Қазіргі таңда ұрлық-қарлық, әлімжеттік пен зорлық көбейген заман болды. Алдап-сұлдап ақша табу, ұрлық жасауды кәсіпке айналдыру үйреншікті жағдайға айналған қазір. Алайда, ұрлықшылар өздерінің бұл істері арқылы ауыр күнәні арқалап жүргендерімен жұмыстары да жоқ.
Ұрлық деген біреудің жеке мүлкін өзі жоқтың, көзі жоқта жымқыру екенін бәрі біледі. Бірақ, қазір ұрлық жасаудың сан алуан түрі пайда болғанын бірі білсе, бірі білмес. Біреулер бар өзге біреудің мүлкін уақытша алып қайтармайтын, қарызға ақша алып, мүмкіндігі бола тұра бермейтін. Бұл да ұрлық. Мемлекеттің мүлкін жолын тауып өз атына аударып алатындар бар. Пара алу да ұрлықтың ұсқынсыз түрлерінің бірі. Құмар ойындар ойналатын жерлер (ойын автоматтары, казино, алик-малик-шарик, жүйелік маркетингтер) де қанша адамның қалтасын қағып, ұрлық атаулының ұлысын жасады. Әрине, мұндай жерлерге барған адамның ісін де оң деп айта алмаймыз. Мұның барлығы шариғат тыйым салған істерге жатады. Үлкен күнәлар қатарына кіреді. Тіпті, көше бойында өсіп тұрған, өсіп тұрған дейміз-ау, өздігінен жерге түсіп, шіриін деп жатқан жемістің өзін егесінің рұқсатынсыз жей алмайсыз.
Ұрлық жасағанның ақыреттік жазасы ауыр болмақ. Егер де дер кезінде тәубе етпесе. Иман келтірген адамнан бөлек, кез-келген жанға лайықты қылық емес ұрлық деген. Кішкене ұяты мен адамгершілігі бар адам біреудің мүлкіне қол салу былай тұрсын, көз алартудан аулақ болар еді. Қандай жағдай болмасын, басына қандай қиындық келмесін ұрлық атаулы жаман істерге жоламаған болар еді.
Ислам дінінің негізінде адамдарды жақсы әдетке қызықтырып, жаман әдеттен жиіркендіретін қағида бар. Пайғамбарымыз (с.а.у.) кезінде алғаш исламды қабылдаған кісілерден пұтқа табынбау, зина жасамау, ұрлықпен, өсек айтумен айналыспау туралы ант қабылдатып, уәделерін алып отырған. Бұл әрі адамның уәдеге берік болуын шыңдай түседі.
Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі дейді. Сол секілді кейбір ата-аналар балаларын кішкентай кезінен ұрлықтың жаман әдет екенін айтып, ұрлық жасаудан аулақ болуын қадағалауы керек. Үйге өзгенің бір затын әкелсе, ол затты қайдан алғандығын сұрап, анықтауы қажет. Өзіне тиесілі емес болса, қайтарып беруін талап етуі керек.
Ұрлықшы бұл дүниеде жасаған ұрлығы үшін жазаланбай өмірден өтуі мүмкін. Бірақ, Ақыреттің есеп күнінде оның барлығы алдынан шығады. Заты ұрланып, қиналған кісілер сол кезде әлгі ұрының алдынан шығып, өздерінің заттарын қайтарып беруін талап етеді. О дүниеге екі қолы бос кеткен, барлық адал немесе арам жолмен тапқан дүниесін осы дүниеге қалдырған пенде әлгі сұралған дүниелерді қалай қайтарсын?! Сондықтан, олардың орнына сауабы болса соны беріп құтылады немесе ақысы кеткендердің күнәсын мойнына жүктейді. Міне, ұрлық, ғайбат т.б. секілді күнәлар үлкен күнәлардың ішіндегі ең ауырлары. Себебі, бұл жерде құлдың ақысы араласады. Ал, Құдіретті Алла Тағала жәбір көрген құл өзіне жәбір көрсеткен құлды кешірмейінше кешіре алмайды. Бұл да Алла Тағаланың «Әділетті» екенін көрсетіп тұр.
Белгілі бір жерден белгілі бір затты тығып немесе күштеп алу – ұрлық. Мысалға, бір адам кітапханадан немесе тұрақты жерінен кітапты жасырын алса ұрлаған болып есептеледі. Ал, егер кітапты оның болуы тиісті емес орыннан (мысалы, жолдан) алса, ол ұрлыққа жатпайды. Онда ол тауып алғанға жатады.
Тауып алған затты қайтеміз?
