Күндегідей тағы да бір қоңырау шалынды...
Қарасам нағашы ағам екен, бұл кісі қоңырау шалса маңызды бір іске байланысты хабарласатын. Себебі, ол кісі имамдық іс атқаратын. Телефонды алып сөйлесе бастадық, содан ол менен қала сыртындағы бір ауылға барып қайтуды өтінді. Уақыт белгілестік, міне енді соған шығып нағашымды алуға бара жатырмын.
Кездескенде мән-жайды сұрасам, қала сыртындағы бір ауылда қарт әжей дүниеден озған екен. Жол бойы адам өмірі қамшының сабындай қаншалықты қысқа да маңыздылығы туралы әңгіме қылып келеміз. Міне, діттеген жерімізге де келіп жеттік.
Қаралы үйге кіріп келдік, қыстың қақаған аязды күндерінің бірі болатын. Ауладағы қарды туыстары күресіп, қалғандары жаназа мәселесіне байланысты абдырап жүргендері білініп тұр. Үй ішінде қазалы болған кісінің әйел туыстары қаз-қатар тізіліп отыр екен. Төр бөлмеде ер кісілер жиналып, соңғы сапарға шығарып салатын апаларының мәселесін талқылап жатқан сыңайлы. Солардың орталарына келіп қосылдық. Нағашым қайтқан кісінің туыстарына сұрақтар қойып сұрастырып жатты. Сәлден соң араға алыс-жақыннан жиналған туыстарына дайындалған ас та келіп жетті. Тамақ барысында ертеңгі күннің жоспарын талқылап, жаназаның тәртібі мен реті туралы нағашым түсіндіріп отыр. Мен жай ғана молданы алып келген адам болмай, пайдалы іске араластыруын сұрандым. Сонда нағашым "Сен ауыл имамымен кебін дайындауға көмектес" деп мені қосып жіберді.
Ауыл имамы екеуміз ғимараты ескі бір мешіттің ішіне келдік. Даланың суығынан тоңғаным сондай "мешіттің іші жылы болса екен" деген ой алға тартып тұр. Ішке кірсек, мешіт іші бағанағы үйден де жылы болып шықты. Әлгі үйдің адамдары беріп жіберген ақ матаны көліктен алып түсіп, іштегі үлкен бөлмеде киім піше бастадық. Бұған дейін қанша естісек те алғаш көзіммен көріп тұрғаным осы. Өзіме де қызық болды, соңғы сапарға адамның киіп кететін киімі қалай жасалады екен деген мәселе өз шешімін табатындай болып көрінді. Осы сәтті пайдаланып "үйреніп алатын болдым" деп тұрмын. Ауыл имамы маған "тек айтқан жерден ұстап тұрсаң болды, қалғанын өзім жасаймын" деді. Әр матаны жыртқан сайын сұрақтарды жаудырып жатырмын:
- Мынау не?
- Бұл - іш киімі.
-Ал, мына жасап жатқанымыз ше?
- Сырт киімі.
Маталарды бір-бірінің үстіне қойып жерге жайып жатырмыз. Өлген адамға дайындап жатқан киімді әлгі молда ара-арасында өз үстіне өлшеп қояды. Бұл да мен үшін қызық болып тұр. Міне, осылайша біраз матаны жыртып дайындадық. Осы сәтте молда басына бір матаны алып өлшеп жатыр екен. Мен одан:
- Ал, бұл не? - деп сұрадым.
- Бұл - әйелдің кіші орамалы, - деді. Сонан соң дәл сондай етіп екінші матаны өлшеп жатыр, бірақ бұны алдыңғысы сияқты кіші емес, үлкендеу етіп жыртты да қайтадан басына салып көрді. Мен таңырқаған күймен:
- Бұл ше? - деп сұраймын.
- Бұл үлкен орамалы, - деді.
Бұрын-соңды екі орамал кигенді тек намаз оқитын әйелдерден көрген болатынмын. Тағы да молдаға қарап:
- Сонда бұл хиджап сияқты болады ма? Неге екі орамал? – деп едім.
- Иә, қайтқан әйел адамның киімінде осылай болуы керек, - деген жауап алғанда. - Мәссаған, сонда әйел өмір бойы орамал тақпаса да, өлгеннен соң бәрібір тағады екен ғой, иә? ... – деп ұзақ ойға кіріп кеттім. Ауыл молдасы менің түріме қарап, қысыңқы көзін жымитып сәл ғана жымыңдап күлді де, басын екі рет төмен изеді.
Осы сәтте Алла менің көзімді тағы бір ақиқатқа жеткізгендей болды. Ой, құдіреті шексіз Алла! Содан бері осы бір мақаланы жазғанға дейін мені бір ой мазалап тыныштық бермеді. Бүгінгі күні қоғамда қызу талқыға салынып, осы бір қыз баласының басына жапқан орамалға ашық қарсы болып жүргендер орамал әйелдің екі өмірлік киімі екенін білер ме екен?