Атақты хадис жинаушы ғалым Имам әл-Бұхари неліктен Самарқанда жатыр?
Атақты хадис жинаушы ғалым Имам әл-Бұхари неліктен Самарқанда жатыр?
8 жыл бұрын 17496
Марфуға ШАПИЯН

Ислам әлемінде араб ұлтынан шықпаса да, күллі мұсылман қауымы мойындаған ғалымдар баршылық. Солардың ішінде хадис жинап, әйгілі «Сахих әл-Бұхари» кітабын жинақтап жазып шыққан Имам әл-Бұхаридың орны ерекше. Мұсылмандардың Құранынан кейінгі маңызды кітабының жазылуына үлес қосқан ғалымның қабірі Өзбекстанның Самарқанында жатқанын естігелі бері зиярат етуге құмартатын едік. Алла соның сәтін салып, атақты ғұламаның басында болдық, мемориалды кешенін көзімізбен көрдік, әл-Бұхариға қатысты өзімізді қызықтырған сұрақтарға жауап алдық. Бәрін ретімен баяндайық.

 

Мәскеу басшыларын дүр сілкінткен Имам әл-Бұхари

Өзбекстанның тарихы тереңнен бастау алатын көне шаһары Самарқанға табанымыз тие салысымен Имам әл-Бұхаридың кесенесінің қайда орналасқаны жайлы сұрастыра бастадық. Байқауымызша, оны білмейтін өзбек жоқ. “Имам әл-Бұхари” дегенде, әсіресе, бізді бастап жүрген гид Шухрат ағаның көздері жайнап кетіп: “Бүгін кештеу келдіңіздер ғой, қонақүйде жақсылап тынығып алыңыздар. Ертең таңда ертерек келейін, сіздерді бірден сонда апарамын. Самарқанмен танысуды сол жерден бастайсыздар”, - деп қуантып тастады. Ертеңіне гидымыз сөзінде тұрды, бізді қонақүйден алып, көлігіне отырғыза сала, Самарқаннан 30 шақырым жерде орналасқан ғалымның сүйегі жатқан Чилик ауылына қарай бастады. Және жолай Имам әл-Бұхари жөнінде ел арасына тараған таңғажайып аңыз-әңгімелерді баяндай жөнелді: “Сіздер қандай қасиетті жерге бара жатқандарыңызды білсеңіздер ғой. Имам әл-Бұхари деген өте мықты ғалым болған. Ол мына өзіміздің Бұхарада дүниеге келген. Кейін Меккеге барып, сол жақтағы арабтардың өзіне сабақ үйреткен. Ал қайтып келген соң Бұхара әмірінің “Мен айтқан адамдарға ғана сабақ үйретесің” дегеніне көнбей, қаладан қуылған. Сосын осы сендер бара жатқан жерге келіп, медресе ашып, өмірінің соңына дейін шәкірт тәрбиелеген. Сіздер қандай қасиетті жерді көретіндеріңізді білсеңіздер ғой!” – деп қайталап қоймады. Әл-Бұхаридей ғажап тұлғаны білмей не көрініпті?! Біз де қайта-қайта жолбасшымызға білетінімізді айтып, сендірмек болып қоямыз. Қарапайым өзбектің ұлы ғұламаға деген сүйіспеншілігінің шексіздігі ғой, бізге әл-Бұхаридың қадір-қасиетін жақсылап түсіндіргісі келгендей қайтадан әңгімесіне кірісті:“Мен сіздерге мынандай бір қызық оқиғаны баяндап берейін. Имам әл-Бұхари қайтыс болғаннан кейін қабірінен жан-жаққа шұғыласын шашып, нұр шығып тұрыпты. Қабір айналасынан жағымды иіс шығып, топырақтың өзі жұпар аңқыпты. Оны көрген адамдар тәбәрікке деп бір уыс топырақтан үйлеріне тасыған екен. Кейін осылай жалғаса берсе, топырақ қалмас деген оймен шәкірттері қабірді таспен бастырып қойыпты. Сол сәттен бұл қабірді зиярат етіп келушілер өте көп екен. Тек Кеңес үкіметі кезінде ғана мұнда келуге тыйым салынып, бұл жер қоймаға айналады, қараусыз қалады. 1954 жылы Мәскеуге араб елдерінің басшыларының бірі келмекші болады. Алайда ол бірден Мәскеуге келмейтінін, алдымен  Ислам әлемінің мақтанышына айналған тұлға Имам әл-Бұхаридың қабірін зиярат еткісі келетінін айтады. Өздерінде ондай тұлғаның бар екенін де білмейтін Мәскеу басшылары жанталасып іздеп, қараусыз қалған Имам әл-Бұхари кесенесін таптырады. Хрущев келе жатқан қонақты тікелей жол жоқтығын, өздері пойызбен алып баратындықтарын айтып, алдымен Мәскеуге келуге көндіреді. Сол жақтан Самарқанға пойызға отырғызып, 5 күнде алып келеді. Ал өздері ұтқан бес күнде Имам әл-Бұхари кесенесін қалпына келтіргендей реттестіріп қояды. Мәскеу қызыл жағалыларының өздері ертіп келген делегация Имам әл-Бұхари қабіріне қас қарая жетіпті деседі. Басында қадірлі қонақтары ары кетсе 15 минут аялдар деп оймен большевиктер күтіп тұрады. Сөйтсе, ол кісі таңға дейін сол жерде құлшылық етіп, тек күн көтерілгенде шығып, Хрущевтан Имам әл-Бұхаридың сүйегін сұрапты. Қараусыз жатқанын, көңіл бөлінбейтінін қырағы көзі байқап қойса керек. Алайда, Хрущевтің бізге жасаған ең үлкен жақсылығы сол, ғұлама бабамыздың сүйегін бермепті”, - деп жымың етті, жолбасшымыз.

