Зина жасағандар тек зинақормен үйленуі керек пе?
Зина жасағандар тек зинақормен үйленуі керек пе?
7 жыл бұрын 9972
Алау ӘДІЛБАЕВ, исламтанушы

Құран кəрімде: «Зинақор еркек тек зинақор немесе мүшрік əйелге үйленеді. Зинақор əйел де тек зинақор немесе пұтқа табынушы еркекке тұрмысқа шығады. Ол нəрсе Аллаға иман еткен кісілерге харам» (Нұр сүресі, 3-аят) деген аят бар.

Бұл аяттың мағынасы турасында ғалымдар əртүрлі пікірлер білдірген. Кейбір ғалымдар зинақорларға үйленудің харам екенін айтқан. Дəлел ретінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Дүре соғылған зинақор тек өзі секілді біреумен ғана үйлене алады» (Əбу Дəуд, Сүнəн), «Зина жасаған əйелмен тек қана зина жасаған ер кісі немесе мүшрік кісінің үйленуіне болады» (Мəжмауз- зəуаид) деген хадистерді алға тартқан. Кей ғалымдар бұл мəселе тек қана белгілі бір жеке тұлғалар үшін арнайы айтылған, үкімі де соларға ғана тиесілі деген көзқарасты ұстанған. Олардың көзқарасы бойынша зина жасаған кісімен отау құру харам емес, мəкрүһ болып табылады.

Көпшілік ғалымдардың көзқарасы бойынша, бұл аяттың үкімі «Араларыңдағы бойдақтарды үйлендіріңдер» (Нұр сүресі, 32-аят), «Сендерге халал болып саналатын əйелдермен неке құрыңдар» (Ниса сүресі, 3-аят) аяттарының үкімімен нəсх етілген, яғни үкімі жойылған. Сабуни болса, аяттың түсу себебі туралы былай баяндайды: «Үмму Мəһзул есімді бір жеңіл жүрісті əйел болған. Соны сахабалардың бірі өз некесіне алғысы келеді. Оның осы əрекетіне тыйым салған əлгі аят түседі». Ал имам Матуриди осы аятты былай деп түсіндіреді: «Бұл жердегі тыйым шын мəнісінде «некелесуге емес», зинадан тыю мақсатында айтылған. Яғни ол жерде: «Сендер зина жасамаңдар! Егер зина жасасаңдар, зинақор атанасыңдар. Ал, жеңіл жүрісімен танылған жігітке ибалы қыздың тұрмысқа шықпайтыны анық. Амал жоқ өзі сияқты зинақор қызбен үйленуге тура келеді. Ендеше, зинадан аулақ бол!» деген мағына жатыр. Немесе бұл аят зинақор кісілердің іштегі таңдауын да баяндап тұрған болуы мүмкін. Өйткені, зинақор тек өзі сияқты зинақорды немесе пұтқа табынушыны жақсы көреді, себебі ол екеуі зинадан тыйылмайды».

Сондай-ақ, аятта зина жасаған деп айтылмаған, зинақор делінген. Яғни бұл аяттың мағынасы да зина жасаудан өздерін тыймағандарға арналған деуге де болады. Себебі бұл сөздің есім сөз түрінде қолданылуы арқылы араб тілі ережелері бойынша сол істі тастамай, əлі де жалғастырып келе жатқандар меңзеледі. Міне сол жолдан қайтпағандарға үйленуге тыйым салынған. Себебі, олар үйленген соң да сол жаман істерін жалғастырып, шаңырақтың шырқы бұзылуы мүмкін. Ал, сол амалды бұрын жасап, бірақ тəубеге келгендердің жағдайы басқа. Оларға үйленудің ешқандай сөкеттігі жоқ. Себебі, Əбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Зинақор зина жасағанда иманды емес, ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда иманды емес, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды емес». (Бұһари, Сахих) Бірақ, Нəсəидің Сүнен кітабында осы хадистің жалғасы бар жəне онда былай деп айтылған: «Осы күнəларды істесе мұсылман мойнынан ислам дінінің жібін алып тастағандай болады. Егер күнəға қайтпайтындай болып шынайы тəубе жасаса ғана Алла Тағала оны кешіреді». Демек ондай ауыр күнə жасаған жағдайда шынайы тəубе жасалса, Алла Тағаланың оны кешіруі мүмкін. Себебі Алла Тағала шынайы тəубе еткендерді жақсы көреді. Яғни, тəубеге келіп, қайтадан сол күнəға беттемейтін кісілерге үйленудің ешқандай əбестігі жоқ. 

0 пікір