Кімде-кім бір зат, ақша тауып алса, оны бірден өзіне меншіктеп алмай, заттың иесін іздеуі қажет. Мейлі ол іздеу ай, жылдарға созылсын. Негізінде затты тапқан сәтте қолына алып: «Мына зат кімдікі?» - деп үш рет жұртқа естіртіп сұраған абзал. Бірақ, қазіргі жағдайда олай сұрасаң, кез келген жаныпезер әлгі заттың егесі болып шыға келуі мүмкін. Ал, ондай заттың иесі табылып жатса, дәлел келтіруін талап ету керек. Егесі табылмаған ақша болса сол кісінің атынан садақа ету де абзал саналады.
Алла елшісінен (с.а.у.) Абдулла бин Омар (р.а.) жеткізген қиссада үш кісі жолаушылап келе жатады. Кенеттен жаңбыр жауып кеткендіктен, жолаушылар тау ішіндегі бір үңгірге барып паналайды. Таудан домалап түскен үлкен тас үңгірдің аузын түгелдей жауып қалады. Жолаушылар бір-біріне: Алла ризашылығы үшін істеген амалдарың бар ма, соны себеп қылып Жаратқанға жалбарынайық, - дейді.
Сондағы үшінші кісінің дұғасы мынадай еді: Аллаһым! Мен бір кісіні жалдап жұмыс істеткен едім. Еңбек ақысына бір қалта күріш беремін деп келіскен едік. Ол жұмысын бітірген соң, ақысын сұрады. Мен уәделескенбірдорбакүріштібермекболдым. Олбастартыпкетіпқалды. Мен ол күрішті қайта-қайта егіп түскен қаражатына көп қара мал жинадым. Күндердің күні мен жалдаған жұмысшы ақысын сұрап келді. Мен мына өрістегі сиырлардың барлығы сенікі, - дедім. Әлгі жұмысшы: Мені мазақ етуден Алладан қорықпайсың ба? - деп сөзіме сенбеді. Мен: Бұл сенің ақың, мен тек оны өсіріп көбейттім. Ешбір әзілдеп тұрғаным жоқ, - дедім. Аллаһым! Егер мен осы амалымды Сенің ризашылығың үшін істеген болсам үңгірдің аузын аша түс, - деп жалбарынды. Үңгір аузы ашылып, үшеуі аман-есен еліне қайтты. Қарап тұрсаңыз, біреудің затын өзіне меншіктеп алу былай тұрсын, оны ешқандай ақы дәметпей көбейтіп, шашауын шығармай егесі келгенде қайтарып берген адамнан үлгі алса болмас па? Айтпағым, тауып алған зат көбейетін болса көбейтіп, сақталатын болса сақтап, иесі табылғанша аманат зат ретінде қарау керек.
***
Қасиетті Құран Кәрімде былай делінеді: «Ер және әйел ұрының, қылмыстарына жаза әрі Алладан бір өнеге түрінде қолдарын кесіңдер. Алла Тағала аса үстем, хикмет иесі» («Мәида» сүресі, 38-аят). Пайғамбарымыздың хадистерінде де ұрлаған адам ұсталса «Қолын кесіңдер», - деп бұйырған. Иә, ұрының жазасы осындай ауыр болмақ.
Ескерте кететін маңызды жайт, ұрының қолын кесуді жауыздық, жабайылық деп түсінетіндер бар. Бірақ, Ислам шариғаты бойынша бір ұрының қолын кеспес бұрын оның қылмысы толық дәлелденуі керек. Бұл жерде бір адамның тағдыры шешілейін деп тұрғандықтан мәселенің мән-жайы егжей-тегжейлі тексеріліп, куәгерлер табылуы, ұрланған зат сақтаулы жерде болуы, заттың шариғат белгілеген мөлшерден асуы, ашаршылық заман болмау керек деген секілді қатаң шарттары бар. Жай ғана "ұрлады" деген сөзбен шешім шығарылмайды. Шын мәнісінде ұрлағаны дәлелденіп барып, үкім беріледі.
Ислам діні кез-келген адамның діни сеніміне қарамастан заты мен ар-намысына тиісуге үзілді-кесілді қарсы. Ұрлыққа деген көзқарасын жоғарыда аталған аяттың қатаң жазасынан көруге болады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінен де ұрлықшының жазасы ауыр болатындығын байқауға болады.
Айша анамыз былай әңгімелейді: «Махзума дейтін әйел өзіне кепіл ретінде қалған заттарды қулық жасап, ұрлаумен айналысатын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның қолын кесуді бұйырды. Сол кезде Усама ибн Зайд бастаған бір топ туыстары әлгі әйелді кешіруін Пайғамбарымыздан сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Усама, Алла бұйырған іске қалайша жеңілдік сұрайсың?!» деді де, адамдарға қарап: «Бізге дейінгі қауымдар беделді адам ұрлықпен ұсталса кешіріп, кедей ұсталса қолын кесетін болған. Жаным құзыретінде болған Алланың атымен ант етейін, егер де менің қызым Фатима ұрлық жасайтын қолын кесер едім», - деп сөзін аяқтады. Содан Махзуманың қолын кесілді.
