Зират басына барған кісі кейбір әдеп ережелерін сақтағаны жөн, әрідесе, мәкруһ, дінде құпталмайтын әрекеттерден ұзақ тұрғаны жөн. Атап айтқанда, зират басына барған кісі мына жағдайларды істемегі дұрыс:
1) Қабірдің үстіне отыру. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде былай деген: «Сендердің біреулеріңнің шоққа отырып киімі өртенгені – қабірдің үстіне отырғаннан қайырлы». («Нәсәи»).
2) Қабірді басу – мәкруһ.
3) Қабірде ұйықтау мәкруһ. Ханафи ғалымы Ибн Һумамның: «Зират басында ұйықтау – мәкруһ болады» деген сөзі кітаптарда келтірілген. ( يكره النوم عند القبر. )
4) Зират басында намаз оқу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жеті жерде намаз оқуды тыйған, соның бірі – қабырстан. (Бірақ, егер қабірстанда арнайы намазхана немесе үйшік (бутка) бар болса және оның ішінде қабір болмаса, намазхана ішінде намаз оқу мәкруһ болмайды).
5) Мазарда әжетке отыру. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Мен қабірде әжетімді өтеу мен базардың қақ ортасында әжетімді өтеудің арасында айырмашылық көрмеймін» дей келе, базардың ортасында әжетін өтеу қалай әбес болса, қабірстанда да әжетін өтеу соншалықты әбес тірлік екендігін ұқтырған («Сахих Мүслім»). Үкімі – харамға жақын мәкруһ.
6) Қабірдегі көк шөпті жұлу және ағаштарды кесу – мәкруһ. (Сарғайып, құраған шөптерді жұлуға болады). Өйткені қабірде өсіп тұрған өсімдіктер Жаратушыға тәспих айтып, Алланы пәктеп тұрады. Соның себепкерлігімен мархұмға Алланың мейірімі түседі.
7) Бұл айтылғандардан бөлек, қабір басында айқайлап сөйлеуге, қарқылдап күлуге т.б.әрекеттерден сақтанған абзал. Сондай-ақ, қабір басында ішімдік ішу сияқты харам істерді істеуден де тартынған дұрыс болмақ.
А. Қасым.