Тозаққа түсіретін 10 күнә
Тозаққа түсіретін 10 күнә
7 жыл бұрын 20693
Тозақта мәңгі қалдыратын ең үлкен күнәлар

1) Күпірлік және Аллаға серік қосу. Алла тағала: «Расында, кәпір болғандарға (Қиямет күні): «Алланың ашуы, сендердің өз ашуларыңнан зор. Өйткені сендер иманға шақырылған кезде кәпірлік таныттыңдар» деп дауысталады», – деген («Ғафыр» сүресі, 10-аят).

2) Қиямет күніне сенбегендіктен, шариғат міндеттерін орындамау. Алла тағала: «Сендерді тозаққа кіргізген не нәрсе?» Олар: «Біз намаз оқушылардан емес едік, міскінді тамақтандырмайтын едік, бұзықтыққа кірісушілермен бірге кірісіп жүрген едік, өзімізге өлім келгенге дейін Қиямет күнін өтірік деген едік», – дейді», – деген («Муддассир» сүресі, 42-47 аяттар).

3) Адасқан, дінсіз басшыларға еріп, Алланың дінінен бет бұру. Алла тағала: «Расында, Алла кәпірлерді лағынет етті және оларға жалындаған тозақты әзірледі. Олар онда мәңгі қалады. Жанашыр да, жәрдемші де таба алмайды. Бет-жүздері от ішінде аударылатын күні: «Әттең, Аллаға бойсұнып, елшіге бағынғанымызда еді! Раббымыз! Біз басшыларымызға, үлкендерімізге бойсұндық та, бізді солар адастырды», – деп айтады», – деген («Ахзаб» сүресі, 64-67 аяттар).

4) Мұнафиқ болу. Алла тағала: «Алла мұнафиқтар мен мұнафиқ әйелдерге және кәпірлерге тозақ отын уәде етті. Олар онда мәңгі қалады», – дейді («Тәубе» сүресі, 68-аят).

5) Менмендігі себепті Алланың аяттарына сенбеу. Алла тағала: «Сондай аяттарымызды өтірік дегендер, оларға менменси қарағандар, солар – тозақтық. Олар онда мәңгі қалады», – деген («Ағраф» сүресі, 36-аят).

Сондай-ақ Пайғамбар (с.а.у.) жәннат пен тозақ таласқанда:

«Тозақ: «Маған озбырлар мен менмендер кіреді», – деп айтады», – деген.

Тозақтықтар көп. Алла тағала: «Расында, оларға деген Ібілістің ойы шынға шығып, бір топ мүміндерден басқасы саған ілесті», – дейді. («Сәбә» сүресі, 20-аят).

Тағы бір аятта Ібіліске: «Әлбетте, тозақты сен және саған ілескендермен, солардың барлығымен толтырамын», – деген («Сад» сүресі, 85-аят)

Тозақ азабына душар ететін күнәлар

Пендені тозақ азабына ұшырататын күнәлар көп. Оның бірі – нақақтан кісі өлтіру. Алла тағала: «Кімде-кім қасақана бір мүмінді өлтірсе, оның жазасы – тозақ. Ол онда мәңгі қалады. Алла оған ашуланып, лағынет етеді және оған ауыр азап әзірлейді», – деген («Ниса» сүресі, 93-аят).

Тағы бірі жаны бар нәрселерді мүсіндеу мен бейнелеу. Пайғамбар (с.а.у.): «Қиямет күні тозақтан бір мойын шығады, оның көретін екі көзі, еститін екі құлағы және сөйлейтін тілі бар. Ол: «Маған үш (түрлі адам) жүктелді: әрбір тоңмойын зорлықшы, әрбір Алламен бірге басқа құдайға дұға қылушы және бейнелеушілер», – деп айтады», – деген (Ахмад, әт-Тирмизи).

Тағы бірі, өз-өзіне қол жұмсау.

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.а.у.): «Өз-өзін буындырып өлтіргенді тозақта буындырады, өз-өзін шаншып өлтіргенді тозақта шаншиды», – дейді.

Адамның жұртты шариғат құптаған дұрыстыққа шақыра тұра, оны өзі істемеуі де тозақ азабына душар етеді.

Пайғамбар (с.а.у.): «Қиямет күні бір кісі әкелінеді де, тозаққа тасталады. Оның ішек-қарны ақтарылып, ол (ішектеріне) диірмен тасын тартқан есектей оратылып жатады. Оған тозақтықтар жиналып: «Ей, пәленше! Саған не болды? Бізді дұрыстыққа шақырып, бұрыстықтан тосатын едің ғой?!» – дейді. Сонда ол: «Рас, мен сендерді дұрыстыққа шақырып, оны өзім істемейтінмін. Сондай-ақ сендерді бұрыстықтан қайтарып, оны өзім істейтінмін», – деп (жауап береді)», – деген (Муслим).

Дін жолындағы қиындықтарға шыдамай, нәпсі қалауларына еру де тозақ азабына ұшыраудың бірден-бір себебі.

Алла елшісі (с.а.у.): «Алла тағала жәннат пен тозақты жаратқан кезде Жәбірейілді жәннатқа жіберіп: «Барып, оны және онда оның тұрғындарына әзірлегенімді көр», – депті. Сөйтіп, (Жәбірейіл) барып, оны және онда Алланың оның тұрғындарына әзірлегендерін көреді де, қайтып келіп: «Күш-құдіретіңе серт! Оны біреу естісе, оған кірер еді», – дейді. (Алла тағала) бұйрық беріп, (жәннат) қиындықтармен қоршалады. Сосын (Жәбірейілге): «Барып, оны және онда оның тұрғындарына әзірлегенімді көр», – дейді. Сөйтіп, (Жәбірейіл оның қиындықтармен қоршалғанын) көріп, қайтып келген соң: «Күш-құдіретіңе серт! Оған ешкім кіре алмай ма деп қорықтым», – депті. Сосын (Алла тағала) оны тозаққа жіберіп: «Барып, оны және оның тұрғындарына әзірлегенімді көр», – депті. Сөйтіп, (Жәбірейіл барып) көреді, қараса, ол бір- бірінің үстіне мінгесіп жатыр екен. Сосын (Жәбірейіл) қайтып келіп: «Күш-құдіретіңе серт! Оны естіген біреу оған кірмес еді», – дейді. (Алла тағала) бұйрық беріп, ол нәпсі қалауларымен қоршалады. Сосын (Жәбірейілге): «Барып, онда оның тұрғындарына әзірлегенімді көр», – дейді. (Жәбірейіл) барып, оған қараған соң, қайтып келіп: «Күш-құдіретіңе серт!

Ешкім оған кірмей құтылмай ма деп қорықтым», – депті», – дейді.

Жалпы алғанда, адамдар жеңілге санайтын кез келген күнә, тіпті ол жан-жануарларға қатысты мейірімсіздік болса да, пендені тозаққа кіргізуі әбден мүмкін.

Әсма (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.): «Қарасам, (тозақта) бір әйелді мысық тырнап жатыр екен. «Мынаған не болған?» – деп (сұраған едім): «Ол (мысықты) аштан өлгенше қамап қойған, оған тамақ та бермеген, жер жәндіктерімен қоректенуі үшін де жібермеген», – деп айтылды», – деген2

0 пікір