Абай мен Машһүр Жүсіптің ұстазы Камараддин хазіреті
Абай мен Машһүр Жүсіптің ұстазы Камараддин хазіреті
11 жыл бұрын 7476
Бекен Қайратұлы

Қазақ топырағында өмір сүрген оқымысты, діндар, тақуа жандардың бірі – Камараддин Бижомартұлы. Алаштанушы һәм зерттеуші-ғалым Мақсат Тәжімұраттың жазуына қарағанда Камараддин хазіреттің шынайы есімі – Айжарық екен. Туған жері  - Бөкей ордасы. «Қамараддин», яғни «Діннің айы» деген ат бұл кісіге Бұқар медіресесінде оқып жүргенде, білімге деген құштарлығы мен тақуалығы үшін берілгені жайында айтады («Астана» журналы, №2 (51), 2010).

Айжарық Бижомартұлы – 1807 жылы туған. 1889 жылы 81 жасында Баянауылда дүниеден өткен. Жас кезінде 18 жыл Бұқара қаласында діни ілім үйренген. Құран һәм хадис ілімі бойынша жоғары дәрежеге жеткен. Ислам ғұламаларының ғажайып еңбектерін оқып, бойына сіңірген.

Бұқарадан оралған соң, яғни 1849 жылы Орынборда орналасқан мұсылман діни мекемесінде шариғат ісімен айналысқан. 1852 жылы Ақмола өңірінде аты танымал аға сұлтан Тұрлыбек Көшеновтың маңына келіп, бала оқытуға ниет еткенімен, көп ұзамай Семей медресесіне ауысқан көрінеді. Дәл осы кезде 1857-1858 жылдары Семейге білім алуға келген 12 жасар Абай Құнанбайұлын оқытқан.

Филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың зерттеу еңбегінде: «Құнанбай қажы баласы Абайды Семей қаласында орналасқан Абдулла медресесіне оқуға берген. Үш айдан кейін: «Мына бір жас молданың оқуы күшті екен», - деп Камалатдин (Камараддин) молдаға ауыстырған» дейді. («Айқын» газеті, №121, 2008).

Хазіреті 1863 жылдан бастап Омбыдағы Сібір кадет корпусында ислам пәні бойынша төрт жыл дәріс берген. Бұл оқу орнында шығыстанушылар дайындайтын арнайы бөлім болғандықтан және Азия елдерін зерттеуге құлшынған ғалым-саяхатшылар үшін исламды білу ерекше маңызды болғаны сөзсіз.

Жалпы Камараддин хазіреті мұсылман әлемінің ойшылы жәдидшіл-реформатор тұлға Шаһабуддин Маржанидың шәкірті. Ал, Маржани деген кім?  Шаһабуддин Баһауиддинұлы 1818 жылы Қазан шаһарының іргесіндегі Маржан қаласында дүниеге келген. Жасында түркі, араб, парсы, орыс тілдерін еркін меңгеріп, сол тілдерде ғылыми еңбек жазған. Ресейдің оқу орындарында дәріс берген. Ғалымның түркі тарихын баян еткен: "Бұлғар мемлекеті мен Қазан хандығының тарихы", "Мустафад Әл-Ахбар фи ахуали Қазан уә Булғар»  атты кітаптары орыс, араб, татар тілінде жарияланды. Онда қазақ тарихы да қамтылған. Мұсылман елдеріне ұзақ уақыт сапар шегіп,  әлемге әйгілі "Өткен бабалар өмірінен" ("Уафиат әл-асләф") деген әйгілі жеті томдық еңбекті араб тілінде жарыққа шығарған. Осы жеті томдық Абайдың жата-жастана оқитын кітабы болғаны жайлы деректі ғалым Тұрсын Жұртбай жазыпты.

Осы орайда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Егер Шаһабуддин Маржанидің жәдидтік бағдарламасы мен есепті ақылға құрылған пікірін ұстанбаса Абай Еуропалық ғылым мұхитының жағасына жете алмас еді» деген ойтұжырымын айтпаса болмайтын сияқты.

Демек, XIX ғасырда  түркі ұлтының арасынан шыққан, дүние ғылымына түбірлі өзгеріс енгізіп, мүміндер мен түркі жұртының көзқарасын жаңаша қалыптастырып, ойлау жүйесінің дәрежесін биіктетіп, ислам діні мен жаратылыс ғылымының сабақтастығын жаңа сатыға көтерген Шаһабуддин Маржани  осындай адам.

Ал, осы адамның шәкірті Камараддин хазіреті болса, одан кейін бұл кісіден Абай білім алса, қазақ руханиятының ислами сабақтастығы осылай түзілген деуге негіз бар.

Камараддин хазіреті 1867 жылы Кереку өңірінің шонжары Мұса Шормановтың ықпал етуімен Баянауылға келіп, Білән ауылы мешітінде бала оқытуды қолға алған. Бұл кезде хазірет 59 жаста екен. Отбасы мүшелері – әйелі Бибі Мариям, баласы Әбдірахман, қызы Құршид.  

Алғашқы жылы 3 баланы оқытқан. Олар: Құлболды ишанның баласы Фазыл, екіншісі хазіреттің өз баласы  Әбдірахман, үшіншісі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы.

Мәшекең өз қолымен жазған өмірбаян хатында: «...Алты жасымда кітап оқып, сегіз жасымда Баянауылда Камараддин ахунның алдында сырып ой бастап, тоғыз жасымда ғылым хатқа, мұхтасар әл-уиқаяға шарх қылып, он жасымда шайырлық арқылы танылдым. 29 жасымда Бұқари шарифке барып,  мырза Ұлықбекке мүдәріс болдым» дейді. (Қазақ шежіресі, 7-нұсқа).

Сондай-ақ Мәшекеңнің «Дуаның пайдасы» дейтін бір беттен аспайтын шағын жазбасы бар. Сонда Әкімбек деген жомарт адам Баянауылдағы Камар (Камарадин) хазіретке 10 ат берді. «Бесеуін өз қолыммен алдым», - деп жазады.

Тағы бір дерек Машһүр атаның 1910 жылы жазған «Ерейментау сапары» атты өлеңінде:   

Сұрасаң  руымды Сүйіндікпін,

Болаттан ағып түскен құрыштай-ақ,

Баласы Құлболдының нағыз текпін,

Ұстазым Камар молда сабақ алған.

Жиырма тоғызымда ілім іздеп,

Мен едім мехнат шегіп Бұқар барған  - дейтін жолдары бар.

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ:  өмірінің соңғы жылдарын  Баянауыл өңірінде өткізген Камараддин хазіреті Мәшһүр Жүсіпті оқытып ғана қоймай,  осы өлкеге рухани танымның нәрін сепкен. Дәлел ретінде айтсақ: Қаныш Сәтбаев, Шафиқ Шокин бастатқан баянауылдық 25 академиктің түбірі осында жатыр.

2 пікір
  • Өте құнды дерек гой мынау
    11 жыл бұрын
  • KSRO kezinen bastap oz tarihınan jırakta kalgan halkımız ushin osip-orkendeu, damu joli kaita oz tarihına, dinine jane diline kaita oralu bolsa kerek. Osındai derekter ote manzizdi. Kairat aga szge jane ujımnzga algisimdi bldiremin
    11 жыл бұрын