Уақыттың қадірі
Уақыттың қадірі
4 жыл бұрын 8619 iman.kz/

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Адам баласына берілген ең баға жетпес құндылықтардың бірі – уақыт. Бүгінгі күні дамыған өркениетті елдерге бара қалсаңыз, кез-келген адамның осы уақыт мәселесіне келгенде тым сараң екенін байқайсыз. Өйткені олар уақыттан ұтылған жағдайда көп нәрседен қағылатындықтарын жақсы біледі. Тіпті метролары мен көлік аялдамаларында тұрсаңыз, жүру мезгілдерінің «16.03»; «12.01»; «17.08» секілді әрбір минутқа дейін есептеулі екендіктерін байқап таңғаласыз. Көліктері де сол белгіленген уақыт ережесінен бір минут кешігіп я бір минут озбайды. Біздегі сағат сұрағанда «Жетіден он минут кетті» десең, «Е, жеті жарым деші» дей салатын уақытқа деген тым ысырапшыл түсінік оларда жоқ. Батысқа барып, олардың әрбір минутпен санаса отырып, жұмыстарын реттейтіндігіне таңғалған азиялық мұсылман жігітке бірде сол жақтың адамы «Оның несіне таңырқайсың? Бұл біздің сендерден үйренген құндылығымыз емес пе? Сендер минутына дейін санап күнделікті бес уақыт намаздарыңды оқисыңдар, ауыз бекітіп, ауыз ашар кездеріңде де уақыт бір минутқа кірмесе соны күтесіңдер ғой, бар болғаны, біз бұған енді қол жеткіздік» деп ой салған екен.

Өмір деген ең қымбат нәрсе. Өмірдің өзі толық уақыттан тұрады. Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен кейін өз ізін фәни ғұмырда көрсете бастайды. Бойындағы адамдық қасиетін, мейірім шуағын жан-жағына шаша бастайды. Өмірді дұрыс пайдалану үшін уақытты мейлінше қажетті іске жұмсаған дұрыс. Тіршілігін реттеу, ғазиз ғұмырын тезге салу адам баласына қайта берілмейді. Сол аралықта ең дұрысы берілген өткінші тіршілігінде адамзат Алланың сипатын танып үлгеруі керек. Сондықтан да, Алла адамды жер бетінің ақылшысы етті. Ақыл болған соң адам не үшін жаратылғанын, уақытты азды-көпті тірлігінде қалай жұмсай білу керек екенін ұғынады. Өкініштісі сол, көп жағдайда біз уақытымызды зая кетіріп аламыз. Соның кесірінен «әттеген-ай!» деп бармағымызды тістейміз.

Расында, Ислам діні уақыт мәселесіне қатты көңіл бөлген. Оны өмірдің мәніне балаған. Құран кәрімде уақытты білдіретін әр түрлі ұғымдар қолданылған. Құранда уақыт ұғымына қатысты «күн» (яум), «апта» (усбуғ), «ай» (шахр), «жыл» (сәнә), «ғасыр» (аср), «сағат» (саат), «күндіз» (нахар), «түн» (ләйл) сөздері кездеседі. Адам үшін ең маңыздысы күн болғандықтан, Құранда ең көп осы сөз 475 рет қайталанған екен. Демек, ең әуелі бір күндік уақытты ысырапқа жол бермей реттей білу аса маңызды. Артынша аптаны, айды, жылды тиімді өткізу де мұсылманға міндеттелген. Құранда бір жұмыстан шаршағанда, дереу екінші бір жұмысты қолға алу арқылы тынығу керектігі меңзелген. Бұны «жұмыс істеп отырып тынығу» деуге болады. Исламда бос уақыт деген ұғым кездеспейді. Тек дене қатты шаршайтындықтан, түнде тынықтыруды жөн көреді. Өйткені Аллаһ тағала күндізді еңбектену үшін, түнді тынығу үшін жаратқанын айтқан:

«Сендерге түнді жамылғы, ұйқыны тынығуға (себеп), күндізді еңбектену мерзімі етіп жаратқан Аллаһ».

Басқа бір аятта:

«Ол – Алла, ойланып, ғибрат алуды, яки шүкіршілік етуді қалайтын әрбір жан үшін түн мен күндізді бір-бірінің ізін алмасып тұратын қылды».

