14 жасар саудиялық қыз "ең жас роман жазушысы" ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген
14 жасар саудиялық қыз "ең жас роман жазушысы" ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген
27 күн бұрын 2063

Сауд Арабиясы корольдығының тұрғыны 14 жасар Ритаж Әл-Хазми есімді жас қыз романдар сериясының ең жас авторы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ол бұл атақты алғаш рет 2020 жылы алды.

Ритаж әл-Хазми алты жасынан бастап шағын әңгімелер жазып бастаған. Қыздың бойындағы талантты байқаған ата-анасы оны арнайы «жазу курстарына» жіберіп, талантын одан әрі шыңдауға қолғабыс тигізген.

Ол өзінің ағылшын тіліндегі «Жоғалған теңіз қазыналары» және «Жасырын әлемнің порталы» атты алғашқы екі романын 2019 жылы 10 жасында жариялады. Ал 2021 жылы «Болашақ әлемінен тыс» атты үшінші романын шығарып үлгерді.

Бүгінде жазушы қыз «Белгісіздікке өту» атты жаңа романын аяқтап, оны баспаға дайындап жатқан жайы бар. Әл-Хазми бұл туындыларды жасау арқылы басқаларды оқуға шабыттандырғысы келетінін айтты.

Сауд Арабиясының баспасөз агенттігіне берген сұхбатында қазіргі таңдағы климаттың өзгеруінің адамдар мен жануарларға тигізер қауіптері жайында әңгімелейтін «2050 жылға дейінгі күн» атты ғылыми-фантастикалық роман үстінде жұмыс істеп жатқанын айтты. Ол жақында ғана осы тақырып бойынша мақала жариялап, бұл атауды бекер таңдамағанын айтты, өйткені 2050 жыл - көптеген елдерде "ауа ластығын нөлдік көрсеткішке жеткізу үшін" белгіленген жыл.

Ратжи әл-Хазми кітап жазу сырымен де бөлісіп кетті:

«Мазмұнына қарай кітап жазуға бір жылдай уақыт жұмсаймын. Мен ұстанатын жазу механизмі - роман композициясын негізгі пункттерге бөлуге негізделген «мысықтарды құтқару әдісі» деп аталатын ең танымал халықаралық әдістердің бірі. Сонымен қатар, кейбір электронды қосымшаларды да пайдаланамын. Қосымшалар менің идеяларымды жүйелеуге және жазу кезінде романдағы оқиғаларды дұрыс реттеуге көмектеседі»

- дейді жас жазушы.

Оның әкесі Хусейн әл-Хазми қызының жетістіктерін мақтан тұтады. Әкесі қызының жетістігі жайында:

«Қызымның Гиннестің рекордтар кітабына енуі – оның осы уақытқа шейін қол жеткізген ең маңызды марапаттарының бірегейі. Мен қызымның діттеген мақсатына жетіп, арманынын орындай алғанына өте қуаныштымын»

- деп мақтанышын ішіне жасыра алмады.

Біз өз кезегімізде жас жазушыға толағай табыстар тілеп, "қаламы мұқалмасын" деген ізгі ниетімізді білдіргіміз келеді. 

Дереккөз: islam.ru 
Қазақшалаған: islam.kz

0 пікір