Валентин күнінің қайдан шыққаны маңызды емес
Валентин күнінің қайдан шыққаны маңызды емес
10 жыл бұрын 4141
Нұрқанат НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Ақпан айы келсе болды жұрттың көпшілігі валентин күні деп шулап жатады. Бірі қарсы болса, енді бірінің асыға күткені байқалып тұрады. «Осы жастар қате баспасын, тыныш жүрсін», - деп үлкендер жағы айтудай-ақ айтты. Соның арқасында Аллаға шүкір: «Бұл дұрыс емес екен», - деп бұл мейрамды елемейтін ақылды жастарымыздың саны артты. Дегенмен де бұл валентин келсін келмесін сезімін білдіру, ғашық болу, махаббаттың буына мас болып қалу сияқты қате әрекеттер жастар арасында орын ала береді. Қыз бен жігіттің қол ұстасуы, қыз құшақтау деген секілді әрекеттердің дұрыс емес екендігін дүйім жұрт біледі-ау. Бірақ жастар жағы біле ме екен? Сол жігіттің құшағында жүрген қыз, қыз құшақтаған жігіт ертең ата-ана болса, өзінің қызының қайдағы бір жігітпен дәл солай жүргенін қаламайтынына күмәнім жоқ. Егер де ақыл-есі дұрыс, адамгершілігі бар болса. Қазір де пәк күйінде ақ босағаны аттайтын қыздардың санының кеміп жатқаны қынжылтады. Жас кезде ешбір қыз тағдырының кіммен байланатынын білмейді ғой. Сондықтан да, кезінде көрінгенмен қол ұстасып, құшақтасып жүрген қыздар ертең қалай ибалы келін, аяулы жар атанады. Қырық үйдің тыймы түгілі өз үйінен қой дейтін қожасы табылмайтын ерке қыздарымыз осындай қадамға бармай қайтсін? Осы жерде басты мәселе тәрбиеде екенін анық аңғарамыз. Әрбір ата-ана ұл-қызын ерке қылмай, тіл алғыш етіп өсірсе, өз алдарына отау құрып кеткенше ата-анасының айтқанынан шықпайды деп сенеміз. Бұл үнемі қадағалау мен балаға жиі көңіл бөлудің арқасында болмақ.

Махаббат жоқ емес, бар. Бірақ ол некесіз қыз бен жігіттің арасындағы ойыншық нәрсе емес. Махаббат алдымен тиісті дәрежеде Аллаға және Оның елшісіне болады. Одан кейін ата-анаға, жарына, туған-туысына т.с.с. болуы керек. Абай атамыз да: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» - деп махаббаттың алдымен Аллаға арналуы керектігін айтып отыр. Одан кейін сүйікті Пайғамбарымызды (с.а.у.) жанымыздан артық жақсы көруіміз, Ол кісіге деген махаббатымыздың бір көрінісі. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім мені баласынан, әкесінен, барлық адамдардан артық сүймейінше имандары толық болмайды» деген. Құдіретті Алла Тағала мен Оның сүйікті елшісін жақыннан танымағаны шығар, біраз жастардың махаббатқа әуес болып жүргендері.

Қыз бен жігіт алдымен сөйлесіп, содан соң қол ұстасып, ары қарай одан да анайы әрекеттерге баратыны жасырын емес. Бұл дегеніміз нар кеудені нәпсі билеп, соқыр сезімнің көзді тұмшалаған шағы. Осындайдың кесірінен қаншама жастар ойланбай жүріп от басып, қыздарымыз «ә» дегеннен-ақ шоқ басып, түсік жасатады. Бейресми мәліметтерге сүйенсек елімізде жылына 200 мыңға жуық аборт жасалады екен. Естіген құлаққа түрпідей тиетін сұмдық мәлімет қой мынау. Сонда, 200 мыңға жуық қыз келесіде ана атану мүмкіншілігі азаяды. Яғни, солардың 20 пайызы мүлдем ұрпақ сүйе алмайды. Мұндай оқиғалар валентин секілді мағынасыз мейрамсымақтардың қарсаңында көбейе түсетін көрінеді.

Ең сорақысы – сол бұл күнді атап өту жоғары оқу орындары немесе колледж студенттерімен ғана шектелмейді. Мектеп қабырғасынан бастап, бала-бақшаларға дейін «тойлап» жатыр. Тіпті, осы мерекесымақтың кесірінен ажырасып кетіп жатқандар да баршылық.

Бұл күні мейрамханалар мен қонақүйлер келушілерге лық толы болады. Арақ-шарапқа сұраныс еселеп артады. Ащы суды сіміріп алған сормаңдай қыздар білегінен ұстағанның жетегінде кетеді. Олардың көбі осындай бір күндік жалған махабаттың құрбаны еместігіне кім кепіл...

«Қыз - жат жұрттық» дейді аталарымыз. Бой жеткен қызын әрбір ата-ана ұзатуға асығады. Ал, біреудің болашақ жары атанатын қызға бабаларымыз: «Қол тимеген, болсын аттап шықпаған» (Жүсіп Баласағұн) деген талап қояды. Осы талапқа барлық ата-ананың қыздары сай ма? Көпшілігі сай емес деп айтуға ауыз бармас, бірақ баршылық. Сондықтан да барлық қара көзіміз осы талаптың үдесінен шыға білуі керек. Себебі, біз «қазақ» деген текті елдің ұрпағымыз.

Сонымен бізге махаббат күні керек емес екен. Мейлің ол қазақы махаббат күні болса да. Біреулер валентин күнін өзіміздің «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу», «Төлеген мен Қыз Жібек» деген күндерге ауыстырайық деген ұсыныстар да айтыпты. Қосылғыштардың орны ауысқанымен қосындының мәні өзгермейді. Жалпы махаббат күнінің біз үшін мүлдем керегі жоқ. Ал, енді осылай болса валентин күнінің шығу тарихын қазбалап қайтеміз? Біз бұны: «Ғашықтар күні дегенді кім шығарып жүр?!» деген ашулы үлкендердің сөзін еске алып, айтып отырмыз. Одан да жастар бесіктен белі шықпай жатып махаббатты ойлағанша, ержетіп, бойжетіп некелесіп барып, ертерек отбасын құруды ойласын.

«Боз матаны кимедім, бөз болар деп,

Жиын-тойға бармадым, сөз болар деп.

Таза сақтап бойымды, жүрдім жеке,

Бір перизат өзімдей кез болар деп...» - деген өлең жолдары әрбір қыз-жігітке үлгі болар сөздердің алды екен.

Бастысы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір сөзінде: «Жігіттің ұятты болғаны жақсы, қыздың ұятты болғаны одан да жақсы» деп айтылғандай, жастарымыз намысты, ұяттары мол болсын!

0 пікір