«Әнә әл-Хақ» деген Халлажы Мансұр
«Әнә әл-Хақ» деген Халлажы Мансұр
10 жыл бұрын 5565
Бақ БЕР

Халлажы Мансұр сопылық жолдағы ірі әулие кісілердің бірі ретінде танымал. Шын есімі Хүсейін ибн Мансұр. Туылған жылы нақты белгілі емес, 243-246 (милади 857-860) жылдары арасында Иранның Байза қаласында туылғаны айтылады. 306 (милади 918) жылы шейіт етілді. Әкесі Махамма деп аталатын зәрдүшт еді. Жасөспірім шақтан бастап тасаууыфқа ерекше құмартты. Ірі әулиелерден Абдуллаһ Түстеридің дәрістеріне екі жыл қатысты. Он сегіз жасында Басраға барып, Амр ибн Осман Маккидің жанынан шықпай, бір жарым жылдай дәрістеріне қатысты. Екі әулиенің жанында да өте мықты риазет (нәпсінің қалауын орындамау), мүжахада (нәпсінің қаламағанын жасау) жасады. Жақсы отбасылардың бірі Әбу Яқуб Ақтаның қызымен отбасын құрды. Біршама уақыт Басрада тұрғаннан кейін Бағдатқа Жүнәйд Бағдадидың (р.а.) жанына барды. Жүнәйд (р.а.) оған үндемеуді және жұртпен кездеспеуді міндеттеді. Кейіннен Мәдинаға барып, бір жыл Рауда мұтаххарада болып, қайтадан Бағдатқа барды. Хорасан, Мауранахр, Ахуазды аралады. Ахуаз халқы оның насихат сөздерін ұйып тыңдады. Аузынан иләхи сырларды көп естігендіктен, жұрт оны Халлажы Әсрар деп атап кетті. Қажылыққа барып тұрды. Үндістанға да жолы түсті.

Тариқат жолында масайып көргендерін исламның сыртқы әдебіне сәйкеспейтін сөздермен тілге тиек еткендіктен, 306 (милади 918) жылы Зилқағда айының 24-і сейсенбі күні халифа Жағфар ибн Мұғтасым дәуірінде Бағдатта аяқ қолдары кесіліп, дарға асылып шейіт болды. Кейіннен мәйіті отқа өртеліп, күлі Дижла өзеніне шашылды.

Халлаж Мансұр өз дәуіріндегі кейбір захир ғалымдардың да түсіне алмаған Аллаға ғашықтықтан күйіп-жанған, адал құл еді. Нәпсі тәрбиесінің ең ауырларын бастан өткерген. Түрлі кереметтер де көрсеткен. Әдемі, шешен сөйлейтін. Парасатты, зерек, тылсым дүниелерге көзі ашық болатын. Өмірі құлшылық пен рияазатқа тола еді. Күн сайын мың рәкат намаз оқығандығы айтылады. Шейіт болатын күні түнде 500 рәкат намаз оқыған. Әр түні жоқ дегенде төрт жүз рәкат намаз оқуды өзіне міндеттейтін. Халлажы Мансұрға: «Осыншама биік дәрежелерге жете тұра неге өзіңізді қинайсыз?» делінгенде: «Алла тағалаға дос болғандардың ісіне рахат та, машақат та әсер етпейді. Олар Алла тағаланың сипаттарында пәни болады, өздерін ұмытқандықтан, рахат не ауыртпалық оларға әсер етпейді» деп түсіндірген. Әсілі Mансұрдың кәсібі халлаж (мақта ажыратушы) емес. Бірде досына барғанда, досы мақта тазалап отыр екен. Досын бір жұмысқа жұмсап: «Сенің жұмысыңды мен істей тұрайын» дейді. Саусағымен ишарат еткенде, мақталар өздігінен шаң-тозаңнан ажырап сала береді. Осы кереметі ел ішінде жайылып, оны былайғы жұрт «халлаж» деп атап кетеді.  

