Үйімізге арақ пен сыра кірсе...
Үйімізге арақ пен сыра кірсе...
3 ай бұрын 2501 islam.kz/
Асылбек Әуезханұлы

Үйіміздің жанынан «халал» ет сататын дүкен ашылғанда, өз басым қуандым. Ішіндегі азық-түліктің бәрі «халал» болатын. Содан бері керек-жарағымызды барынша сол дүкеннен алуға тырысатынбыз. «Халал» өндіріске тамшыдай болса да, үлесіміз болсын деген ой ғой.

Енді кеше сол дүкенге тағы бір кіріп қалсам, табиғи шырындардың үстіңгі қатарына енді арақ-шараптың сан түрі самсап тізіліп қалыпты. Шынымды айтайын, халал деп кірген дүкеніңнен сондай нәрсені көру қиын екен. Дүкенші апайдан сұрадым: «Сіздер «Халал» емес пе едіңіздер? Мыналар не?» деп. Естіген жауабым мынау болды: «Халал» ет сатып көріп едік. Сауда жақсы жүрмей қойды. Оны алатын адамдар өте аз екен. Жұрттың бәрі арақ пен сыра сұрап келеді». Міне, осы соңғы сөйлем қазірге дейін құлағымда жаңғырып тұрған сияқты. «Жұрттың бәрі арақ пен сыра сұрап келеді». Бұдан бұрын да бір жігіт: «Жұрттың бәрі дүкенге темекі алу үшін келеді» деп еді. Мынау енді соның жалғасы болды.

Ойыма Алла Тағаланың мына бір аяты оралды: «Біз Аллаға шын жүректен мойынсұнғандар мен күнәға белшесінен батқан азғындарға бірдей қараймыз ба?! Сендерге не болған, қалай-қалай үкім шығарасыңдар?!» («Қалам» сүресі, 35-36-аяттар)

Шынында да, біз осы не болып бара жатырмыз? Қайда бара жатырмыз? Қазақстандағы дүкендерден тонналаған арақ-шарап, вагондаған темекі сатылып жатса, бұдан қандай қорытынды шығады. Арақ ішкен адамның не істеп, не қоятыны баршамызға мәлім. Сұм арақ – бүкіл күнәнің көзі. Өсек, өтірік, зина, ұрыс-керіс, айқай-шу, ұрлық-зорлық, былапыт сөздер – арақ ішкен соң қайсысы жасалмайды? Бәрі жасалады! Одан да қиыны, арақ, темекі деген сорақы әдеттер қанымызға сіңіп бара жатқан секілді. Қазір біз қазақтың қанында иман бар, мұсылмандық бар деп мәз болып жүрміз ғой. Ендігі ұрпақтың қанында не жүреді сонда? Арақ, шарап, есірткі, тағы қандай пәле бар?! Соның бәрі жүреді. Қазірдің өзінде солар қанымызға сіңіп кетті ме деп қорқам. Өйтпесе, тамырында имандылық қаны айналған шын мұсылман бір күнәні көргенде, денесі дір ете қалуы керек емес пе? Ондай байқалмайды. Адамның қанына көп нәрсе байланысты. Ал енді осы қанымыз күн сайын қалай уланып жатқанын көрдіңіз бе?

Арақ ішкен үйде тыныштық болады дегенді есітіп пе едіңіз? «Біздің Пәленшенің ешкімге зияны жоқ. Ішеді де, томпиып жата қалады» деген сөздер бар. Бұл бос сөз. Әркімнің томпиған-томпимағанын біле бермейтін шығармыз. Бірақ данышпан шайтанның арақ ішкен адамға не істететінін жақсы білеміз. Адамды аздырып, араққа қарай итермелейтін шайтанда ар бар дейсіз бе? Мейірім бар ма? Ібіліс еш уақытта «Сен жата ғой! Ешкімге зияныңды тигізбе!» деп кеңес бермейді. «Айқайла, тентек бол, әйеліңе «талақ» деп айт, бала-шағаңды қуып жібер, достарыңды ұрып жібер, өзгенің әйелін құшақта, біреудің күйеуімен биле, біреуде кеткен кегіңді ал, кыз болсаң жігітпен жүр, еркек болсаң қызға бар, әкеңнің жағасынан ал, шешеңе сөз қайтар!» дейді. Осының бәрі қазір болып жатқан жоқ па? Ендеше, соның көзі қайда жатыр? Қу арақ пен сұм сырада жатыр. Ардақты Пайғамбарымыз осының бәрін бір-ақ ауыз сөзбен: «Арақ – бүкіл жаманшылықтың көзі» деп түйген.

Енді, міне, өкінішке қарай, қазақтың әр үйінен уыт пен иман шығып, олардың орнына арақ пен сыра кіріп жатыр?

Бүгінгі ұрпақ түк білмегенсіп, көрсек те көрмегенсіп өтеміз-ау өмірден. Бірақ ұлымыз бен қызымызды қай қоғамға тастап кетеміз. Бұлай кете берсе, енді бір 30-40 жылда ұяттың ізін де таппай қалуымыз ғажап емес. Ол кезде әкесі мен қызы, шешесі мен ұлы тырдай жалаңаш күйде пляждарда дем ала беруі де мүмкін болмақ. Өміріңіз жетіп, еркек пен әйелдің зина күнәсін жұрттың көзінше, ашық жасап жатқанын көзіңіз көрсе, оған да таң қалмаңыз. Балаңыз теледидардан ұятсыз, анайы кино көріп, сізге басқа бөлмеге шыға тұршы десе, оған да көнесіз. Той жасайтын адам дастарханға тек қана арақ-шарап қойып, адал астан мақұрым қалып жатсақ, оған да өзіміз кінәлі. Өйткені, бүгін біз сондай қоғамның іргетасын өзіміз қалап жатырмыз.

Бұдан былай дүкеннің қасысанда алған арағынына ақша төлеп жатқан кісі, осындай жағдайларды да есіне алып тұрса екен. Бір қарасаң, ештеңе жоқ сияқты. Өзіңіз тапқан ақша. Қалай жұмсау – өз еркіңізде. Ешкім сізге «Мұның не?» деп тыйым салмайды. Ішіп аласыз да, дем аласыз. Өйткені сіз өзіңізден өзіңіз шаршап жүрсіз. Ал ақырында бірте-бірте өз өмірімізді быт-шыт етіп күйретесіз. Иә, бәле айтып келмейді. Бірден келмейді. Біртіндеп келеді.

"Ізгілік қалсын әр ізде"
кітабынан.

 

 

 

0 пікір