«Заман ақырда үмбетім 5 нәрсені сүйіп, 5 нәрсені ұмытады..»
«Заман ақырда үмбетім 5 нәрсені сүйіп, 5 нәрсені ұмытады..»
4 ай бұрын 3953

Ақырзаман таяғанда болатысы құбылыстарды Алла елшісі (с.а.у.) өзінің бірнеше хадистерінде бөлек-бөлек айтып кеткен. Сондай хадистерде айтылған құбылыстардың көбі бүгінде көрініс тауып жатқандығын байқау қиын емес. Бір замандары тақуа-әулиелер мен ғалым-ғұламалардың мекені болған мұсылман жұртшылығында арақ-шарап ішу нормаға айналып, зина-ойнас жасау әдеттегі жағдай санала бастайтыны, білімділердің қадірі түсіп, әнші-бишілердің дәуірі басталатыны да айтылған еді. Бұлтпен таласқан ғимараттардың көбейетіндігі, араб шөлінің көк шабындыққа айналатындығы, мұсылмандардың саны көп, сапасы аз болатындығы - хадис шәрифтерде айтылған болатысы дүниелердің арасындағы қазіргі таңда көрініс тауып жатқан құбылыстардың біршамасы ғана. Төмендегі риуаят сондай болашақтан хабар берер сипаттағы риуаяттардың бірі. «Болашақтан» дейміз-ау, шын мәнісінде, ондағы айтылғандар қазіргі заманда анық байқалып жатқандығын түсіну қиын емес.

Риуаяттардың бірінде былай делінген:

«Менің үмбетіме сондай бір заман келеді, ол заманда олар бес нәрсені сүйіп, бес нәрсені ұмытады:

  1. Дүниені сүйіп, ақыретті ұмытады.
  2. Ақшаны сүйіп, ақыреттегі есеп-қисапты ұмытады.
  3. Жаратылғандарды сүйіп, Жаратқанды ұмытады.
  4. Зәулім сарайларды сүйіп, қабірді ұмытады.
  5. Күнәні сүйіп, тәубені ұмытады.

Қашан жағдай осылай болғанда, Алла Тағала оларды:

  • Қымбатшылықпен,
  • Оба ауруымен,
  • Оқыс өліммен
  • Әділетсіз, залым патшалармен сынайды»1.

Көп нәрсе адамдардың пейіліне қарай берілетіндігі де тәңірлік бір сыр екені сөзсіз. Адамдардың пейілі қашып, адамдықтан қалғанда, адамгершілікті ұмытып, қатыгездік басым болғанда, өткенші дүние үшін өзгенін өмірін қию жеңіл болғанда, әйелінен ұят, еркегінен намыс кеткенде, құдайын ұмытып, шайтанды дос тұтқанда Алла Тағала ол жұртты түрлі сынақтармен сынап, бастарына халықтың жағдайын ойламайтын залым патшаны әкеп қояды екен. Ол патша елді тоқырауға жетелеп, ақырында елдігі жойылады.

Алла Тағала біздерге өлмей тұрып тәубе етуді, ғапылдықтан оянуды, шайтаннан ұзақ, құдайға жақын болуды жазсын. Дүниеқоңыздықтан сақтап, сауапты іске және нәпсіқұмарлықтан арылтып, имандылыққа жетелесін!


Имам Ғазали: «Мукашәфәтуль Құлуб».

А. Қасым

 

0 пікір