Уақыттың қадірінің бірден бір көрінісі – Алланың уақытпен серт етуінде. Тәпсір ғалымдарының түсінігінде егер Алла бір нәрсеге серт етсе, оның ерекшк маңыздылығын білдіреді.

Пайғамбарымыз (с.а.с) Қияметте адам баласы жауап беретін негізгі төрт сұрақтың екеуі уақытқа байланысты екенін мына хадисінде айтады.

«Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адам да орнынан тапжылмайды» деген.

Ардақты Пайғамбарымыздың  (с.а.с) өміріне қарасақ, уақыттарын өте тиімді пайдаланғанын көреміз. Өйткені барлық істеріне үлгерген. Ертелі-кеш зікірлері, мешітте уағыз айтуы, сахабаларымен кеңесуі, елшілерді қабылдауы, өзін зиярат етушілерге уақыт бөлуі, өзінің зиярат етіп барған кісілері (науқастар, қабірлер, жарлары т.б.), халықпен жүздесуі (сұрақтарға жауап беруі, шариғат талаптарын қабағалауы т.б.), жорықтарға дайындық, үй іші жұмыстарына қолғабыс етуі (аяқ киім, шапан, астауларын жамауы, немелерін ойнатуы, базарға баруы т.б.), ел ішіндегі діни рәсімдерді атқаруы (балаға ат қою, сүндеттеу, неке қию, жаназа т.б.), жұма күнгі хұтбалары, арасында уахиды қабылдап алу, күтпеген жұмыстың шығып қалуы секілді істердің барлығы да жоспарға сыйып отырған. Пайғамбарымыздың (с.а.с) өмірінде бұл істердің барлығына уақыт табылған. Тіпті ешкімді қабылдамай, жеке өзіне ғана арнаған уақыттары да болған. Бұл нені көрсетеді? Бұл күндік жұмыстарын қаншалықты жүйелей білгенін, белгілі бір уақыт кестесін ұстанғанын көрсетеді.

Уақыт мұсылманның ең асыл қазынасы, дүние мүлкіне қалай ұқыпты, үнемді болса уақытына одан да ерекше ілтипат танытуы керек. Уақыттың әр сәтінен дүниесі және ақыреті үшін пайда ала білуді үйренуі тиіс. Мұсылманның сипатынан – әр кез рухани және материалдық тұрғыда дамуын тоқтатпауында. Бөлмедегі жиһаз-мүліктерді өз орнына қойған секілді уақытты да дәл солай орнымен жұмсай білу керек. Ілгерідегі сәләфтарымыз айтқандай:

 «Уақыт ол қылыш секілді, егер сен оны шаппасаң ол сені шабады» деген. Егер кешегі біліміңізге бүгін еш білім қоспасаңыз, бір ізгі жақсы амал жасамасаңыз, бойыңыздағы бір ұнамсыз қылықты жоюға тырыспасаңыз күніңіз босқа өткені. Бұл жайында Ибн Масғуд былай деп айтқан:

 « Мен үшін ең өкініштісі күн батып, өлімге бір табан жақындаған сәтімде Раббыма жақынадатанын амал жасай алмай өткен күнім» деген.

Мұсылман адам ретінде біздер уақыттарымызды бос нәрселерге ысырап етіп алудан аулақ болғанымыз абзал. Оны Алла Тағала бізге сыйға тартқан үлкен нығымет деп білуміз қажет. Бос өтіп кеткен бір сәттің өзін қайтарып алу мүмкін емес екендігіне ой жүгірткендігіміз ләзім. Талқанымыз таусылып, бұл өмірдегі шектеулі ғұмырымыздың соңына жеткен кезде, кері қайту жоқ, тек қана сол уақыттарымыз үшін жауап беруіміз ғана керек болады.  Айта беретін болсақ уақыттың қадірі өте маңызды екенін түсіне береміз. Уақыт ешкіммен санаспайды, ал уақытпен санасқан адаспайды деп түсінген халық даналығын ойға салып, қайта келмейтін уақытты тиімді пайдалана білейік.

Керімбек Анарғали
ҚМДБ, Шымкент қаласы орталық
мешітінің найб имамы

0 пікір