Үсті-басын ретке келтіріп жүру - сүннет!
Үсті-басын ретке келтіріп жүру - сүннет!
3 жыл бұрын 5125

Бір жолы Алла Елшісі (с.а.у.) мешітте отырған шағында, шашы, сақалы ұйпа-тұйпа бір адам кіріп келеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қолымен оған шашымен сақалын тарап, ретке келтіруін ишарат етеді. (Муатта,Шағыр 7; Бәйхақи, Шұғаб V, 225).

***

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні шашы таралмаған, үсті-басы алба-жұлба бір кісіні көріп:

«Бұл адам неге басын жуып тарамайды?» - деп таң қалған еді. 

***

Алла Елшісі (с.а.у.) үстіне лас киім киген жанды көрген сәтте: «Мына адам киімін жуатын су таба алмай жүр ме?» - деп әрдайым мұсылмандардың таза әрі ұқыпты киіну керектігіне баса назар аудартатын. (Әбу Дәуіт, Либас 14/4062; Нәсай, Зинат 60).

 ***

Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа бір жолы үсті-басы алба-жұлба адам құзырына кіріп келгенде:

«Дүние-мүлкің бар ма? Жағдайың қалай?» - деп сұрады. Ол, кісі материалдық жағдайының өте жақсы екендігін хабардар еткен сәтте:

«Алла саған дүние берсе, Оның берген нығметі үстіңде көрінсін!» - деді. (Әбу Дәуіт, Либас 14/4063; Нәсай, Зинат 54; Ахмед IV, 137). Өйткені Алла өзінің пендесіне берген нығметін оның үстінде көруін сүйеді.

 ***

Ата ибн Ясар (р.а.) былай деп әңгімелейді:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) мешітте отырған болатын. Шашы мен сақалы ұйпа-тұйпа бір адам кіріп келді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның қайта шығуын қолымен ишара етті. Ол (с.а.у.) олай етуі арқылы, одан шашы мен сақалын ретке келтіріп келуін талап еткендей болды. Кісі шаш-сақалын ретке келтіріп, қайта кіргенде Пайғамбарымыз (с.а.у.): 

«Араларыңдағы кез келген жанның шайтан тәрізді иқы-жиқы болғаннан, былайша (реттеліп) кіргендерің артық емес пе?!» - деді. (Муатта, Шағыр 7).

 ***

Айша анамыз (р.а.) былай дейді: 

«Алла Елшісі (с.а.у.) оң қолын тазалыққа және ас ішу үшін, ал, сол қолын әжетханада тазалану секілді істерде қолданатын».  (Әбу Дәуіт, Таһарат 18/33)

 ***

Ғаламның мақтанышы Пайғамбарымыз (с.а.у.) мүмкіндігінше ақ түсті киім киюді насихат ететін. Ол: «Ақ киім киіңдер! Өйткені, ақ киімтаза әрі көрінісі көңілге ұнамды. Мәйітттеріңді де ақ кебінге ораңдар!» - дейтін. (Тирмизи, Әдеп 46/2810).  

Алла Елшісі (с.а.у.) киімінде жағымсыз иістердің болуын жаны сүймейтін. Бір жолы үстіне киген шапанынан жүннің иісін сезген бетте-ақ шапанды шешіп тастады. Бұл оқиғаны баяндаған Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымыздың хош иістерді жақсы көргендігін айтқан. (Әбу Дәуіт, Либас 19/4074). 

Ардақты сахабалар қам-қаракеттері мен күнделікті тіршіліктерімен күні бойы мәшғұл болушы еді. Олар жұма намазының уақыты кіргенге дейін өз жұмыс орындарында жұмыс істейтін. Азан шақырылған кезде ғана жұмыстарын тастап, жұма намазына келетін. Сол себепті тәндерінен жағымсыз иіс шығып тұратын. Мұны байқап қалған Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жұма күні жуыныңдар!»- деп әмір етті. (Бұхари, Жұма 16, Буюғ 15; Мүслим, Жұма 6).  

«Өркениет шыңындағы жауһарлар» атты кітаптан алынды.

0 пікір