Қызық әңгімені елітіп тыңдап отырып, мемориалды кешенге де келіп қалыппыз. Сол күні ауа райы салқындау әрі жаңбыр жауып тұрған еді. Соған қарамастан, мұнда адам өте көп болып шықты. Кешен айналасы автобус пен жеңіл көліктерге толы. Кесене қақпасына ағылып кіріп жатқан халықпен бірге біз де ішке қойып кеттік. Алайда, қақпа есігінен біздерді тоқтатып: “Шетелдіктер билет алып кіруі керек. Мұнда тек Өзбекстан халқына тегін”, - деді. Тоқтап билет, фотоға түсіруге рұқсат алдық.

Кешен ішіне кіргеннен кейінгі әсер мүлде бөлек. “Бір кездері дәл осы жерде Имам әл-Бұхари дәріс оқыған, құлшылық жасаған, ғылыммен айналысқан” деген ойдың өзі адамды ерекше күйге түсіреді.

Бұл жерге шағын кесене мен мешіт XVI ғасырда Шәйбанилер билік құрған тұста салыныпты. Біздің көзімізге түскен ұзын шынар ағаштар да сол кезде отырғызылған екен. Ал Кеңес кезінде мешіттен де, кесенеден де жөнді ештеңе қалмаған соң, Имам әл-Бұхаридың 1225 жылдығына орай Өзбекстанның ең үздік сәулетшілері бірігіп, осы мемориалды кешенді 1998 жылы салып бітірген екен.

Кешен 10 гектарды алып жатыр. Дәл ортада Имам әл-Бұхаридың кесенесі орналасса, сол жағында 1500 адамдық мешіт, кесене артында дәрісхана, оң жағында құнды жазбалар мен әр мемлекеттің президенттері сыйға тартқан Құрандар сақталған музей мен кітапхана бар. Барлығын араладық. Көрдік.

Әсіресе, Имам әл-Бұхари қабірінің басында тұрғанда ұлы ғұламаның өзімізге кітаптардан мәлім бүкіл ғұмыры көз алдымыздан өткендей болды.   

          

Есте сақтау қабілеті ерекше - Әбу Абдуллаһ

Имам әл-Бұхари біздің жыл санауымыз бойынша, 810 жылы, шәууал айының 11-жұлдызында жұма күні дүниеге келген. Толық аты-жөні – Мұхаммед ибн Исмаил ибн Ибраһим ибн Мұғира ибн Бардизбаһ әл-Бұхари әл-Жуғфи. Лақап есімі - Әбу Абдуллаһ. Әкесінен ерте айырылған оған діни тәрбиені Бұхара мешіттерінің бірінде имам болған атасы береді. Сонымен қатар, әл-Бұхаридың анасы да өте тақуа, діндар жан болыпты.

Бала күнінде әл-Бұхаридың көзі көрмей, соқыр болып қалады. Сонда анасы күні-түні Құдайға жалбарынып, баласына жанарын қайтаруды сұрайды екен. Күндердің күнінде анасының түсіне Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) кіріп: “Көп жалбарынуың себепті Алла балаңның көз жанарын қайтарды”, - деп аян береді. Міне, содан бері абзал ана Жаратушысына деген ризалықпен баласына тек діни білім үйрете береді.

