Түнгі ғибадатқа оңай тұрудың 14 тәсілі
Түнгі ғибадатқа оңай тұрудың 14 тәсілі
7 жыл бұрын 9198 islam.com.ua
Аударған Меруерт Бақдәулетқызы

Ислам бізге білім алып, оған ұмтылуды насихаттайды, себебі, білім баршамызға жәннатқа баратын жолды көрсетеді. Білім - дұрыс істердің түпкі мән-мағынасын түсіндірсе, талпыныс - адамды жігерлендіреді. Сондықтан түнде тұрудың артықшылығын білу, түсіну үшін де ілімнің қажеттілігі туындайды. Түнде тұрудың  артықшылықтарын түсінбеу, бос уақытты жібергенін сезіну, оның артықшылықтарын білу, саналы түрде ұғыну, бұл - үлкен қозғаушы күш болып табылады.  Алла Тағала адамға қабілет пен білім берген, адамның міндеті - екеуін де қолданып,  айналасына пайдалы, қайырлы амал ету. Ендеше, сіздің рухани әлеміңізді кемелдендіруге пайдасы тиер түнгі құлшылық /қиям/ жайлы кеңестерді назарларыңызға ұсынамыз.

 

1. Қиям/түнде тұру, түнгі ғибадат/ туралы ой жүгірту.

Қиям - дүние және ақырет өмірі үшін бақытқа жетелейтін жол, ол жайында өте көп айтылған. Қиям жайындағы ілімнің пайдасы мен артықшылықтары адамды  ынталандырып, тәжірибелік тұрғыдан іске асыру міндеттерін  жеңілдетеді. Мезгілімен жадыңызды сергітіп,  бір түн болмасын,  қиямды жіберіп алмауға өзіңіздің ынталандырсаңыз, ақыр соңында түнгі құлшылық сіздің өмірлік әдетіңізге айналады. Соңында Аллаға ұнамды әрбір ізгі амал Алланың  разылығын алуға ниеттенген кез-келген игі іс, ыстық ықылас пен үмітті талап етеді. Ең бастысы, сөз жүзінде ғана емес іс жүзінде амалға асырудың маңыздылығы туындайды.

 

2. Екі рәкаттан  бастаңыз.

Алғаш бастағанда әрбір түні екі рәкаттан бастап оқыңыз. Біртіндеп рәкат санын қосып отырсаңыз, екі рәкаттың өзі сізге аздық ететіндігін түсінесіз. Сүннет бойынша әр түні сегіз рәкат оқу ұсыналады. Бәлкім, уақыт өте келе көбірек оқи түскіңіз келеді, немесе олай да болмауы мүмкін. Ең бастысы, оны қайталау арқылы әдеттену. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: "Алла қандай амалды жақсы көреді?", - деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.а.у.): "Аз болса да, ұдайы жасалған ғибадат", - деген (Бұхари). Үнемі тұрақтылық қағидатын ұстансаңыз, түнгі намазға тұруға әдеттенесіз. Бұл бірден көбірек оқып, артынан шаршап, тастап кеткеннен әлдеқайда жақсырақ.

3. Күнәлардан қашыңыз.

Күнәнің  барлық түрінен қашыңыз, әйтпесе, ол күнәлар сіздің жүрегіңізді қарайтып, түнгі құлшылыққа тұруыңызға байлау болады. Өз кезегінде, тәһаджүт сіздің алдыға жылжуыңызға көмектеседі. Суфьян Ат-Таури бірде былай деген еді: "Мен бірде бес ай бойы жасаған күнәларымның кесірінен түнгі құлшылыққа тұра алмадым". Ал түнгі намаз бізге  "күнәдан  қалқан" болады" (Тирмизи). Түнгі уақытта Алладан күнәларымызға кешірім сұрау-күнәдан тазарудың ең үздік жолы, керісінше, күнә көбейген сайын күнәнің жүгі еңсені басып, түнде тұрып, тәубе етуге мүмкіндік бермейді.

4. Мұны  Алланың шақыруы деп түсініңіз.

Қиямға тұруға ниеттену нәтижесінде сіз Алланың шақыруына құлақ асқандығыңызды түсініңіз. Сенуші пенде Алланың түнде шақыруы арқылы құтылуға  шақыратынын біліп,  оған  жауап беру қажеттілігін түсінеді.

5. Қиям - сіздің өміріңіздің қуанышына айналсын.

 Алғашқы мұсылмандар үшін түнгі намаз үлкен қуаныш пен бақыттың қайнар көзі болған. Мұхаммад ибн әль-Мункадир: "Тек түнгі ғибадаттың қуанышынан басқа және  мұсылман бауырластармен кездесуден әрі жамағат намазынан  басқа осы  өмірдің қуанышынан ештеңе қалмайды", - деген.

