"Айша анамыз Пайғамбарымызға тұрмысқа шыққанда 18 жаста еді..." (жан-жақты талдау)
"Айша анамыз Пайғамбарымызға тұрмысқа шыққанда 18 жаста еді..." (жан-жақты талдау)
3 жыл бұрын 61355 islam-orkenieti.kz/
Риза Саваш, Ислам тарихшысы, профессор, доктор.

Бізге жеткен риуаяттың көбінде Айша анамыздың Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) сөз байласып, айттырылған уақыты алты жасында болғандығын, ал үйленген уақыттары тоғыз жас екені айтылады[1]. Осы риуаятқа берілген жауаптар да мұны растай түседі. Айша анамыздың осы жаста тұрмыс құрғанын қалыпты жағдай екенін білдіру үшін түрлі жорамалдар жасалды.

Мұның басында мына бір жорамал тұрды: «Ауа райы ыстық болған жерлерде қыздар тез жетіледі. Сондықтан олар тоғыз, он жаста тұрмыс құратын жасқа лайық деп табылды». Бұл мәлімдеменің ешқандай статистикалық мәліметке сүйенбегенін айта кету керек. «Ауа райы ыстық аймақтар үшін жасалған бұл жорамалдар, халық санының қаншасына тиесілі? Бұдан басқа жағдайлар бар ма? Егер де бұл мәліметтер рас болса, Айша анамыз шын мәнінде ерте жетілді ме? Айша анамыздың жаратылысы ерте жетілуге дайын ба?» деген сияқты сұрақтар болмай-ақ Айша анамыздың ерте жаста тұрмыс құрғанын айтып жүр. Бірақ, кейбір риуаяттар, Айша анамыздың дене-бітімі кішкентай болғанын растайды. Айша анамыз өте жеңіл еді, оны түйенің үстінен зембілмен түсіргендер Айша анамыздың зембіл үстінде отырған-отырмағанын сезбей қалады екен[2].

Сондай-ақ, Айша анамыздың анасы, Айшаның әлсіз болғаны үшін тұрмысқа берместен бұрын әлденіп алсын деген ниетпен көп құрма жегізгендігі туралы риуаяттар кездеседі[3]

Осы тақырыпқа байланысты айтылған мәліметтерді қайта зерттеп шығуды жөн санаған Омар Рыза Доғрул мырза Айша анамызға құда түскен уақыт, бізге жеткен мәліметтерде көрсетілген жастан үлкен деген тұжырым жасаған[4]

Осыған орай бұл тақырыпқа байланысты айтылған алғашқы риуаяттар мен соңғы риуаяттарды ескере отырып, бір нәтижеге баруды жөн көрдік. Жоғарыда көрсетілген риуаяттардың ішінде ең кең тараған риуаяттардың бірінде, Айша анамыздың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) тұрмысқа шыққан жасы тоғыз жаста болғандығын білдірген. 

Десек те, Айша анамыздың жасын аталмыш жастан шамамен он жасқа үлкен көрсететін риуаяттар кездеседі. Бұл дәлелдеріміз алғашқы Ибн Мәнденің (өлген жылы 1005) «Марифәтус-Сахабә» атты кітабында бар. (осы риуаятқа байланысты кең мағлұмат үшін, Али Ярдым, Хадис I том, Измир 1984, 80-бет қараңыз.). Көрсетілген мәліметтер мынау:

«…Әсма бинт Әбубәкір, яғни Әбубәкірдің қызы Әсма, Айша анамыздан он жас үлкен болған»[5].

Сондай-ақ, Әсмәның жүз жасында һижраның 73 жылы дүниеден өткені басқа да әдебиеттерде айтылған[6]. Осыған байланысты һижраның 73 жылы жүз жасында дүниеден өткен Әсма һижрет басталған жылы 27 жаста болған (100-73=27). Демек, Әсмадан 10 жас кіші болған Айша анамыз, һижрет жылында 17 жаста болғандығын айтуға болады. Ал енді, осыған қарай отырып, Һижреттен кейін сегіз айдан соң тұрмысқа шыққан Айша анамыз Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) тұрмысқа шыққан уақытта 18 жаста болғандығын нақты айта аламыз[7].

