. Оған Сүнхте қыл шатырдан қоржын там салдырған еді. Мәдинаға қоныс аударғанға дейін сонда тұрды. Халифалық қызметке келгеннен кейін де алты ай бойы сол жерден табан аудармады. Күнде таңертеңгісін ертелетіп жолға шығып, Мәдинаға жаяу баратын. Кейде атқа қонатын, жұпыны киінетін. Мәдинада жамағатқа намаздарын оқытатын. Құптанды оқытқаннан кейін, Сүнхтегі үйіне, отбасына кері қайтатын. Өзі жоқта Омар (р.а.) имам болатын. Жұма күндері таңсәріге дейін Сүнхте болып, үсті-басын ретке келтіріп, жақын маңдағы қалаға барып, жұма намазын оқытатын.

Әбу Бәкір (р.а.) саудагер болатын. Күнде базарда сауда жасайтын. Бір отар қойын кейде өзі, кейде басқалар өріске шығаратын. Өзінікімен бірге сол жердегілердің де қойларын сауатын. Халифалық қызметке тағайындалғаннан кейін былайғы жұрттың оған бағынуға қатысты серт беруі кезінде бір қыз:

- «Енді қойларымызды кім сауады?» – деп қалады. Әбу Бәкір:

- «Ант етемін, сендер үшін бұл әдетімді тастамаймын. Қызметім қолбайлау болады деп қорықпаймын», – дейді. Шынында да, Әбу Бәкір халифа болғаннан кейін де, сол аймақтың қойларын сауып жүрді. Тіпті кейде сол қызға:

- «Көпіртіп сауайын ба, әлде жайлап сауайын ба?» – дейтін. Қыз:

- «Көпіртіп сау», – дейтін. Әбу Бәкір сол қыздың айтқанын істейтін.

Әбу Бәкір (р.а.) халифалық қызметке кіріскеннен кейін, мүлдем мұрнына су жетпейтін болды. Әбу Бәкір Сүнхтегі үйінде алты ай тұрғаннан кейін, қала орталығына көшті. Әр сәті еңбекпен, елге қолғабыс етумен өтетін, «Уаллаһи, саудамды тастайтын шығармын, өйткені ел басқаруыма кедергі болатын түрі бар. Елдің мүддесіне көбірек уақыт бөлуім керек екен», – дейді. Сөйтіп, Әбу Бәкірдің және отбасының күнделікті шығыны мен қажылық пен ұмраға жұмсауы үшін оған мемлекет қазынасынан жылына алты мың дирхам ақы тағайындалды.

Фәниден бақиға көшерінде: «Біздегі мұсылмандардың заттарын түгел иелеріне қайтарыңдар. Менде олардың бір сабақ жібі де қалмасын. Осы уақытқа дейін мемлекеттік қазынадан алған жалақыларымның қайтарымы ретінде жеке меншігімдегі пәлен-түген жерлерді қалдырмақпын. Ол жерлер енді мұсылмандардың ортақ меншігіне қабылдансын», – деп кетті. Оның атындағы жер, сүтті түйесі, жалғыз құлы және бес дирхамдық барқыт мата Омарға (р.а.) тапсырылды. Бұған куә болған Омар ол жайлы «Өзінен кейінгіге қиын соғатын өнеге қалдырды» деген1.


1  әл-Хинди, Кәнзул-уммал 5/840 (14077); Сахабалар салған сара жол, 1 том.

0 пікір