Хазіреті Омар (р.а.) өлім алдында да түнгі құлшылыққа деген ықыласын еш жоғалтпаған. Ол: "Мен бұл өмірде түнгі ғибадаттан басқа ешнәрсеге қайғырған емеспін", - деген еді.

6.  Артық  астан тыйылу.

Суфьян ат-Таури: "Түнгі намазға тұру үшін аз тамақ ішіңіздер", - деген. Асқазанды тамаққа толтыруға тырыспаңыздар, артық астан жалқаулық пен ұйқышылдық пайда болады.  Ауыр кешкі таңдағанда, сіз өмірдегі ең бір  басты мүмкіндігіңіз - түнгі намазды жоғалтып алатыныңыз анық.

7.  Күндіз өзіңізді көп шаршатпаңыз.

Сіз күні бойы қатты шаршасаңыз,  кешке қарай аяқтарыңыз талып, түнде тұру қиынға соғады.  Ауыр жұмыс күнінен соң үзіліссіз  жұмыс істемей, өзіңізге демалуға жетілікті уақыт беріңіз. Бір апталық жұмыс тәртібіңізді бір күнге немесе барлық жұмысты соңғы күнге жинақтамай, әр күнге теңдей бөлгендігіңіз абзал.

8. Күндіз сәл ұйықтап алыңыз.

Күндіз бесіннен кейін сәл мызғып алу - Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті, мұндай түскі ұйқы "кайлула" деп аталады. Осының  нәтижесінде сіз түнгі намазға жеңіл тұрасыз. 

Заманауи ғылым күндізгі қысқа уақыттық ұйқының адам денсаулығы үшін өте пайдалы екендігін анықтап, сүннеттің ақиқатын растай түсті. Ол тек түнгі құлшылыққа ғана пайдалы емес, күндізгі шығармашылық белсенділігіңізді арттырады, қан қысымын ретке келтіреді әрі инфарктың алдын алады. Алла өзіне  сенушілерге шамадан тыс қиындық жүктемейді, оларға оңай болғанын қалайды әрі олардың негізсіз қандай жолмен болсын түнде тұруын міндеттемейді. Керісінше, ол діннің адамдар үшін жеңілдігін қалайды,  өйткені, Ислам - тепе-теңдік пен тұрақтылық діні. Түнгі намазға тұру ниетімен күндізгі қысқа мерзімде ұйықтаған адам сауапқа ие болады.

9. Қиямды индикатор  ретінде пайдаланыңыз.

Егер сіз барлық ықыласыңызбен қиямға ниет етіп, алайда тұра алмасаңыз, өзіңізден сұраңыз, өткеніңізге ой жүгіртіңіз. Бәлкім, сіз күнәға үйірсектеніп, Аллаға ұнамсыз әрекет етудесіз. Егер осы бағытпен өз-өзіңізден есеп алып, рухани тазалануға шынайы ниеттенсеңіз, сіздің ықылас, ниетіңізге қарай Алла  Тағала түнде жеңіл оянуыңызға жол ашып, мүмкіндік береді. Бұл - сіздің иманыңыздың қалыпқа түсіп, нұрлана бастауының белгісі. Ұдайы өзін-өзі тексеру, өзіне есеп беру мен нәпсісін жеңіп, кемшілігін толықтастыру- Алланың  құлдары ретінде біздің адалдық пен шынайылығымыздың  белгісі.

   Құдіреті күшті Алла Тағала: " «Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар. Әркім ертеңі (ақырет) үшін не дайындағанына қарасын. Алланың азабына ұшыраудан сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла  не істегендеріңді толық біледі» (Хашыр, 59/18).

      Ұлы Жаратушы  біздің істеріміздің барлығын білуші, сондықтан өз-өзімізге мән беріп, ізгілікті таңдауымызды бұйырады. Имам ибн әл-Қайим осы хақында былай деп пікір білдірген: "Егер Алланың құлы әрбір ісі үшін естігені мен көргені, тіпті ойы үшін есеп беретін болса, оған жауапкершілікке тартылудан бұрын өзін тексеруіне тура келеді".

10. Өз-өзіңмен күресу.

   Өз мақсатына жетіп,  жеңіске жеткен адам-өз-өзімен күрескен адам. Бұл-түнгі ғибадатқа тұруға көмектесетін ең үздік тәсіл. Өз-өзімен күресу, нәпсісін жеңу нәтижесінде адам  иманын бекітіп, өз қалауын бақылауға алады.  Ұлы Жаратушы: л біз үшін соғысатындарды біз міндетті түрде біздің жолдарымызбен жүргіземіз. Ақиқатында, Алла ізгілік жасаушылармен бірге!" (Құран, 29: 69),- деді. Түнгі құлшылық-өз нәпсіңмен күресуді талап етеді, себеі, түнгі мерзім -кейбір адамдарға қыруар күш талап ететін демалыс уақыты.

      Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз-өзіңмен күрестің маңыздылығы жайлы былай деген: "Егер менің үмметімнен бір адам түнгі құлшылыққа тұрып, өз-өзімен күрессе, тұрып тазаланса, өзіндегі түйінді шешкен болады. Қашан ол қолдарын жуғанда, бір түйін шешіледі. Ал бетін жуғанда, келесі түйін шешіледі. Егер ол адам басына мәсіх тартқанда, тағы бір түйін, аяғын жуғанда, келесі бір түйін шешіледі. Содан кейін Алла: "Менің құлыма қараңдар, ол өзімен күресіп, менен сұрайды. Ал ол  менен сұрағанының бәрін алады" (Ахмад).

11. Қиямды өз өміріңіздің маңызды бөлігі ету.

Қиямға жеңіл-желпі оймен қарап, оны жай ғана "сүннет" деп  оның құнын төмендетпеңіз. Алла Елшісі (с.а.у.)  сүннетінің куәгері болған сахабалар өз өмірінде оның жасаған әрекетін қайталап, басты ұстанымына айналдырған.  Егер сіз ұдайы түнгі намазды оқысаңыз, алдымен, сіз тәҺаджүтті ғұмырыңыздың бір бөлшегі ретінде қабылдап, ақыреттегі сауабынан үміт етсеңіз,  қиямнан  айрылып қалу сізге оңай түспейді. Осы бағыттағы күш, жігеріңіз Алланың жәрдемімен текке кетпейтін болады.

12. Қиямды құпияда ұстау

   Алла мен пендесі арасында болатын рухани нәзік байланыста пенде өзінің пәк ниетін сақтап, ғибадаттың шынайы мәнін сақтау үшін жасырын ұстап, ешкімге жариялаудың қажеті шамалы. Бұл арқылы сізге әрқашан кедергі келтіретін әрі адамдардың алдында мақтаныш сезімін тудыратын шайтанның құралынан құтыласыз.  Алланың разылығы үшін бойұсынып, адамдардан ұзақ, қиямда Ұлы Жаратушымен бірге болып, оған жалбарыныңыз, әйтпесе, қиямның шынайы мәнін жоғалтасыз. Егер сіздің үлгіңіз отбасыңызды және достарыңызды рухтандырса, онда айтуға болады, бұдан сіздің сауабыңыз артады.

13. Ертең емес, бүгін...

    Енді өзіңізге бүгіннен бастап қиямға тұруға уәде беріңіз және оны  түн сайын оқитын боласыз.  Тағы да "тұра тұр" деген шайтанның сыбырына құлақ аспаңыз. Тек Ұлы Жаратушының құдіретті сөздері мен Алла Елшісінің (с.а.у.) хадистері сіздің жүрегіңіздің кең төрінен орын алып, санаңызда сәулеленуі  қажет.  Аллаға  ғибадат ету - шайтанға ұнамсыз болғанымен, Ұлы Жаратушының алдында өте сүйкімді  амал, сондықтан ең тамаша қасиеттерді қазіргі мезгілден бастап, бойға сіңіріңіз.

14. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ұстанымын еске сақтаңыз.

    Егер біз біреуді жақсы көрсек, оның қалауы мен тілегін білуге ұмтылатынымыз хақ.  Алла Елшісі (с.а.у.) бірде сахабаларына былай дейді:  "Абдулла қандай жақсы адам,  егер ол түнгі құлшылықты тұрса, тіпті жақсы болар еді". Осыдан кейін Абдулла түнде аз ұйықтайтын болды" (Бұхари).  Елестетіп көріңізші, Пайғамбарымызға (с.а.у.) сіздің оның сүннетімен жүруіңіз қандай жағымды болар еді, егер сіз түнгі намазға тұрсаңыз, сіздің жақсы адам екеніңізді білдірер еді... Бұл әрекет Пайғамбарымызға (с.а.у.) ұнамды болуы үшін сіздің тағы бір күш-жігеріңізді арттыра түспей ме?

Қиямға қатысты мәселелерде алдыға ұмтылып, кедергілерді жеңіп, табандылық танытыңыз, өзіңіздің алдыңызда тұрған өзгермейтін әдеттеріңізбен күресіп, жүрегіңізді ашып, Аллаға рухани жақындаңыз. Сүйікті Пайғамбарымызға (с.а.у.) бізге түнгі  кәміл ғибадатта  үздік үлгі болғандығы үшін  салауат айтып, алғыс білдіреміз!

 

1 пікір