Һижреттен бұрын Меккедегі мұсылмандардың жағдайына байланысты кейбір риуаяттар Айша анамыздың һижрет уақытында 17 жаста болғанын дәлелдеуде. Ибн Ханбәлдің бір риуаятында Айша анамыз былай деді:

«Менің ақылым кемелденді. Әке-шешемнің тақуа адамдар екеніне көз жеткіздім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әр күні азанда немесе кешке біздің үйге келетін. Мұсылмандар қиын жағдайда болғандықтан, Әбубәкір де Хәбәшистанға көшуге дайындалды…»[8].

Бұл риуаятта Айша анамыз Мекке уақытында Әбубәкір отбасының Исламмен байланысты болғанын және Хәбәшистанға һижрет уақытын түсіндіруде. Мұны басқа біреу риуаят етпей, сол уақытта Меккеде болған жағдайды бізге тікелей Өзі (Айшаның өзі) жеткізуі, оның болған жағдайды толық меңгергенін, түсінгенін білдіреді. Ал егер Айша анамыз Мәдинаға һижрет уақытында сегіз жаста болған деп есептейтін болсақ, Әбубәкір (р.а.) Хәбәшистанға көшуге дайындық жасаған уақытында Айша анамыз әлі өмірге келмеген тұғын (ал, өмірге келмеген адам қалай "менің ақылым кемелденді..." деп тәптіштеп айтала алады).

«Айша анамыз бұл риуаяттарды басқа біреуден естіп риуаят еткен» деп есептейтін болсақ, онда екі нұсқаға бөлуге болады. Риуаяттың бірінші нұсқасы һижреттен үш-төрт жыл бұрынғы жағдай, екінші нұсқасы һижреттен сегіз-тоғыз жыл бұрынғы жағдайды білдіреді. Бұл нұсқаларды жорамалдау бір жағынан өзімізді қинау, енді бір жағынан қателікке ұрындырады. Өйткені риуаяттың бірінші нұсқасында Айша анамыз басқа біреуден естігенін емес, өзі куә болғанын айтқандығы айдан анық. Екінші нұсқа, бірінші нұсқаның жалғасы ретінде, әрі арабша түсіндіру бойынша да, адамның қабылдау жағынан да бір-біріне сәйкес болып тұр.

Ибн Исхақ, мұсылман болып, Ислам дініне кіргендердің тізімін жасаған уақытта, Айша анамызды Хәбәшистанға һижрет етпестен бұрын мұсылман болғандардың арасында деп жазған[9]. Сонда Айша анамыз Мәдинаға һижрет уақытында сегіз жаста болса, Хәбәшистанға һижрет уақытында әлі туылмаған болады. Ибн Хишам да осылай деп риуаят еткен[10]. Бұл екі кітапта да Ислам дініне кіргендердің есімдері хронологиялық тізіммен жасалған.

Ибн Асакир, Мұхажирлерден Исламға алғаш кіргендерді санаған кезде, Айша анамызды біз айтқан тізімнен шығарып тастаған, бірақ оны толық жасамаған еді[11]. Ибн Исхақ және Ибн Хишам, Айша анамызды алғашқы мұсылмандар қатарына жатқызған уақытта, оны кішкентай жастағы қыз деп түсіндіру үшін «кішкентай болған Айша» немесе «Айша бинт Әбубәкір ол, бұл уақыттарда әлі кішкентай еді», – деп тіркеген. Ибн Асакир, «кішкентай қыз» сөзін Әсма бинт Әбубәкір үшін қолданған. Алайда Әсма шамамен 14-15 жас кезінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ислам дінін әкелген болатын (яғни, Пайғамбарлық енді келген еді). Әсмә Ислам дінін қабылдаған кезде бойжеткен қыз еді, яғни кішкентай қыз емес еді. Мұндағы кішкентай қыз, 10 жылдан кейін өмірге келген Айша анамыз болатын. Бұл риуаят та Айша анамыздың Мәдинаға һижрет уақытында 17 жаста болғанын растайды.

Мүмкін Ибн Асакир, Айша анамызды Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тұрмыс құрған кезде тоғыз жаста болған деген риуаяттардың әсерінен Ибн Исхақ және Ибн Хишамның айтқан тізімдерін өзгертуге тырысқан болар, бірақ оны да жартылай кем жасаған.

Сонымен қатар, Айша анамыздың Меккелік кезеңді түсіндірген жайты өте маңызды. Әл-Бұхаридің айтуы бойынша, Айша анамыз «Мен Меккеде ойнап жүрген кішкентай қыз едім. Сол кезде «Әлбетте оларға уәде етілген қиямет, ол - үрейлі, тым ащы бір мезгіл» деген аяты түсірілген болатын»[12] - дейді. («Қамар» сүресі, 46).»

