“Халид сияқты адам Исламнан қалайша нәсіпсіз қалады? Бойындағы күш-жігерін мұсылмандардың игілігіне жұмсаса, өзіне де абзал болар еді”. (Хадис)
Жеңілуді білмейтін қолбасшы Халид ибн Уәлид мүшріктердің мұсылмандарға қарсы ұрыстарының бәрінде де алдыңғы шепте жүрді. Алайда әр шайқастан кейін өзімен өзі соғысқандай күй кешіп, ағат басқандай жан сарайы жадауланып алай-дүлей болатын. Хұдайбия келісімі Халид ибн Уәлидтің мұсылман болуына жол ашты. Табиғаты арпалысты сүйетін жауынгер рухты Халид үшін бұл бейбіт келісім мұрсат мерзімі десе де болады. Өйткені, жеке қалған түндерінде шұғыласы шартарапқа кең жайылып, күннен күнге туы жоғарыда желбіреген жаңа дін жайлы бір сәт болса да дұшпандық ниетінен арыла отырып, шынайы пейілмен ойлана бастады. Алладан тура жолға түсіруді тіледі. Көкірегіндегі дұшпандығы мен жаман пейілінен арылып, бар пейілімен ой тұңғиығына терең бойлаған сайын Халид Мұхаммедтің (с.а.у.) нағыз пайғамбар екендігіне көзі жете бастады. Ол мұсылман болудың оңтайлы кезеңін асыға күтті.
Хұдайбия келісімі бойынша мұсылмандар орындай алмаған Умра сапарларының қазасын өтеуге Меккеге келген-ді. Халид Алла елшісінің көзіне көрінуге ыңғайсызданып, жасырынып жүреді. Меккеге келген мұсылмандардың арасында інісі Уәлид ибн Уәлид те бар еді. Ол Халидті қанша іздестірсе де таба алмады. Ағасына төмендегі хатты жазып тастап кетті:
“Бисмиллаһи-р-Рахмани-р-Рахим! Осыншама ақылды бола тұра Исламды қабылдаудан қашқаның ақылға қонымсыз. Ислам тәрізді ақиқат дінінен кім алшақ тұра алады? Расулаллаһ менен “Халид қайда?”, – деп сұрады. Мен: ”Алла оны алып келеді”, – дедім. “Халид сияқты адам Исламнан қалайша нәсіпсіз қалады? Бойындағы күш-жігерін мұсылмандардың игілігіне жұмсаса, өзіне де абзал болар еді”, – деді. Бауырым, есіңді жи. Тезірек жет. Мүмкіндікті уыстан шығарып алма”. Бұл хат Халидтың Исламға құлшынысын арттыра түсті. Әсіресе, Пайғамбарымыздың арнайы сұрап іздегенін естіген кезде, төбесі көкке жеткендей қуанды. Түсінде өте тар және құрғақ жерден кең әрі жап-жасыл бір алаңқайға шыққанын көріп, кейін ол түсін Исламды қабылдауға жорыған еді.
Халид Алла елшісінің (с.а.у.) құзырына баруға белін бекем буды. Алайда жалғыз баруға ыңғайсызданып серік іздеді. Жолда Осман ибн Талхаға кездесті. Оған ниетін айтып, екеуі Алла елшісіне (с.а.у.) бірге баруға келісті. Хиддә деген жерге барған кезде Эфиопиядан оралған Амр ибн Асқа жолықты. Амр да оларға қосылды. Амр ибн Ас Мекке мүшріктерінің ең айлалы, көзі қарақты саясаткері болатын. Мүшріктердің қатарында жүрген кезде Алла елшісіне (с.а.у.) қатерлі қастандық жоспарын құрушы азулы дұшпандарының бірі болатын.