Алла тағала әл-Бұхариге жастайынан зор қабілет берді, ол хадистерді тез-ақ жаттап алатын, есте сақтау қабілеті мықты болатын. Ал Құранды жатқа білгені айтпаса да белгілі. Онымен бірге білім алған Хамид ибн Исмаил осы қасиеті туралы: “Әл-Бұхари Басрада, ол кезде балаң жігіт шағы, бізбен бірге хадис білгірлері саналған әртүрлі ғұламалардың сұхбатына қатысып жүрді, бірақ ол еш нәрсені жазып алмайтын. Біраз күндерден кейін оған: “Сен бізбен бірге әртүрлі ғұламаларға барасың, бірақ еш нәрсе жазбайсың. Мұның себебі неде?” – дестік. Он алты күн өткен соң ол бізге: “Сендер тым көп сөйлеп, мазамды алдыңдар! Қане, не жазғандарыңды көрсетіңдерші”, - деді. Біз өзіміз жазған 15 мыңнан астам хадистерді ұсындық. Сонда ол оның бәрін жатқа айта бастады, тіпті біз оның айтқанына қарап қателерімізді түзеуге кірістік. Сосын ол: “Мені ғұламаларға уақытты босқа өткізіп, еріккеннен барып жүр деп ойлайсыңдар ма?” – деді. Содан кейін ешкімнің оны басып оза алмасына көзіміз жетті”, - деп еске алады.


Оның ерекше қабілетін, дарынын білетін Басра халқы әлі мұрты тебіндеп үлгермеген жас жігіттің соңынан қалмай хадис үйреніп, тіпті кейбірі жазып алып отырған екен. 

Имам әл-Бұхаридың есте сақтау қабілетінің ерекшелігі туралы оқиғалар өте көп. Солардың бірінде, оның Самарқанда төрт жүздей мұқаддиспен кездескені туралы айтылады. Олар Шам мен Ирак аймағындағы хадистердің иснадтарын араластырып, бір хадистың иснадын басқа хадистың мәтініне тіркеп, әл-Бұхариға оқып бергенде, ол бәрін реттеп айтып шыққан екен. Ал олардың ешқайсысы әл-Бұхари келтірген иснадтар мен мәтіннен бірде-бір қателік таба алмаған. Осы секілді оқиғалар оның жүрген жерінде қайталана берген. Тағы бір деректерде, Имамның бір рет оқыған кітабын жатқа айтқаны да келтіріледі.

 

 

Білім іздеп Меккеге барған әл-Бұхари

Имам әл-Бұхари өзі өмір сүрген өлкенің барлық ғұламаларынан тиесілі білімді үйреніп болғаннан кейін ілім бар деген жердің бәріне сапар шегеді. Әбу Жағфар әл-Уаррақ мынандай дерек келтіреді: “Бірде Әбу Абдуллаһ әл-Бұхаридан: “Сен хадистерді қалай оқып-үйрене бастадың?” – деп сұрағанымда, ол: “Он жасымда не одан да ертерек хадистерді оқып-үйренуді бастаған кезімде маған оларды жаттап алу қажеттілігі туралы ой келді. Сосын медресені тастап, әртүрлі ұстаздардан білім ала бастадым. Он алты жасқа жеткен шағымда Ибн Мубарак пен Уақиғтың кітаптарын жатқа оқып, олардың айтқандарын ойға тоқып үлгердім. Содан кейін анам және ағам Ахмадпен бірге Меккеге бардық та, сол жерде хадистер жинақтау мақсатында тұрақтап қалдық. Сөйтіп, он сегіз жасқа келгенімде, сахабалар мен табиғиндер және олардың айтқандары жайлы мағлұматтарды сұрыптауға кірістім”, - деп айтты”. Осы деректен-ақ білім іздеуші жас ғалымның 18 жасқа дейін көптеген хадистерді жатқа білгенін әрі білім іздеп Самарқаннан Меккеге аттанғанын байқаймыз.

Біздің заманымызға ол туралы жеткен деректер Әбу Абдуллаһ әл-Бұхаридың төрт жыл Меккеде тұрғанын айтады. Онда ол әйгілі мұқаддис ғалым Ахмад ибн Ханбалдың басшылығымен хадистерді зерттеп, үйрене жүріп, небір дін ғұламаларынан сабақ алады. Кейін сол кездері Ислам халифатының астанасы болып тұрған Бағдатта барып, білімін жалғастырады, сонда бірнеше жыл тұрақтап қалады. Артынан Мысыр, Шам, Нишапурға сапар шегіп, Таяу Шығыс пен Орта Азияның көптеген елдерін аралайды, болған жерлерінің барлығында хадис жинайды. Өз айтуынша, Имам хадис жинау барысында мыңнан астам мұқаддистермен жолыққан екен.   