Бұл аят шамамен Пайғамбарлықтың төртінші жылы түскен (Алғашқы түскен сүрелер үшін қосымша қараңыз: Әс-Суюти, әл-Итқан, Бейрут 1987, I том, 29-50-бет). Сол уақыттағы жағдайлардың ақ-қарасын ажырата білген болса, Айша анамыз ол уақытта шамамен сегіз-тоғыз жаста еді, олай болған жағдайда Мәдинаға һижрет (көш) уақытында, ол 17 жаста болған. Осы көрсетілген мәліметтерден 17 жаста болғандығы айдан анық болып тұр[13].

Бұл жазуымызда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен Айша анамыздың сөз байласқан уақытын қолдайтын риуаятқа назар аударсақ. Хадиша анамыз дүниеден өткеннен кейін, отбасындағы бар жүк Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ауыртпалық түсірді. Бұл жағдайды аңғарған Хаула бинт Хаким есіміндегі бір мұсылман әйел мен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арасында мынадай әңгіме болады:
– Ей, Алланың елшісі! Үйленбейсіз бе?
– Кіммен?
– Қаласаң қызбен, қаласаң жесір әйелмен.
– Қыздардан кіммен үйлене алам?
– Әбубәкірдің қызы Айша.
– Жесірлерден ше?
– Жесірлерден Саудә бинт Зәма бин Қайыспен.

Хаула кейін Әбубәкірдің (р.а.) үйіне келіп, Айша анамыздың анасы Умму Руманға мән-жайды түсіндірді. Ол Әбубәкір (р.а.) келсін деді. Әбубәкір (р.а.) келіп мән-жайдан хабардар болған соң: «Ол бауырының қызы ғой, оған бауырының қызымен үйленуге бола ма?» – деді. Хаула Пайғабарымызға (с.ғ.с.) келіп мән-жайды баяндады. Кейін Пайғабарымыз (с.ғ.с.) Хауланы қайта жіберіп: «Біздің бауырластығымыз дін бауырластығы, сондықтан оның қызы маған халал екендігін айт», – деп бұйырды. Хаула Әбубәкір (р.а.) жанына барып мән-жайды айтты. Әбубәкір (р.а.) бұл жәйт болмастан алдын Айша анамызды Жүбәйр бин Мутимға атастырып қойған болатын. Бірақ Жубайрдың отбасы Айша анамызды алғысы келмеді. Өйткені оның отбасы мүшріктер еді. Өз ұлдарының қайын атасының ықпалымен мұсылман болып, аталарының дінін тәрк етуі мүмкін деген қорқыныштан сөзді бұзған болатын. Содан кейін Әбубәкір (р.а.) Айша анамызды Пайғабарымызға (с.ғ.с.) атастырды[14].

Риуаяттың соңғы жағында Айша анамыздың жасы бұл уақыттарда алты жаста деп жазылса да, әт-Тәбәрәнидің жазған риуаятында бұл уақыттарда алты жаста еместігін растайтын деректер бар. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хадиша анамыздың өлімінен кейін, көп ұзатпай үйлену керек деп ойлаған. Хауланың алты жастағы қыз балаға үйлен деп ұсыныс айтуы ол ақылға қонымсыз болары анық. Және бұл ұсыныс екі түрде жасалды: «Қыз қаласаң - Айша анамыз. Ал жесір қаласаң - Саудә» деп жасалған ұсыныста Айша анамыздың алты жаста болуы мүмкін емес. Бұл ұсыныспен Хаула, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі ұсыныстың біреуін таңдайтынын түсіндіргісі келді. Екі түрлі әйелге ұсыныс жасағаны жайында нақты бір дәлелі жоқ. Біздің көзқарас бойынша, Айша анамыз 14-15 жастағы бойжеткен болғандығы, ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хадиша анамыздың өлімінен кейін оның орнын басатын жасы келген әйелмен үйленуді жөн көрді. Өйткені, Хадиша анамыз қайтыс болғаннан соң Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бала-шағасына қарап, үй шаруасын істейтін ешкім жоқ еді. Бұл істерді 14-15 жастағы бір қыздың істеуі мүмкін емес деп айта алмаймыз, бірақ қиын болар еді. Дәл осы уақыттарда Мекке мүшіріктерінің Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) және мұсылмандарға қарсы зұлымдықтары жиілеп кеткен болатын. Осындай оқиғалардан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден кетіп, жаңа бір жерге қоныстануды ойластырып жүр еді. Сондықтан Саудә анамызбен үйленіп, Айша анамызбен үйлену мәселесін кейінге қалдыруы түсінікті жәйт деп ойлаймыз.