Нұрлы Мәдинаға үшеуі бірге жетті. Оларды Халидтің бауыры Уәлид күтіп алып: “Тезірек жүріңіздер. Расулаллаһ сіздердің келе жатқандарыңызды есітіп, қатты қуанды. Ол сіздерді тосып отыр”, – деп сүйінші хабар жеткізді. Ислам бақытына бөленуге бет алған бұл үш баһадүр жайлы Алла елшісі: “Мекке өз сүйіктілерін құшағымызға табыс етті”, – деді. Шынында да, бұл үшеуі мұсылмандарға қарсы шайқасқан мүшріктердің ең жаужүрек ерлерінен еді. Әрине, мұндай күштердің мұсылмандарға келіп қосылуы Исламның бұғанасын қатырып, буынын бекіте түспек. Тағдыр тамаша сыйын тарту етті. Алла расулы (с.а.у.) өзіне топтанып келгендерге ғана емес, жеке келген адамдарға да айрықша мән беретін. Амр ибн Ас және Халид сияқты құрайыштың асыл ұлдары, дара тұлғалардың алдынан шығу үшін өзінің сахабаларын жіберіп үлкен ілтипат көрсетті. Халид сияқты Меккенің белді кісісіне жылы шырай мен ыстық ықыласын білдіргенде, Халид ибн Уәлид бақыттан басы айналады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Мен Халид осыншама ақылды бола тұра қалайша күпірлік ішінде жүр деп таң қалып, сенің бір күні келіп Исламды қабылдайтыныңа нық сенімді едім”, – деді. Халид ибн Уәлид ескі күнәларын еске алып, іштей қынжылды. Пайғамбарымыздан күнәларының кешірілуі үшін дұға етуін қатты өтінді. Әлемдерге рақым етіп жіберілген Пайғамбарымыз: “Ислам бұрынғы күнәларды санамайды, толығымен өшіреді”, – десе де, қанағаттанбай дұға етуін сұрайды. Алла елшісі (с.а.у.) қолын көкке көтеріп: “Аллаһым, ел- жұртты сенің жолыңнан алыстату үшін жасағандарын кешіре гөр!” – деді. Пайғамбарымыздың жылы шырайынан тебіреніп, бұдан кейінгі саналы ғұмырын, бойындағы бүкіл қуатын Ислам байрағын байтақ әлемге желбірету жолында жұмсады.
Бұл үш батырды қылыштың күшімен, мұсылман ету мүмкін емес еді. Олар Алла елшісінің (с.а.у.) шынайылығы мен табандылығына, аз уақыттың ішінде өзінің айналасына бірөңкей асылзада адал серіктер жинап, олардың ең сүйіктісіне айналғанына таңғалып, Исламға ықыластылық танытты. Ислам – зорлықпен қабылданатын дін емес, адамдарды бақытқа жеткізер ақиқат жолы. Ары таза, зер салып ойланған адам даңқты сахабалар сияқты бұған анық көз жеткізе алады.
Халид ибн Уәлидтің алғаш қатысқан шайқасы – Мута ұрысы. Бұл шайқас Пайғамбарымыздың грек патшасына жолдаған Харис ибн Үмәйрдің Шам әкімі тарапынан өлтірілуінен туды. Бұл оқиға Алла елшісіне ауыр тиді, өйткені, ол кезге дейін Елші өлтірілмейтін. Харис ибн Үмәйр Пайғамбарымыздың елшілерінен – ең алғашқы әрі соңғы шейіт. Расулаллаһ шұғыл түрде үш мың кісіден тұратын әскер жасақтады. Әскер басы болып Зәйд ибн Хариса тағайындалды. Халид ибн Уәлид Мутә соғысына қатысқан кезде екі ай бұрын ғана мұсылман болған еді. Мутә шайқасына аттанар кезде қолбасшылардың арасында оның аты да аталмаған. Ол шайқасқа қарапайым әскер ретінде қатысты. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хазірет Зәйд, Жағфар, Абдуллаһ ибн Рәуәхалардың аттарын атап: “Егер бұлар әлдеқандай жағдайға тап болса, Алла қылыштарының біреуі істі мойнына алсын”, – деген. Бұл жерде есім айтылмаса да, тарих Алла қылышының Халид екендігін көрсетті…
Шайқас алты күнге созылды. Алтыншы күні тағдырдың жазуы болып, Алла елшісі айтқанындай үш қолбасшы да майдан даласында бірінен кейін бірі шейіт болды. Ислам әскері қолбасшысыз қалды. Византиялықтар мұсылмандарды тегіс қырып жіберудің аз-ақ алдында тұрды. Көптеген сахаба шейіт болды. Соғыстың жан берісіп, жан алысқан шағында байрақты Сәбит ибн Әкрәм қолына алды. Сәбит артындағы Халидты көре сала туды соған ұсынды. Енді ғана мұсылман болған Халид алдында өзінен бұрын мұсылман болған мұһажирлер мен ансарлар бар кезде оларға қолбасшы болуға лайық емеспін деп кішіпейілдік танытты. Туды алғысы келмей тартыншақтады. Сәбит ибн Әркәм: “Туды сен қолыңа ал. Өйткені, соғыс тәсілін сен менен әлдеқайда жақсы білесің. Мен туды саған беру үшін алдым”, – деп бастырмалады. Сахабалардың қолқалауымен Халид байрақты қолына алды.
