Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.) айт намазының біріне шығып: «Ей, әйел жамағаты! Алла жолына садақа беріңдер және Алладан кешірім тілеп, көп тәубе етіңдер! Өйткені мен Жәһәннам отында басым көпшілігі әйелдер болғанын көрдім», – дейді. Сонда араларынан бір әйел шығып: «Неге тозақ отының көпшілігі әйелдер екен? Біз не жаздық сонша?», – дейді екен. Пайғамбарымыз сонда тұрып: «Жаман сөз, лағнет, қарғыс ауыздарыңнан көп шығады және күйеулеріңе қайырсыз, қанағатсызсыңдар», – деп жауап береді.
Жалпы, әйелдің қарғыс айтуға, біреуді лағнеттей салуға болмысы да, тілі де жақын тұрады. Оны қазақ әйелдерінен де көруге болады. Алла Тағала әйел затын өте сезімтал, нәзік жаратқан. Әйелдердің сезімталдығы еркектерден басым екенін хадистерде де айтылады. Бірақ, осы сезімталдық қасиеттерін көп жерде әйелдер басқара алмай қалады. Ашуы келген кезде сол сезімдерімен тілін оңды-солды білеп жібереді.
Қазақ қатындары да бұдан құр алақан емес. «Қу Құдай! Не жаздым саған!» деп қарғыстың басы Алладан басталса, «қараң батқыр, қу шешек!» деп баласымен жалғасады да, «арам қатқыр, сұмырай» деп баланың әкесіне ауысады. Міне, осы сүйреңдеген тіл әйелді сүйретіп отырып, тозақтың отына бір-ақ тастайды. Бәлкім қарғысты көп айтатындықтан да болар, Алла әйелдің аузынан дуаны алып тастағаны. Өйткені, «дуалы ауыз әйел» дегені естімедік. Оның орнына қазақ «шеше қарғысы – боқ, әке қарғысы – оқ» дейді. Ендеше, әйел заты ашуға берілгенде тілге шайтанды ұялатпай, Алланы үйірсе, игі еді.
Екінші, әйелдің күйеуіне қанағатсыз болуы. Көбіне әйелдердің сұранысы күйеуінің әлеуеттік те, әлеуметтік те жағдайынан асып кетеді. Көрсеқызарлыққа тез ұрынады. Күйеуі қолынан келгенше қанша қамтамасыз етсе де, көңілі әйтеуір бірдеңеге толмайды. Бір бөлмелі пәтерге қол жеткізсе, екі бөлмелі пәтер қалайды. Екі бөлмелісін алса, одан да тынысы тарылады. Ал егер күйеуі сұранысын қанағаттандыра алмай жатса, «саған тұрмысқа шыққалы сенен не жақсылық көрдім, елдің әйелдері бақытты, ал мен сорым бес елі» деп шығады. Күйеуінің қылған барлық қайырымдылықтарын әп-сәтте ұмытып кететіндер бар. Бұл жайында да Алла Елшісі: «Әйелдер пәлекеттерге сабыр етпейді және он жақсылық көрген адамнан бір жамандық көрсе, әлгі он жақсылықты бірден ұмытып, сол бір жамандықты айтып жүреді. Сондай-ақ, әшекейлерін өте жақсы көреді, ахиретке дайындалмайды және көп ғайбат етеді», – дейді. Бұл мінез де көптеген қазақ әйелдерінің бойынан табылып жатады.