Шейіт етілмей тұрып насихат сұраған қызметшісіне: «Нәпсіңді өзіне міндетті іспен (құлшылықпен) шұғылдандыр! Әйтпесе, ол тыйым салған істермен (күнәлармен) шұғылданып кетеді» деді. «Ұлы Алладан басқадан қорыққан немесе бір нәрсені үміт еткен пенденің Алла жолын болдырмайды. Қайта бойына үрей салады. Өзі мен екі араға жетпіс перде тартады, ол перделердің ең жұқасы күдік пен күмән болып табылады».

Абдулмәлик Ауқаф әңгімелеуде: «Бір күні ұстазым Халлаж Мансұрдан: «Ұстаз, ариф деп кімді айтады?» деп сұрадым. Былай деді: Зилқағда айының бітуіне алты күн қалғанда, Сейсенбі күні 306 (милади 918) жылы Бағдатта аяқ-қолы шабылып, көздері ойылып, дарға асылып, мәйітін отқа жағып, күлі шашылған адам ариф сол». Осы айтқан уақытын есептеп жүрдім. Сөйтсем, өзін айтыпты. Тура сол айтқаны орындалды. Бірде түнде Мансұр хазіретті ешкім түрмеден таппады. Екінші күні абақтының өзі де, ішіндегі Мансұр да жоқ болып кетті. Үшінші күні зындан да, Мансұр да өз орнында екен. Бұның хикметін өзінен сұрағанда, «Алғашқы түні Алламен бірге едім, мені таба алмадыңыздар. Екінші түні ол менімен бірге еді. Сол үшін мені де, зынданды да көре алмадыңыздар. Үшінші түні барлық нәрсе өз орнынан табылды. Өйткені қасиетті шариғаттың үкімі орындалуы тиіс еді. Мені дарға асуларыңыз үшін» деді. Халлаж Мансұрды Бағдатта Тақ қақпасына апарды. Әуелі бес жүз дүре соғылды. Қыңқ еткен дыбыс шығармады. Өлмегенін көргенде, аяқ-қолдарын шапты. Халлажы Мансұр аяқ-қолдары шабылғанда: «Менің өңімді қорыққаннан сұрланып кетті деп ойламаңдар. Қан жоғалтқандықтан» деді.

Дар ағашына апарғанда одан «Тасаууыф деген не?» деп сұралды. «Тасаууыфтың ең төменгі дәрежесін міне менен көріп тұрсыздар». «Ал ең жоғарғы дәрежесі ше?» «Оны көруге шамаларың жетпейді». Дарға асылмай тұрып, халық тас лақтыра бастады. Лақтырылған тастарға ауырсынған дыбыс шығармады, тіпті күлімсіреді. Бір досы тастың орнына гүл лақтырғаны сол еді, қиналып кетті. Себебін сұрағанда былай деп жауап берді: «Тас лақтырғандар мені жақыннан танымайтындар. Олар хәлімді түсінбейді. Ал менің хәлімді түсінетіндердің бір гүл лақтыруының өзі маған ауыр тиді». Жендеттер аяқ-қолдарын шапқаннан кейін тілін де кеспек болды. Рұқсат сұрады да: «Алла тағалам, сен үшін мені қорлағандарды кешір! Сенің разылығың үшін менің көзімді ойып, аяқ-қолдарымды шауып, басымды, жанымды алған бұл құлдарыңды кеш!» деп дұға етті. Кейіннен тілі кесілді, басы шабылды, денесі өртелді. Күлі Дижла өзеніне тасталды. Күлі өзенге тасталғанда, су көбіктеніп көтеріліп кетті.  Тіпті Бағдатты су басып кететін қауіп төнді. Осы кезде бір досы шапанын алып, Дижлаға тастады. Дижла біршама уақыттан кейін басылды. Халлажы Мансұр оған шейіт етілмей тұрып: «Менің аяқ-қолдарымды шауып, басымды кескеннен кейін денемді отқа жағып, күлін Дижлаға шашып жібереді. Сол кезде өзен тасып, Бағдатты алып кете ме деп қорқамын. Егер сондай қауіп төнсе, шапанымды апарып суға таста» деген.