Сол түн Халидтың түні болды. Әртүрлі стратегия жасап, дұшпанның есін шығарды. Сол қанаттағыларды – оңға, оңдағыларды – солға, арттағыларды – алға шығарып, бейне бір жаңа күш келіп қосылғандай көрсетуге тырысты. Көзі таныс үйреншікті адамдарын көре алмаған византия әскерлері шынымен де жаңа қуат келді екен деп сасқалақтап қалады. Халид (р.а.) шабуылды үсті- үстіне үдетіп, бастырмалатып, жеңіліп бара жатқан Ислам сайыпқырандарын жеңіске бастады. Қалған мұсылман әскерлерін Мәдинаға шашау шығармай аман алып қайтты. Осы шайқаста Екі Жаһан Сардары (с.а.у.) қаһарман Халидке “Сәйфуллаһ” – «Алла қылышы» деген ат таңды. Тарихшылардың айтуынша, мұсылмандардың саны – үш мың, византиялықтардың әскер саны – жүз мың болыпты.
Сахабаларды теңдессіз етіп тәрбиелеуде алдына жан салмаған Алла елшісі әркімнің қабілет-қарымына қарай қызмет артқандықтан ол міндетін толық атқарған. «Сәйфуллаһ» атанған Халид барлық жерде Алланың алып түсер алмас қылышы болып, ешқашан жеңілуді білмеді. Алла елшісі уаһиге сүйенген парасаты арқылы мемлекеттің негізін ұстап тұратын тетіктерді орнымен қолдана білді. Ол қасиетті мектебінде Халид сияқты талай әскери тарландарды, әлемге әйгілі соғыс қолбасшыларын тәрбиеледі. Яғни, олардың қабілеттерін шыңдады. Хазірет Халид сол мектепте тәлім алып, бойындағы қабілеттерін кемелдендірген ұлы қолбасшы дәрежесіне жетті.
Мутә ұрысы – Исламның атақ-даңқы жер жаруына септігін тигізген шайқас. Бұл шайқас – қолбасшы Халидтің «Алла қылышы» деген атқа лайық екенін көрсеткен шайқас. Үшбу шайқаста Алла елшісінің ең жақсы көрген сахабаларының үшеуі шейіт болған еді. Жеңіске жеткізген Мутә шайқасынан кейін күллі шартарапқа Исламның саяси ықпалы мықтап мойындалды. Бұдан кейін Бәну Асфарда Исламның атағы жайылып, Алла елшісінің аты ол жаққа да жетті. Иә, саңлақ сахабалары да адамзатқа сый ретінде жіберілген Нәбиге (с.а.у.) жасалған бір тарту болатын. Ислам шапағаты демесек, аз уақытта, болмашы күш, соғыс тәжірибесі жағынан да басқа мемлекеттерден әлдеқайда тәжірибесіз, бір-бірімен үнемі қырқысып өткен “жалаң аяқ” арабтардың (бұл сөз оларды кемсіту мақсатында емес, қайта оларға тәнті болғандықтан қолданылды) мұншама жетістікке жетуін қалай түсіндіруге болады? Олар бұл іске шын жүректерімен кірісіп, шынайылықпен ауыр міндетті мойындарына алу арқылы Алла расулының (с.а.у.) терең сүйіспеншілігіне ие болған. Егер біздің ұрпақ та солар сияқты “ақиқат жолы осы” деп одан тайынбаса, сахабалар сияқты олар да Алла елшісінің (с.а.у.) сүйіспеншілігіне бөленбек.
