Танымал британдық рэп жұлдызы Central Cee әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде ислам дінін қабылдағанын ресми түрде жариялады. Өнер иесі бұл қадамының оның жеке өмірі мен рухани әлеміндегі жаңа белестің бастауы екенін атап өтті.
Фото: rollingstone.com
25 жастағы әртіс: «Мен есімімді өзгерттім және шәһәдат айттым. Қазір мен мұсылманмын», — деп мәлімдеп, бұған дейін өзінің діни ұстанымына қатысты жұрт арасында туындаған сан түрлі қауесеттерге нүкте қойды.

Central Cee тікелей эфир барысында бұл шешімнің терең сенімнен туындаған жеке таңдауы екенін түсіндірді. Сондай-ақ ол ислам дінін қабылдауы оның өмір жолын оң бағытқа өзгертуге серпін беретін маңызды қадам болатынына сенім білдірді.
Central Cee 1998 жылы 4 маусымда Лондонда дүниеге келген. Оның анасы — ағылшын, ал әкесі — гайаналық және қытайлық тектен шыққан. Ол әрқашан өзінің көпқырлы әрі мультимәдени болмысын мақтанышпен көрсетіп келеді. Өнер иесі алғаш рет 2014 жылы Fire in the Streets сериалында бой көрсетсе, 2015 жылы J Hus-пен бірге Ain’t On Nuttin ремиксіне қатысты. Ал нағыз танымалдылық оған 2020 жылы жарық көрген Day in the Life альбомымен келді. Дәл осы туынды оның британдық рэп сахнасындағы орнын нықтап берді.

Фото: nme.com
Оның ислам дінін қабылдағаны туралы қауесеттер 2022 жылдан бері айтылып келе жатқан болатын. Ол кезде жанкүйерлері оның мешітте достарының ортасында жүргенін байқап қалған еді. Енді бұл ақпарат ресми түрде расталған соң, ол мұсылман рэперлердің қатарын толықтырып отыр.
Ақпарат ашық интернет ресурстарынан алынды