Сондай-ақ, бұл риуаятта түсіндіріп кететін жәйт: бірінші болып құда түскен жақ, өз сөздерін бұзғандықтан Айша анамызға үйленетін болса, жігіт өз дінін тастап мұсылман болып кетуден қорықты. Бұл құда түсу уақыты, негізінде Ислам дінін насихаттамастан бұрын болғанын көрсетіп тұр.

Көптеген риуаяттарда осы құда түсу мәселесі бұзылған уақытта Айша анамыздың алты жаста болғандығы айтылған. Алайда, егер бұл оқиғаны Пайғамбарлықтың оныншы жылында болды деп есептейтін болсақ, онда Айша анамыз Ислам дінін насихаттауды бастаған жылдары туылмаған болуы керек еді. Сондықтан Айша анамыз алғашқы құда түсу мәселесі бұзылған уақытында алты жаста емес, 14-15 жастағы бойжеткен қыз болған болуы керек.

Басқа да көзқарасқа назар аударсақ, Умму Руманмен үйленген Әбубәкір Сыддықтың, Умму Руманнан Абдуррахман және Айша есіміндегі екі перзентінің болғаны анық. Бұған қарсы дәлел болмағандықтан, сол замандағы шарттар бойынша бір әке-шешеден туылған бауырлардың арасы 1-2 жас болуы тиіс. Яғни Абдуррахман Айша анамыздан 1-2 жас үлкен болуы мүмкін. Бәдір соғысында мүшіріктердің арасында болған Абдуррахман сол уақыттарда жиырма жастарында еді[15]. Айша анамызды һижрет уақытында сегіз жаста деп есептесек, онда Абдуррахман екеуінің арасы 12 жас болады. Ал егер һижрет уақытында Айша анамызды 17 жас деп қабылдасақ, онда Абдуррахман мен оның жас арасы екі жас болады. Ендеше, осыдан келіп Айша анамыз Һижреттен кейін сегіз айдан соң тұрмысқа шыққан болса, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) тұрмысқа шыққан уақытта ол 18 жаста болғандығын нақты айта аламыз[16]. Біздің нақты пікіріміз де осы...

Түрік тілінен қазақ тіліне аударған Ықыласхан Майланұлы, теолог.


[1] (Ибн Сад, әт-Табакатул-Кубра, Байрут 1968, VIII том, 58-62-бет).
[2] (Ибн Хишам, әс-Сирәтун-Нәбәуия, Байрут, III том, 310-бет).
[3] (Ибн Исхақ, Сира, Кония 1981, 239-бет).
[4] (Омар Рыза Доғрул, Асры-Сағадет, Станбул 1978, II том, 148 бет; III том, 259-267-бет).
[5] (Ибн Асакир, (Тариху-Димашқ) (Тәрәжимун-Ниса, Димашқ 1982, 9, 10, 28-бет).
[6] (әл-Мәсуди, Муружуз-Зәхәп, II том, 39-бет).
[7] (Ибн Сад әт-Табакатул-Кубра Байрут 1968, VIII том, 58-бет).
[8] (Ибн Ханбәл, Муснәд, Станбул 1982, IV том, 198-бет).
[9] (Ибн Исхақ, Сира, Кония 1981, 124-бет).
[10] (Ибн Хишам, әс-Сирәтун-Нәбәуия, Бейрут, I том, 271-бет).
[11] (Ибн Асакир, (Тариху Димашқ) Тәрәжимун-Ниса, Димашқ 1982, 10-бет)
[12] (Әл-Бұхари Сахих, VI том, 54-бет (Тәпсір, Қамар сүресі (54), 7).
[13] (Омар Риза Доғрул, Асры-Сағадат, Станбул 1978, II том, 148-бет).
[14] (әт-Тәбәрәни, Тарих, Бейрут 1967, III том, 161-163-бет).
[15] (Ибнул-Әсәр, Усдул-Ғабе, Кайыр 1970, III том 467-бет).
[16] (Ибн Сад әт-Табакатул-Кубра Байрут 1968, VIII том, 58-бет).

1 пікір