Аяғы ісігенше намаз оқитын Сафуан ибн Сүләйм
Аяғы ісігенше намаз оқитын Сафуан ибн Сүләйм
9 жыл бұрын 3451
Бақ БЕР

Сафуан ибн Сүләйм – табиғин дәуіріндегі танымал хадис ғалымдарының бірі. Жұрт ол кісіні Әбу Абдуллаһ және Әбу Харис деп те атаған. Туған мерзімі нақты белгілі емес. 132 (милади 749) жылы Мәдинада қайтыс болған. Хадис ілімінде сиқа (сенімді) ғалым болған. Ибн Омар, Әнас ибн Малик, Абдуррахман ибн Ғанам, Әбу Үмама ибн Сахл, Ибн Мүсәйяб, Әбу Сәләма ибн Абдуррахман, Ата ибн Ясар мен басқа да ірі тұлғалардан хадис шәріп риуаят еткен. Одан Зәйд ибн Әслам, Ибн Мүқадир, Мұса ибн Ұқба, Ибн Жүрайж секілді тағы басқалар хадис риуаят еткен. Әйгілі алты хадис жинағында ол риуаят еткен хадистер де бар.

Сафуан ибн Сүләйм жайлы айтылған сөздер:

Ахмед ибн Ханбәл (р.а.): «Абидтардың (құлшылық жасаушы) таңдаулыларының бірі, риуаят еткен хадистеріне сенуге болатын ғалым» деген.

«Көп сәжде еткендіктен, маңдайы қажалған» деп те айтылады.

Әбу Дамра: «Оны сондай күйде көрдім, егер оған ертең қиямет болады десе, сірә, істеп жүрген амалдарына қосар ештеңесі болмас еді. Яғни, құлшылық үшін бар күшін сарқа жұмсайтын».

Яқуб ибн Шайба (р.а.): «Сафуан құлшылықтан бас алмайтын ғалым еді» дейді.

«Түні бойы көп намаз оқитындықтан, аяғы ісіп кететін» деп те айтылады.

Абдулазиз ибн Әби Хазм: «Меккеге дейін түйеге мініп бірге бардық. Қайтқанша аяқ созып жатқанын көрмедім» деді.

Сафуан ибн Сүләйм (р.а.) жеткізген риуаят еткен хадис шәріптерінің кейбірі:

Саид ибн Ясардан риуаят етті. Расулалла (с.а.у.) былай деді: «Әркім жолдасының дінінде. Ендеше, қайсыбірің достық құратын адамын жақсылап таңдасын».

Сүлейман ибн Ясардан риуаят етті: Расулалла былай деп бұйырды: «Алла Тағаланың алдында нұрдан бір бағана бар. Құл «Лә иләһа иллаалла (Алла Тағаладан басқа құдай жоқ)» деген кезде осы бағана теңселіп кетеді. Алла Тағала: «Тоқта, тыныштал», - деп әмір береді. Бірақ ол: «Уа, Раббым, мына әдемі сөзді айтқан құлыңды сен кешірместен мен қалай басыла аламын?» дейді. Алла Тағала: «Мен оны кешірдім» дегенде, бағана тынышталады».

Әбу Сәламадан жеткен. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп бұйырды: «Қиямет күні барлық пенде жылайтын болады. Бірақ Алла Тағала тыйым салған дүниелерге қарамаған, Алла үшін ұйқысын қиған, Алладан қорқып жылаған жандар жыламайтын болады».

Әнас ибн Маликтен риуаят етті: Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді: «Бір құрманы садақа ретінде берсеңдер де тозақтан қорғана жүріңдер».

«Өмір бойы тек жақсы нәрселерді үйреніңдер. Алла Тағаланың рақымы болған ізгілігі мен игілігінің соңына түсіңдер, соларды қалаңдар. Өйткені Алла Тағаланың бұндай ізгілігі мен игілігіне Алла қалаған құлдар қол жеткізеді. Алла Тағаладан жабылатын жерлеріңді жауып, қорқыныштарыңды сейілтуді тілеңдер».

Әбу Дамра Әнас ибн Ияд айтуда: Рамазан немесе құрбан мерекесі еді. Сафуан ибн Сүләйм үйіне барды. Жанында бір кедей бар еді. Оған нан мен май берді. Пақыр кетті. Біраздан соң қайта келді. Сафуан (р.а.) екінші рет неге келдің деп әлгіге қабақ шытпадыы. Барды да оған бір динар тағы ұстатты. 