Халлажы Мансұрдың өліміне себеп болған «Әнә әл-Хақ» (Хақ ол менмін) деген сөз тасаууыф жолында қол жеткізген өзінің хәлі мен деңгейіне сай әрі ғашықтық мастықпен айтылған дұрыс сөз. Сырттай қарағанда, «Хақ менмін» деген бұл сөздің шынайы мағынасы: «Мен жоқпын. Хақ қана бар» деген сөз. Тасаууыфта өте нәзік білім әрі хәл Уахдату ужуд (болмысты бір көру) деңгейінде айтылған. Бұл ондай биік рухани дәрежедегілердің көргендерін басқа сөзбен жеткізе алмаған кездегі немесе оны айтуға сөз таппаған кездегі жағдайы. Бірақ бұл айтқаны исламның сырттай түсінігіне сыймайтындықтан, захир ғалымдар әрі қараңғы халық түсінбегендіктен, тәухидшілдер мен еместер ендігәрі бұндай сөздер айтпасын деп шейіт етілді.

Имам Раббани «Мәктубат» кітабының екінші том қырық төртінші хатында былай деген: «Ондай ұлық жандардың (Барлық нәрсе Алла деуі) деуі: өзге ештеңе жоқ, тек Алла ғана бар дегені. Мәселен, Халлажы Мансұр "әнә әл-Хақ (Хақ ол менмін)" деді. Бұнысымен мен Хақтың өзімін, Хақ Тағала маған дарыды, мен сонымен бірігіп кеттім дегісі келген жоқ. Бұлай айтқан адам кәпір болып, өлім жазасына кесілуі тиіс. Ол айтқан сөздің мәні (Мен тіптен жоқ екенмін, Хақ Тағала ғана бар) дегендік. Міне, сопылар (әулиелер) барлық нәрсені Хақ тағаланың есімдерінің және сипаттарының көрінісі, олардың айнаға түскен сұлбасы ретінде қабылдайды. Өзінің оған барып қосылғанын, затында өзгеріс болғанын айтпайды. Мысалы, адамның көлеңкесі өзінен шығады. Көлеңке сол кісімен біріккен, дәл өзі немесе ол төмендеп сол көлеңкенің кейпін алған деген секілді сөздер айтылмайды. Ол адам өз болмысын сақтайды. Көлеңке соның бір көрінісі ғана. Бұл адамды қатты жақсы көрген жан көлеңкені еш көрмейді. Оның өзінен басқа ешнәрсе де көрмейді. Көлеңке соның дәл өзі деуі мүмкін. Яғни, көлеңке жоқ, тек сол адамның өзі бар дейді. Бұдан мынаны түсінеміз, сопылар заттар Хақ тағаладан пайда болған, Хақ тағаланың өзі емес дейді. Олай болса, сопылардың (Барлық нәрсе сол (Алла)) дегені (Барлық нәрсе содан) деген сөз. Ахиндер де осылай дейді, екі жақтың арасында айырмашылық жоқ. Тек мынадай айырмашылық бар, сопылар зат Хақтың көрінісі дейді. Ғалымдар бұны айтпай тартынады. Затпен бірлесу, заттың ішіне кіріп кету деп ұғынылмасын деп бұл сөзді айтпайды».

Халлажы Мансұр хәлдері дұрыс, өз дәуіріндегілер қадірін мен деңгейін түсіне алмайтындай жоғары дәрежедегі уәли еді. Ол ешқашан өзін Құдайға теңемеді.

Қайта керісінше Аллаға есі кете ғашық болған, соның деміне мас пенде ретінде өмір кешті. Күндізін де, түндерін де құлшылықпен өткізді. Елу жасында: «Бүгінге дейін мың жылдық намаз оқыдым» деді. Исламның барлық бұйрықтары мен талаптарын қалтқысыз орындады. Мүбахтардың өзін өте аз қолданды. Өмірінде көп бәлеге тап болды. Бұл да Аллаға ғашық кісілердің деңгейі мен өмірінде байқалған жағдай. Оның хәлі мен мәртебесін түсінген көптеген ғалымдар мен әулиелер оның үлкен әулие болғанын айтқан. Ибн Ата, Әбу Абдуллаһ Хафиф, Шибли, Әбүлқасым, Наср Абади, Шейх Әбу Сайыд Әбүлхайыр, Шейх Әбүлқасым Жүржани, Шейх Әбу Али Фармади мен Юсуф Хамадани хазіреттері осылардың кейбірі ғана.

1 пікір