Aбдулла ибн Зәйд – сахабалардан кейінгі табиғиндердің хадис пен фиқһ саласындағы ірі ғалымдарының бірі. Есімі – Абдулла, «Әбу Қилаба» деп те білінеді. Басралық. Туылған жылы нақты емес, дегенмен 104 немесе 106, 107 жылдары қайтыс болғандығы айтылады. Ардақты сахабалардан Сабит ибн Қайс, Әнас ибн Малик, Tабиғиннен Әбу Әйюб Сахтияни мен Қатададан (р.анхум) дәріс алып, хадистер риуаят етті. Хадис ілімінде сиқа (сенімді). Бір хадис үйрену үшін саяхаттап жолға шығатын. «Ешқандай өзге жұмысым болмаса да бір хадисті білетін кісіден соны өз аузынан есту үшін Мәдинада үш күн сонда аялдадым» деген. Хадис шәріптерді жинақтап, оларды жазуға көп талпыныс жасады. Қайтыс боларынан бұрын кітаптарын алдыңғы қатарлы табиғиндерден фақиһ әрі уәли кісілердің бірі Әбу Әйюуб Сахтияниға (р.а.) берілуін өсиет етті. Бір түйеге жүк боларлық кітаптары өсиеті бойынша Әбу Әйюб Сахтияниға берілді.
Ғалым әрі көп жақсы қасиеттерге ие еді. Артына даналыққа тола көптеген сөз қалдырған. Үнемі адал табыс табуға ынталандыратын. Осы себепті Әйюб Сахтияниға «Базарға бар, жұмыс ізде. Неге десең, ешкімге күнің қарамаса, сол нағыз бақыт» дейтін.
Тағы бір кісіге «Мешіттің бір бұрышында отырғаныңды емес, маған сенің күнкөрісіңді қамдап жүргеніңді көру әлдеқайда ұнамды» дейтін.
Сұқбаттарына келіп тұратын бір шәкірті бар еді. Ол құрмалардан қалған кебекті сататын. Оған «Мен сені дәрістеріме келіп игілік көріп жүр екен деп ойлаппын. Бірақ мына ақиқатты айтайын: Алла тағала қадірсіз нәрселердің берекесін алып қойған» деді.
«Әрі дүние, әрі ақыретте өмір сүрген адам қандай бақытты» деген кезінде, «Ақыретте ғұмыр кешу» дегеннің не екені сұралды. «Дүниеде өмір сүрген кезінде Алла тағаланы естен шығармаған және ұдайы Аллаға жалбарынған, осы арқылы ақыретте Алланың рақымына бөленген жан» деп түсіндірді.
«Кімде кім бір бидғат ойлап тапса, онымен күресемін» дейтін.
«Алла тағалаға шүкір етуге себеп болатын байлық адамға зиян тигізбейді»;
«Түсінбейтін адамға сөз айтпа. Өйткені ол сөз оған пайда емес, зиян тигізеді»;
«Тәнқұмарлар мен әуестігін баса алмай жүргендерден бойды аулақ ұстаңдар. Олармен тіпті сөйлеспеңдер. Өйткені сендерді де өздерінің адасушылықтарына ілестіріп, саналарыңды былғай ма деп қорқамын»;
«Діндес бауырыңнан жағымсыздау нәрсе естісең, оған кешіріммен қарайтындай себеп ізде. Еш сылтау таппасаң, өз өзіңе «мүмкін мен білмейтін бір жағдай бар шығар» де»;
«Қиямет күні ұлы Арыш тарапынан біреу «Юнус» сүресінің 62 аятын айтып дауыстайды: «Әй, Алланың сүйікті құлдары! Сендерге еш қорқыныш жоқ. Сендер еш уайым көрмейсіңдер. Осы дауысты естігендердің баршасы басын жоғары көтеріп, «Сендік, иман еттік» дейді. Алайда екіжүзділердің басы еш жоғары көтерілмейді, жерден көз ала алмай тұрады»;