Ардақты елші (с.а.у.) Халидты өз үйіне қоңсы қондырып, атты әскерге қолбасшы етіп тағайындады. Бұл Ардақты елшінің «Алла қылышына» деген көрсеткен құрметі еді. Ол Таиф қоршауында, Меккенің алынуында, Хунәйн соғысында және де басқа да ірілі-ұсақты ұрыстарға қатысып, Ислам майдангері бола білді. Хунәйн соғысында жараланды. Алла елшісінің берекетті дұғасының арқасында жарақаттары жазылды. Сүйікті елші Мекке алынғаннан кейін Узза пұтын талқандау үшін Халидті жіберді. Халид мелшиген меңіреу қара пұтқа қарап: “Ей, Узза! Мен саған сенбеймін. Сені құрметтемеймін де. Өйткені, Алла тағаланың саған еш құрмет етпейтінін түсіндім”, – деп пұтты күл-талқан қылды. Өйткені, Ұлы құдірет Алланың қасында дәрменсіз қара тақтайдан жасалған пұттың еш құны жоқ. Халид қара пұтты талқандау үшін құлшына кірісті. Пұттың бейнесіндегі бүкіл шіркке қарсы күрескендей жігер көрсетті. Бұл маңызды істі бітіргеннен кейін Алла елшісіне барып міндетін атқарғанын айтты. Алла елшісі: “Уззаның абыройы айрандай етілді. Бұдан былай арабтар үшін Узза жоқ. Оған енді ешкім табынбайды”, – деді. Халид де Аллаға мадақ айтып: “– Уа, Алланың елшісі! Бізге Исламдай ақиқат дінін сыйлап, құрдымға кетуден сақтап қалған Аллаға мадақ! Мен әкемнің жүз түйесі мен қойының ішінен ең жақсысын таңдап, Узза үшін сойғанын, оның қасында үш күн қалып үйге қуанышы қойнына сыймай келгенін көрдім. Әкемнің бүкіл ғұмырын пида еткен сеніміне, естімейтін, көрмейтін, зияны да, пайдасы да жоқ қу тақтайдан жасалған пұтқа құрбандық шалып, соншалықты алданғанына қайран қаламын”, – деді.
Басқа да сахабалар сияқты хазірет Халидтің де Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігі шексіз еді. Халид Ұхұтта мұсылмандарды үлкен зиянға ұшыратса да Алла расулына (с.а.у.) келіп мойынсұнып, серттесіп қол қысқаннан кейін, өзін Алла елшісінің (с.а.у.) бір бөлшегі сияқты сезінді. Тіпті алғаш шайқасқа оны алып шықпау Халидке ауыр тиіп, таң ағарып атқанша боздап жылаған еді.
Йәрмук шайқасынан көтерілген шаңнан күн тұтылғандай. Қан судай ақты. Ажал қылыштары сермеліп, зыңылдай ұшқан жебе, зулаған оқтардан көз тұнады. Осындай сәтте даңқты қолбасшы Халид басынан түсіп қалған сәлдесін іздеп алас ұрды да қалды. Ажал қатері қаперіне де кірмейді. Әскерлеріне сәлдесін қайткен күнде де табуға бұйрық берді. Сарбаздар әмірді екі етпей жыртылып-жыртылып қалған сәлдесін тауып береді. Түте-түтесі шыққан сәлдесін “сонша іздетудің құпиясы не” деп таңданған әскерлеріне қарап: «Расулаллаһ (с.а.у.) Умра жасар кезде шашын алғызды. Сахабалардың бәрі оның шаштарын жерге түсірместен қағып алып жатты. Мен де бәрінен шапшаң қимылдап, мүбәрак шаштан алып осы сәлденің ішіне сақтадым. Содан бері қандай шайқасқа кіріссем де жеңіске жеттім”, – деп Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігін көрсеткен еді.
