Ақса мешіті – ең көне қасиетті орындардың бірі. Ол «шалғайдағы мешіт» деген мағынаны білдіреді. Йерусалим (Құдыс) қаласында орналасқан бұл тарихи мешіттің құрылысын Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) бастап, кейіннен ұлы Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) аяқтағандығы айтылады. Сол себепті «Сүлеймен мешіті» деп те аталған.
Ақса мешіті – Қағба (Харам мешіті) мен Мәдинадағы пайғамбар мешітінен кейінгі үшінші қасиетті орын болып табылады. Хадистерде осы үш мешітке құлшылық жасау ниетімен (қандай ауыртпалық пен машақат болса да көтеріп) баруға болатындығы әрі сауап жағынан жоғары тұратындығы айтылған (Мүслим, Хаж, 511).
Ақса мешітінің мұсылмандар үшін де қасиетті болып саналуына тағы бір себеп – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірінде орын алған айтулы Исра және Миғраж оқиғаларына осы мекеннің қатыстылығы. Құранда ол туралы: «Құлына өзінің бірқатар аяттарын көрсету үшін бір түнде Харам мешітінен маңайы мүбәрак етілген Ақса мешітіне апарған Алланың мәртебесі қандай ұлы! Күмәнсіз ол естуші әрі көруші» («Исра» сүресі, 1-аят), – делінген дерек бар. Ардақты расулымыз (с.ғ.с.) осы мешітте бүкіл пайғамбарларға имам болып намаз оқытқан.
Аяттағы «маңайы мүбәрак етіл-ген» деген ұғым да ол жерлердің қасиетті екенін аңғартады. Хазреті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Миғражға шыққан уақытында Құдыста қазіргідей мешіт болмаған. Тек Сүлеймен (ғ.с.) тұрғызған, бірақ кейіннен мүжіліп, қайта жаңартылған Ақса мешітінің қалдықтары болған. Әрі ол жер «Бәйтүл-Мақдыс» (қасиетті үй) деп аталған.
Тарихи деректерде Құдыс қаласын да «Бәйтүл-Мақдыс» деп атаған. Б.з. 70-жылдары Бәйтүл-Мақдыс қиратылғанмен, ғибадат орны ретінде білінетін. Сол себепті оның да қалдықтары сақталған болатын. Яһудилер «Жылау қабырғасы» деп атаған қабырға Сүлеймен (ғ.с.) заманындағы көне ғибадатхананың қалдығы ретінде есептеледі. Оны мұсылмандар «Пырақ қабырғасы» деп атайды. Бұл мешіт құрылысына Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) жындарды да жеккен делінеді.
Құдыс билігі мұсылмандар қолына өткен 636-638 жылдары хазреті Омар (р.а.) Ақса мешітін қайта тұрғызады. Мешіт құры-лысында өзі де жұмыс істейді. Бұл кезде ол шағын ғана бөлме тәріздес болған.
Әмәуи халифаларының бірі Абдулмәлик ибн Мәруан зама-нында Ақса мешітінің аумағын кеңейту жұмыстары қолға алынып, әл-Уалид уақытында (705 ж.) ол жұмыстар аяқталған.
747-48 жылғы жер сілкінісі кезінде мешіт толықтай қирап, Аббаситтер әулетінен шыққан халифа әл-Мансұр кезінде (754-775 жж.) қалпына келтірілген.
780 (әлде 775) жылы оның орнына келген әл-Махди тағы да қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген.
1033-34 жылғы жер сілкінісі кезінде Ақса мешітінің үлкен бір бөлігіне зақым келіп, екі жылдан кейін Әли әз-Зaхир жаңа мешіт етіп қайта көтереді. Ғимараттың қазірге дейін тұрған көп бөлігі осы уақыттарға тән.
Кезең-кезеңімен мұсылман би-леушілері қолға алып, мешіт-ті қалпына келтіру жұмыстары тоқталмай, күмбезі, мінбері, мұна-расы жасалып, ішкі құрылыс жұмыстары жүргізілген. Әйюбилер мен мәмлүктердің де бұған қосқан үлесі аз емес.
1099 жылы Крест жорығы кезінде мешіт шіркеуге, сарайға айналып, бір жағында рыцарь-тамплиерлер өздері тұрып, қару-жарақтарын сақтаған. Әйгілі Салахадин Әйюби оны крест-шілерден азат етіп, бұрынғы мешіт қалпына қайта келтірілген. Тіпті, медресе ретіндегі қызметіне де көңіл бөліп, кітапханасын байытқан.
Ақса мешіті – мұсылмандар-дың алғашқы құбыласы. «Жүзіңді құбыла ретінде Қағбаға бұр» деген мағынадағы аят түскенге дейін, хижреттен кейінгі бір жарым жылдай уақыт бойы сахабалар Ақса мешітіне бет бұрып намаздарын оқыған.
Ақса мешітіне қазіргі уақытта 5000 адам сыяды. Ғимарат іші кең жеті бөлмеден тұрады. Ішінде мәрмар тастардан жасалған бірнеше бағаналар бар.
Ақса мешітіне солтүстік жағындағы жеті есіктен кіруге болады. Бәрі де бір бөлмеге бастайды. Бұдан басқа да батыс, шығыс, оңтүстік бетте есіктері бар. Мешіт қабырғалары жартысына дейін мәрмармен, ал жоғарғы жағы керемет мозаикалармен көмкерілген.
Мешіттің астында қабырғасы тастан өрілген кең орын бар. Ол орынды Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) атқора ретінде пайдаланған көрінеді.
Соңғы ғасырларда да Ақса мешітіне қатысты әртүрлі тосын оқиғалар кездеспей қалмады. Айталық, 1969 жылдың 21 тамызында аустралиялық яһуди фанат Иса Мәсіхтің келу уақытын жақындатам деген мақсатта Ақса мешітіне іштен өрт қойып, біраз бөлігін зақымдады.
1980-1982 жж. Мейр Кахан атты біреудің мешітті жарып жіберуді көздеген террорлық әрекеттерінің алды алынды.
1983 жылы 21 наурызда Ақса мешітіне жасырын кіру үшін қазылған туннель табылды.
2007 жылы Израиль архео-логтары мешітке өте таяу жерде (200 м.) жоспарлы қазба жұмыстарын жүргізбек болғанда ол жергілікті араб халқының наразылығын тудырды.
Қорыта келгенде, Ақса мешіті – үш діннің өкілдері: иудейлер, христиандар және мұсылмандар үшін ортақ қасиетті мекен болып табылады.