«Адам жақсылықты не жамандықты қалайды. Сол сәт жүрегінен бұйырғанды я тыйым салғанды байқайды. Бұйырушы жақсылықты бұйырады, тыйым салушы жамандыққа жуытпайды»;
«Бидғатшылармен бірге отырмаңдар. Олармен әңгімелеспеңдер. Неге десеңдер, сендерді адастыруы мүмкін немесе өздеріңе беймәлім жамандықтармен былғауы мүмкін»;
«Ғалымдар үш түрлі. Бір тобы ілімімен амал етеді, жұрт болса оның ілімімен амал етеді. Енді бірі ілімімен амал етеді, бірақ жұрт оның ілімімен амал жасамайды. Ал үшіншісі ілімімен өзі де амал етпейді, жұрт та амал етпейді»;
«Алла тағала шайтанды лағынеттеп, оған қиямет күнін көрсетті. Шайтан: «Уа, раббым! Абыройыңа серт, жан тәсілім еткенінше адамдардың жүрегінен шықпаймын» деді. Алла тағала бұл сөзді естігенде: «Абыройыма серт, онда мен де олар жан тәсілім еткенше, тәуба етуіне кедергі келтірмеймін. Барлық уақытта тәуба ете алады» деп уәде етті.
Aбдулла ибн Зәйд хазірет намаздардан кейін «Аллахумма инни әсәлукәт тайибат уә тәрк әл мункарат уә хуббәл масакин уә ән татуба алайя уә изә әрадта ли ибадикә фитнатан ән тауауфани ғайра мафтун» деген дұғаны оқитын.
Риуаят еткен хадис шәріптерінің кейбірі мыналар:
«Рамазан мен Құрбан айттарын тахлил (лә иләха иллалла деу), тақдис (ұлықтау), тахмид (мақтау айту) әрі тәкбірмен әсемдеңдер»;
«Үш нәрсе бар, бұлар кімде болса, сол кісі иманның дәмін татқаны. Біріншісі, егер Алла мен елшісін бәрінен артық жақсы көретін болса. Екіншісі, біреуді Алла үшін жақсы көру. Үшіншісі, өзін Алла күпірліктен құтқарғаннан кейін қайта сол күпірге түсіп кетпеу үшін отқа түсуден шошынғандай шошынған жан»;
«Істердің ең қайырлысы – астамдық пен нұқсандыққа бармай орта деңгейде болғаны»;
«Алла тағала мен үшін жерді жинады. Жер бетінің шығысы мен батысын көрдім. Егер үмбетім патша болса, маған көрсетілген жерлерге жететін болады. Маған қызыл және ақ түсті екі қазына берілді. Мен раббымнан жалпылай қателіктен үмбетімді жойып жібермеуін, оларға дұшпан шабуылдатпауын сұрадым. Алла тағала: «Уа, Мұхаммед, мен үкім берген кезде ол қайтып кері қайтпайды. Қаласа, бүкіл адамдар бір жерге жиналсын» деді. Мен үмбетім үшін адастырушылардан қорқамын. Оларға қылыш төнген уақытта қияметке дейін қайтып қылыш қынына салынбайды. Үмбетімнен бір қауым мүшріктерге қосылып, пұттарға табынып кеткенге дейін қиямет орнамайды. Үмбетімнің арасынан өтірікші, суайттар шығады. Соларды жұрт пайғамбар екен деп қалады. Ал шындығында, соңғы пайғамбар ол менмін. Менен кейін пайғамбар келмейді. Үмбетімнен бір жамағат (қауым) үнемі тура жолға шақыратын болады. Алла тағаланың бұйрығы келгенге дейін оларға қарсыластары (дұшпандары) зиян тигізе алмайды».
1) Хилиятул-әулия, 2 т. 282 б.
2) әл-Ағлам, 4 т. 88 б.
3) Tахзибут-тахзиб. 5 т. 224 б.
4) Tазкиратул-хуффаз. 1 т. 94 б.
5) Сунан-и Дарими, 2 т. 470 б.