Халид ибн Уәлидтің батырлығы мен жаужүректігін Пайғамбарымыз (с.а.у.) әлденеше рет мақтан еткен. Мекке алынып мұсылмандар жан-жақтан жиналған кезде Халидті (р.а.) байқап қалған Пайғамбарымыз Әбу Һурәйраға қарап: «Мына келе жатқан кім?» – деп сұрады. Әбу Һурәйра: «Халид ибн Уәлид», – дегенде: «Бұл – Алланың ең жақсы құлы», – деді. Тағы бір ретінде Пайғамбарымыз хазірет Халид жайлы: “Ол бәрін сендер үшін берді. Барын да, жоғын да шайқастарда Алла жолында сарп етті”, – деген-ді.
Халидтің (р.а.) дүниедегі татқан ләззаты – дін жолындағы жиһады. Жиһадты “ең жақсы көріп үйленген әйеліммен өткізген түннен немесе ұлды болып сүйіншіленген күннен де тәтті” дейтін. Ол сондай күндерінің бірін былайша баяндаған екен: “Расулаллаһтың әскерлерінің сапында едім. Түн тастай қараңғы. Дұшпанмен бетпе-бет келу үшін таң ағаруын сабырсыздана күттім. Мен үшін әлемде сол түннен асқан ләззатты түн жоқтай көрінді. Жетістікке жеткілерің келсе, жиһадтан тайынбаңдар”.
Хазірет Халид тек соғыс алаңында күреспен ғана шектелмей өзіне жүктелген Исламды үгіттеу ісін де өз дәрежесінде орындады. Мысалы, Нәжранға Харис ұлдарына Исламды уағыздауға жіберілді. Оларға Исламды түсіне аларлықтай дәрежеде айтып жеткізді. Харис ұлдары Халидтің уағыздауының нәтижесінде Исламды қабылдады. Халид ибн Уәлид қатысқан шайқастарында Алланың разылығын алуды көздейтін. Ярмук соғысында гректердің қолбасшысына Исламды уағыздады. Екі жақтың әскерлері бел суытып жатқан мезгілдің бірінде Халид ибн Уәлидтің әскери тәжірибесіне таңғалып онымен сөйлескісі келді. Византиялық қолбасшы Георгий Халидтен:
– Уа, Халид, шындықты айт. Азат адам жалған сөйлемейді… Сермегеніңді қақырата қаусататындай сендегі қылышты Алла пайғамбарға көктен түсіргені ме?
Халид:
– Жоқ.
– Олай болса, неге “Алланың қылышы” деп аталдың?
– Алла бізге пайғамбар жіберді. Кейбіреу оны мойындаса, кейбіреу оның айтқандарына сенбейді. Мен де сол сенбегендердің қатарында болатынмын. Соңында Алла жүректерімізді Исламға бұрып, бізді тура жолға түсірді. Пайғамбарымыз маған дұға етіп: “Сен – Алланың қылыштарынан бір қылышсың”, – деді. Осыдан кейін мен “Алла қылышы” деп атандым. Византиялық қолбасшы:
– Сендер халықты неге үндейсіңдер? – деді. Халид:
– Бір Аллаға және Исламға.
– Бүгін Исламды қабылдаған адамға сіздерге берілгендей сауап пен сый беріле ме? – деп сұрады. Хазірет Халид бүкіл жан дүниесімен:
– Иә. Бәлкім, ол бізден де жоғары болуы мүмкін.
– Сендер бұл дінге бұрын кірсеңдер, бұл қалай болады?– деді таңырқай.
– Біз Расулаллаһпен бірге өмір сүрдік. Оның мұғжизаларына куә болдық. Біздің көргенімізді көріп, естігенімізді естігендердің мұсылман болмауы ақылға қонымсыз. Сендер болса оны көрген жоқсыңдар. Сол себепті сендер ғайыпқа (көзге көрінбеген нәрселер) сенген боласыңдар. Егер шын ниет әрі ықыласпен Исламды қабылдасаңдар, сауаптарың мол болады.