Дегенмен қазіргі кезде ұрлық жасаған адамның қолын кесу ислам мемлекеттерінде ғана жүзеге асады. Онда да ұрлық жасаған адамның күнәсі толық дәлелденген жағдайда. Егер де кінәсіз біреудің қолын кескен адам 50 түйе өтемақы төлейді. Ал, басқа елдерде бас бостандығынан бірнеше жылға айыру жазасы кесіледі. Иә, осы дүниедегі жазасы ғана. Арғы дүниедегі жазасы қандай болмақ? Алдап-арбап біреудің жеке мүлкін, тіпті жылжымайтын мүлкі мен көлігін тартып алып жатқандар қайтпек? Олардың жағдайы ертең Есеп күнінде қандай болмақ? Шариғат біреудің жеке мүлкін жоғары бағалап, оны қорғауға атсалысады.
Біреулер айтатын көрінеді қолды кесіп жазалау жауыздық, адамгершілікке жатпайды деп. Бірақ, әлемдік тәжірибе дәлелдегендей бұл қылмыс түрі осы жаза арқылы азайғаны белгілі болып отыр. Бұл жаза діни, адами құндылықтарды ұмытып, тыйым салынғандығына мән бермей осы қылмысқа баратындардың қатарын азайтатын әсер етуші фактор болып табылады. Аллаға сенетін, Одан қорқатын адам Оның көріп тұратынын біліп, мұндай қылмысқа бармайды. Мейлі ол адам бұл дүниеде жазаға ілінбеген күннің өзінде арғы дүниеде есеп беру сәтін білсе керек.
АҚШ-тағы Йел университетінің психологтары ұрлық жасау мәселесін зерттей келе мынадай тұжырым жасаған: ұсталған жағдайда қолының кесілетінін ойлаған адамның бөтен затты ұрлауға жүрексініп, көбіне кері шегінетін көрінеді.
Иә, Ислам діні ұрлық жасаудың ұятты әрі сұрқия қылмыс екенін дәлелдеп берді. Ислам бұл заңсыздықты осылай азайтты. Өзге біреудің заты көбіне тартымды болып келеді. Кейде ұрлық жасамайтын адам өзі қызығуы ықтимал. Ал, ұрлауға бір табан жақын адамдар ол затты қолға түсірудің жолын іздеп, дегеніне түбінде жетуі де мүмкін.
Кімде-кім біреудің мүлкін күшпен тартып алып, бұзақылықпен және ұрлықпен айналысса Алла Тағаланың ашуына ұшырайды. Алла Тағала жәбір көрген адамның дұғасын бірден қабыл етеді. Мейлі ол иман келтірмеген болса да. Егер адам осыларды түсініп, бұрын біреудің мүлкін тартып алған жағдай болса, оны қайтарып, қолданғаны үшін үстіне төлемақы қосып, кешірім сұрау керек. Бұл дүниеде құл ақысы деген болады. Егер осы дүниеде адам жәбірлеген құлдың кешірімін алып қалмаса, о дүниеде жағасынан алады. О дүниеге әркім екі қолы бос баратындықтан, алған затыңызды қайтара алмайсыз, сөйтіп сауабыңыз болса сонымен бөлісуге тура келеді.
Тирмизиде келген хадисте Қияметте құлдан төрт нәрсе жайында сұралады, соның бірі: «Дүние-мүлкін қайдан тауып, қайда жұмсағаны» делінген.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің сахабаларына қарап: «Ішімдік ішіп, ұрлық пен зина жасайтын адам жайында ойларыңыз қалай? – деп сұрайды. Сонда сахабалары: «Бұлар жазаға лайық үлкен күнәлар ғой», - деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жалғастырып: «Ең жаман ұры – өзінің намазынан ұрлайтын адам» деді. Сахабалары сұрады: «Уа, Расулалла! Адам намазынан қалайша ұрлауы мүмкін?» - деп сұрайды таңқала. Сонда Алла Елшісі (с.а.у.): «Адам толығымен иілмейді және сәждені толық жасамайды» деген. Міне, осылайша кейбіреулер діннің тірегі болған намазынан ұрлайтынын ұқтық. Ұрлықтың ең ауыр күнә екенін ескерсек, қалайша сол ұрылардың ең жаманы болуға болады?
«Ұрлық түбі – қорлық» дейді халық даналығында. Екі дүниеде де қорлыққа жол ашатын ұрлықтан аулақ болайық!