Атымтай жомарт кім болған?
Атымтай жомарт кім болған?
4 жыл бұрын 30429
Абдусамат Қасым

Атымтай кім?

Өзінің аса жомарттығымен дастанға айналған «Атымтай жомарт» деген кісі жайында не білесіз? Қазақ фольклорында жомарттықтың үлгісі ретінде танымал Атымтай жомарт кім болған?

Қазақша «Атымтай», ал түпнұсқасында «Хәтим Тай» (حاتم الطائي) деген есіммен танымал ол - миләди жыл санауымен 6-7 ғасырларда өмір кешкен адам.

Толық аты-жөні: Хәтим ибн Абдулла ибн Сәъд ибн Али Фадыл ибн ат-Тай-и. Күниясы: Әбу Сәфәнә және Әбу Ади. Ұлты - араб.

Хәтим Тай - Исламнан алдыңғы жәһилият кезеңінде өмір сүрген араб шайыры. Тай руының басшысы болған. Өзінің аса жомарттығымен танылған жан еді. Оған байланысты «арабтардың ең жомарттысы» делінеді. Шығыс фольклорында оның жомарттығына байланысты көптеген хикаялар, ғибратты әңгімелер айтылған. (ХХ-ғасырдың бас кезеңінде (1913) «Хикаят дастан Хатым-Тай» деген атпен, хикаялар мен аңыздар, әңгімелер топтамасы қазақ тілінде жарық көрген. Авторы Е. Сарымбаев).

Хәтим Тай - жомарт болуымен қатар, өжет әрі батыр кісі еді. Аш-жалаңашты тамақтандырып, қамқорсызға қамқор болған.

Хәтим Тайдың діні христиан еді. Ислам діні келмей тұрып дүниеден өткендіктен, мұсылман болу мүмкіндігі тумады. Бірақ, оның қызы Сәфәнә және ұлы Адиге мұсылман болу бақыты нәсіп болды. Олар Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) көзі тірісінде мұсылмандықты қабылдап, сахаба атанады. Қызы Сәфәнә бинт Хәтим де (سفانة بنت حاتم الطائي)  әкесі секілді жомарт адам болған.

Хадис шәрифтерде Атымтай жайында айтылған ба?

Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) кейбір хадис шәрифтерінде Атымтай туралы айтылғандығы кездеседі. Мәселен, Имам Ахмедтың «Мүснәдында» Атымтайдың ұлы сахаба Ади ибн Хәтимнен жеткен бір хадис орын алған. Ол хадисте Хәтим Тайдың ұлы Ади Алла елшісінен (с.а.у.) әкесі жайында былай деп сұрағандығын айтады:

"Мен Алла елшісінен:

- Шынында, әкем (Атымтай) туыстармен арасын үзбейтін, ол мынадай нәрсе істеді, ол анадай нәрсе істеді. Ол үшін оған сауап бола ма? – деп сұрадым. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) маған:

- Шынында әкең іздеген нәрсесіне қол жеткізді, - деп жауап берді", - дейді сахаба. Яғни, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл хадисінде әкесінің іздегені атақ пен даңқ еді, ол онысына қол жеткізді деп отыр.

(Ахмен ибн Хәнбәл: "Мүснәд". Хасан хадис).

Басқа бір риуаятта, Сәһл ибн Сәъд әс-Сәъиди былай деп әңгімелейді:

«Хәтим Тайдың ұлы Ади Алла елшісіне (с.а.у.) келіп:

- Уа, Расулалла! Менің әкем (Атымтай) туыстармен байланысын үзбейтін, бәріне қарайласатын, адамдарды тамақтандыратын (ол үшін оған сауап бола ма?)» - деп сұрады.   

- Мұсылман болды ма? – деп сұрады Алла елшісі. Ол:

- Жоқ, - деді. Сонда Алла елшісі:

- Шынында әкең көптің аузында жүргенді жақсы көруші еді (сол жақсы көргеніне қол жеткізді), - деп жауап берді» - дейді сахаба.

(Имам Табарани: «әл-Кәбир». Әлсіз).

Дүние салған жылы

Хәтим Тайдың қайтыс болған жылы әртүрлі көрсетілген. Алайда, Сириялық жазушы, әдебиетші Хайруддин Зиркили өзінің "Китәбуль Аъләм" атты кітабында, Хәтим Тайдың миләди 578 жылы Тай аймағындағы таудың бірінде қайтыс болғандығын жазған. "Ол қайтыс болған жылы Пайғамбарымыз (с.а.у.) сегіз жаста еді" дейді автор.   

Хәтим Тай - кейінгі ұрпаққа көптеген жыр-дастандар мен қасидалар қалдырған шайыр. Өлеңдерінің көпшілігі осы күнімізге дейін жетпесе де, біразы әлі күнге дейін араб әдебиетінде өз барлығын сақтап келеді.

 

0 пікір