Византиялық қолбасшы атымен Халидтің қасына тақап келіп:
– Уа, Халид, маған Исламды үйрет, – деді. Ол Халид арқылы жүрегі алып-ұшып, Исламды қабылдады. Екі бас намаз оқығаннан кейін өзінің бұрынғы жақтастарына қарсы соғысып шейіт болған еді.
Жеңілмес қолбасшы хазірет Әбу Бәкір мен Омардың халифалығы кезінде де қолбасшылық қызметін атқарды. Ислам дұшпандарының жүрегіне үрей салды. Өйткені, қол бастаған бүкіл шайқастарында жеңістен жеңіске жетіп отырды. Дос та, дұшпан да оның қылышы көктен түскендей көретін. Әскерлері оны адам кейпінде түсірілген періштедей қабылдады. Жеңістер үсті-үстіне үдеп, аты аңызға айнала бастады. Тіпті кейбіреу: “Егер Халид басқарса шығамыз, болмаса жоқ” дейтіндей дәрежеге жеткен. Бұл Омарды (р.а.) мазалай бастады. Өйткені, халық Алланың құдіреті мен жәрдемін ұмытып, барлық жетістікке Халидтің арқасында жетіп жатырмыз деп сене бастады. Сондықтан да хазірет Омар: “Халық жеңістерді сенің жеке басыңнан көруде” – деп, оны қолбасшылықтан алып тастады. Марапат естудің орнына міндеттен босатылғанын естіген кезде, бұл әмірге үн-түнсіз басын иеді. Менменсініп, көкірек қақпады. Халифаның айтқандарын құп алды. Белді, даңқты қолбасшы бола тұра, кезінде өзінің қол астында болған қатардағы бір жауынгердің басқаруында шайқас жолын жалғастырды. Ұлы мақсатқа жету жолында Халид үшін қарапайым әскер болу немесе қалың қол басқару арасында еш айырмашылық жоқ еді. Ол жай әскер болса да, қолбасшы болса да, бойындағы бүкіл қуатын өзі сенген Аллаға, серт берген Елшісіне (с.а.у.) және дін туының желбіреуі үшін жұмсайтын.
Алланың қолдауымен екі бірдей императорлықты жермен-жексен еткен Халид дүние салғанда, артында іліп алар дүние-мүлік қалмаған еді. Бұл –дүние жинамау керек деген сөз емес, көңілін өткінші дүниеге байламай, бұл дүниенің негізгі иесіне бағыштау деген сөз. Ол өлген кезде, артында тек жаугершілікте мінген аты мен қылышын қалдырды. Хазірет Халид ибн Уәлид қайтыс болар кезде: “Атымды, қылышымды әкеліңдерші, оларды соңғы рет бір көрейін”, – деп өмірін сұрапыл шайқастарда өткізгендігін еске ала көкірегі қарс айрылды. Бүкіл ғұмырын сұрапыл шайқас үстінде шейіт болуды армандап өткізген нар тұлғалы, алып батыр Халидке төсек тартып жатып өлу ауыр тиді. Бұл сезімін: “Қаншама шайқасқа қатыстым. Денемде қылыш сілтеніп, найза қадалмаған, оқ тимеген сау тамтық жер жоқ. Алайда төсегімде жан тәсілім етіп барам. Қорқақтар дүниеде масайрамасын”, – деп кетті өлерінде. Алланың қылышы дүниеден озған кезде халифа Омар: “Халид сияқты ерлерді ендігәрі ешбір ана дүниеге әкеле алмас”, – деп егіле жылады. Алайда ол тек Халидты жоғалтқаны үшін емес, өлімнің Омардың қолындағы мүмкіндіктен қаққаны үшін жылады. Өйткені, Халид өлмегенде халықтың жаңылыс сезімі басылған соң оны қайтадан қолбасшы етіп тағайындағысы келген еді.