Әби Касир ибн Яхьия әңгімелеуде: Сүлеймен ибн Абдулмалик Мәдина қаласына келді. Омар ибн Абдулазиз болса, ол жерде әкім еді. Түскі намаз оқылғаннан кейін Сүлеймен ибн Абдулмалик михрабқа сүйенді. Жамағатқа қарады. Танымаса да көзі Сафуан ибн Сүлейменге түсті. Омар ибн Абдулазизге:

«Уа, Омар, мына кісі өте бір салмақты жан екен, бұл кісі кім?» дегенде ол: «Уа, мүминдердің әміршісі, бұл кісі Сафуан ибн Сүләйм» деді. Сонда Сүлеймен ибн Абдулмалик қызметшісіне: «Бес жүз динар салып бір кесе әкел» деді. Қызметші кесені әкелгенде, оған бір шетте намаз оқып тұрған Сафуан ибн Сүләймді көрсетіп, жаңағы бір бес жүз динарды соған беруді тапсырды. Қызметші тіке Сафуанның (р.а.) жанына барды. Бірақ ол кезде намаз оқып тұрды. Сәлем беріп намазын аяқтағанда, халифаның қызметшісін көріп, неге келгенін сұрады. Қызметші: «Мүминдердің әміршісі мына бес жүз динар салынған кесені сізге беруімді тапсырды. Бала-шағаңыздың керегіне жаратарсыз» деді. Сафуан (р.а.): «Қателесіп тұрған боларсыз. Мүмкін басқа кісіге жіберген болар» деді.

Қызметші: «Сіз Сафуан ибн Сүләйм емессіз бе?» дегенде: «Иә» деген жауап естіді. Қызметші: «Онда қателеспедік. Мүминдердің басшысы сіздің атыңызды атап тұрып тапсырды. Маған айтқан адамы нақ сізсіз» деді. Сафуан хазірет халифаның қызметшісіне: «Барып бұны жақсылап анықтап келгеніңіз дұрыс болар» деді. Қызметші: «Ендеше, сіз бұл кесені ұстай тұрыңыз, мен барып келейін» дегенде: «Жоқ, ұстамаймын. Егер ұстасам, оны алған болып саналамын. Одан да барып анықтап келіңіз» деді. Халифаның қызметшісі кеткенде, Сафуан хазірет аяқкиімін алып Пайғамбар мешітінен шығып кетіп қалды. Сүлейман ибн Абдулмалик сол жерден кеткенге дейін Мәдинада ешкімге төбе көрсетпеді.

Сүлеймен атты бір кісі былай дейді:

Шамнан біреу келді. «Сафуан ибн Сүләймді көргім келеді. Өйткені түсімде оның жұмақтық екенін көрдім» деді. Сафуанға: «Сонда не істеп едіңіз?» дегенде: «Оған бір көйлек себеп болса керек» деді. «Ол нендей жағдай еді?» дегенде, былай деп түсіндірді:

«Қыстың суық түндерінің бірінде Пайғамбар мешітінен сыртқа шықтым. Үстінде киімі жоқ бір байғұсты көрдім. Дереу ойланып жатпастан өз көйлегімді шешіп, соған беріп кеткенім бар».

Сафуан ибн Сүләйм хазірет әңгімелеуде:

Бір күні Абдулла ибн Ханзалаға (Ұхыд соғысында шейіт болғанда періштелер жуындырған сахабаның ұлы) шайтан көрініп: «Егер мені тыңдасаң, саған бір нәрсе айтайын» дейді. Ханзала (р.а.): «Сенен ештеңе тыңдағым келмейді», - деп жауап қатады. Сонда шайтан: «Мен айтарымды айтайын, қаласаң тыңда, қаламасаң, тыңдама» деп, былай дейді: «Уа, Абдулла ибн Ханзала! Алла Тағаладан басқадан сұрама. Ашуланған кездегі кейпіңе қара, қандай күйге түсесің, міне, осындай кезде менің дегенімді істей бастайсың».

1) Хилиятул-әулия, 3 т. 158 б.
2) Tахзибут-тахзиб, 4 т. 425 б.
3) Tазкиратул-Хуффаз, 1 т. 134 б.
4) әл-Мәнхалул-азбул-мауруд, 1 т. 277 б. 

0 пікір