Түкірудің де әдебі бар ма?
Түкірудің де әдебі бар ма?
10 жыл бұрын 9981
Нұрқанат НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Әдеп деген адамды әдемілеп, әрлеп тұратын үлгілі нәрсе. Әдептілік – кісінің киімі. Әрбір нәрсенің өзінің әдебі бар, өзінің тәртібі бар. Сол секілді түкірудің де әдебі барын біреу білсе, біреу білмес.  Адам өзі түкірсе айып емес, ал басқа біреу көз алдында түкірсе жиіркенішпен қарап жатады. Біреу сіз түкіргенде жиіркенішпен қарағанын қаламасаңыз, онда түкірудің әдебін біліңіз. Түкірудің тәртібін сақтамаса адамның өзіне де зиянын тигізетін сәттері бар.

Ауыз қуысынан «цып-цып» деген дауыстар шығарып, есінегенде еңіреген адамдай дыбыс естіртіп, түшкіргенде бар дауысын шығара айқайлауы сырт елге қолайсыз тиеді. Ауыздан тақылдаған, сақылдаған, ыңылдаған дыбыстар шығаруды да ешкім ұната қоймас. Қолдарын сытырлатып, санын сабалап, жүргенде де қалай болса солай жүру де әдепсіздікке жатады. Қысқасы әр нәрсенің әдебімен болғаны дұрыс. Жөтелетін ниетіңіз болса да, адам аз жаққа қарап, ауызды жабыңқырап жасағаныңыз абзал. Түкіретін жағдай бола қалса, тасалау жер тауып, қандай мөлшерде түкірік тастасаңыз да, ешкімге көрсетпей, артынша бетін көміп, жасырып кеткеніңіз дұрыс. Олай болса түкірудің әдептеріне аз-кем тоқтала кетейік. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):«Құбыла жаққа түкірген адамның қиямет күні түкірігі екі көзінің арасында болған күйінде махшарға келеді», – деген. Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Оң жағына және алдына қарап түкіру Исламға жат қылықтардан», – деп ескерткен. Демек, бұдан байқағанымыз түкіретін кезде сол жаққа немесе сол жақпен артқа қарап түкіру керек екен.

Ертеде мынадай бір қызық оқиға болыпты. Бір күні бір қалаға үлкен әулие келіпті деген сыбыс естіледі. Оны естіген сол қаланың ғалымдары, әулие кісілері барып қолын алып, уағыз-насихатын тыңдап қайтады екен. Бір күні сол елде танымал бір әулие, ғалым кісі өзінің шәкірттерін ертіп, әлгі кісімен жүздесуге келе жатады.

 - Ұстаз, ел айтып жүрген әулие кісі әне тұр, - деп бір шәкірті әлгі әулие тұрған жерді нұсқайды.

Қараса шырт түкіріп тұрған бір сәлделі кісіні көзі шалады. Сонда ұстазы:

- Анау сары шапан киген, сәлде таққан кісіні айтамысың, - деп әлгі шәкіртінен анықтап сұрайды.

Сонда шәкірті:

- Иә, дәл өзі.

Ұстаздары бірден шәкірттерін тоқтатып, кері қайтуды бұйырады. Себебін, сұраған шәкірттеріне ұстазы былай деп жауап береді:

- Көрмейсіңдер ме, әлгі кісінің құбылаға қаратып түкіріп тұрғанын. Ондай адамдар әулие болып жарытпайды, - деген екен.

Еуропаны алып қарайтын болсақ, түкірудің әдебінің қалыптасуы қызықты әрі күлкілі. Мәселен, 1463 жылы Англияда үстелге түкіруге болмайды немесе  алысқа   түкір деген ереже шықты. 1859 жылдан «Жұрттың көзінше түкіруге болмайды» - деген қағида кеңінен тарай бастады. Оның үстіне бұл өте дөрекі, әрі адамның жиіркенішін тудыратын адамның денсаулығына да зиян тигізетін әдет болып саналды. Ал Германияда болса  аңшылар 15-ғасырда дастарқан басында отырып айналасына бей-берекет түкіре беретін. Кейінірек түкіргің келсе артыңа қарап түкір, біреуге тиіп кетуі мүмкін. Жерге қақырып жатсаң аяғыңмен мыжып, сүртіп  таста деген секілді әдептер пайда болды.  Бұл да Эразмның 1530 жылы шыққан кітабында жазылған. «Дастарқан басында мүмкіндігінше түкірмеуге тырысыңдар» деген ереже Италияда 1558 жылы қабылданды. Бұрын беделді кісілердің алдында отырып жерге «былш» еткізгеннің еш әбестігі жоқ болатын. Ал енді бұл мәдениетсіздік болып саналды. Бұл Францияда 1572 жылы қабылданды[1].
Яғни 18-ғасырға дейін Еуропада қалай болса солай түкіруді ешкім жаман әдет деп сезінбеген. Бірақ біртіндеп бұл әдетке тыйым салу ережелері көбейе берді. Сонымен 19-ғасырда түкіруге толықтай тыйым салынады. Әсіресе туберкулез аурының таралуынан қорыққан соң осындай қатаң талаптар қойыла бастады[2].
20-ғасырда түкіруге түбегейлі тосқауыл қойылды. «Түкіруге болмайды» деген ескертулер Лондон автобустарынан  1960 жылы ғана біржола алынып тасталды[3].

Момын мұсылмандарды түкіру әдебіне шақыру үшін неше түрлі қаулы қабылдаудың қажеті болған жоқ. Мұсылмандар тек қана Пайғамбарымыздың (с.а.у.) екі ауыз айтылған хадисіне амал етті. Ертеден мұсылмандық жолды ұстанған дана халқымыз да әрбір нәрсені әдеппен жасау керектігін ұрпағына үйретіп келді. Ал, қазіргі кезде түкіру әдебін еске салып қою артық болмас.

[1], [2], [3] - massaget.kz сайтынан алынды

2 пікір
  • Казирги танда оте озекти маселени козгапсыз иманнын жартысы тазалык демекши, казир адамдардын кобиси мадениеттимиз дейди сыртынан карасан да дал солай сиякты бирак кейде адепсиз кылыктарды темекинин калдыгын немесе какырып тукирип жатканын коргенде атына кылыгы мулдем жараспайды типти уяласын биреу ушин! Бизде арине жетиспейди мадениет кошеде сыпырып жаткан адамнын артынан тукирип шашап жатады! Муунын барин бала бакшада мектепте мадениет, тазалык катысты арнайы сабактар жургизсе жаксы болар еди ойткени ата аналар кобинде бала тарбиесинде мадениетке байланысты кажетти тарбие бермейди!
    10 жыл бұрын
  • нұрқанат, жарайсың, адам аса мән бере бермейтін, бірақ, елеусіз көрінгенімен маңызы мен өзектілігі атом бомбасының қатерінен асып түспесе кем түспейтін мәселе қозғапсыз.
    10 жыл бұрын