 

Құлшылығына берік, іліміне адал Имам әл-Бұхари

Имам әл-Бұхари бар өмірін білім мен құлшылыққа арнады. Өзінің бір жазбасында ғалым: “Мен еш уақытта ешкімнен бір дирһам құнындай нәрсе сатып алған емеспін және ешкімге бір дирһам құнындай нәрсе сатқан емеспін”, - деп жиі айтатын. Тіпті нанның өзін оған біреулер әкеліп беріп отырған екен. Осы деректің өзі ғалымның ілімнен басқа еш нәрсеге алаңдамағанын көрсетеді.

Ол аса білімділігімен қатар, жомарттығы, тақуалығымен де көзге түскен. Ислам әлеміндегі білімнің орнын әрқашан көтермелеп отырған. Бірде жергілікті әмір сарайға келіп, баласына білім үйретуін сұрағанда: “Білім іздеуші білім иесіне өзі келуі тиіс”, - деп бас тартқан. Осыған ұқсас деректі Бәкір ибн Мунир келтіреді: “Бір күні Бұхараның әмірі Халид ибн Ахмад әз-Зухали имам Мұхаммед ибн Исмаил әл-Бұхариға: “Маған “әл-Жамиғ”, “әт-Тарих” және басқа да кітаптарыңды алып кел, не жазғаныңды өз аузыңнан естиін” деп сәлем жолдап, кісі жібереді. Сонда әл-Бұхари оған жіберген адам арқылы: “Ақиқатында, мен білімді адамдардың есігіне апарып қорламаймын, егер білімнен әлденеге мұқтаж болсаң, онда мешітіме немесе үйіме өзің кел” деп жауап қайтарады”. Тағы бір деректерде, әмір оған өз балаларына ғана білім үйретуді бұйырады. Имам одан да бас тартып: “Мен хадис тыңдауға біреулерді қатыстырып, екінші біреулерді қатыстырмай қоя алмаймын”, - деп жауап береді.

Сөйткен ғалым түнін құлшылыққа арнады, күндізінде ораза тұтып, өзгелерге білім үйретті, көп Құран оқыды. Рамазанның алғашқы түні кіре салысымен әл-Бұхаридың жолдастары оның үйіне жиналып, бірге намаз оқиды екен. Имам әр рәкағатта Құраннан 20 аяттан оқып, толық хатым еткенше құлшылығын жалғастырады екен. Ал бір жолы, намаз үстінде аяғын әбден ара шақса да, құлшылығын тоқтатпаған. Тек намаз біткен соң, айналасындағылар Имамның аяғының күп болып ісіп кеткенін, 17 жерінен ара шаққанын көреді.

Намаздарына берік, құлшылықтарына адал ғұламалар! Сендерден кейін бұл ауыр жауапкершілікті біздер арқалай алар ма екенбіз?!

 Алла тағала сені рақымына алсын, ей, хадистердің білгірі!

Имам әл-Бұхари кесенесінің басында тұрып, Ислам әлеміне теңдессіз мұра қалдырған ғажап тұлғаның өмірбаяны осылай көз алдымнан өтті. Ол өмірден өтерінде Аллаға “Мені Өз жағыңа ала көр!” деп дұға еткен екен. Өйткені, заманның өзгеріп бара жатқанын, бүлікшілердің көбейіп келе жатқанын көріп, қауіптенген. Содан көп өтпей, һижра жыл санауы бойынша 256-жылы сенбі күні, ораза айт мерекесі қарсаңында, кешке құптан намазының уақыты кіргеннен кейін дүниеден озған. Келесі күні бесін намазынан кейін жаназасы оқылған.

Енді міне, ұлы ғұлама тыныштық тапқан мекенге келіп, бар жан-тәнімізбен егіліп тұрмыз. Бізге Алланың бұл сүйген құлдарындай болу қайда? Олардың тақуалығы, ілімдарлығы мен біздің осы қалпымыздың арасында өткел бермес қаншама арақашықтық бар. Бірақ, біз Пайғамбар хадисіндегі “Ақыретте өз сүйгендеріңмен бірге боласыңдар” деген сөзінен үміттіміз. Біз Алланың ізгі құлдарын бар пейілімізбен жақсы көреміз, оларға шын жүрегімізбен ғашықпыз. Имам Муслим бірде әл-Бұхаридың маңдайынан сүйіп: “Уа, ұстаздардың ұстазы, мұқаддистердің мырзасы және хадистер ақауының емшісі, аяғыңды сүюіме рұқсат ет! Сені күншіл ғана жек көруі мүмкін. Бұл дүниеде саған тең келер ешкімнің жоқтығына куәлік беремін”, - деген екен. Біздікі де дәл осы сүйіспеншілік... Жақсы көреміз, дәріптейміз, артыңда қалдырған “Сахихың” ақыретке дейін Ислам әлеміне қызмет етеді!

Алла тағала сені рақымына алсын, ей, хадистердің білгірі!    

Фотосуреттерді түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ

0 пікір