Тәспі тартудың қазақ үшін маңызы қандай?
Тәспі тартудың қазақ үшін маңызы қандай?
8 жыл бұрын 9765
Мұхитдин ИСАҰЛЫ

Ислам дінінде Алланы зікір ету үшін немесе Жаратушының тоқсан тоғыз есімін қайталау үшін қазақ халқы тәспіні қолданғанын білеміз. Осы тәспі жөнінде әртүрлі жаңсақ пікірлер де кездесіп жатаны бар. Бірақ біздің сұрайтынымыз ол мәселе емес. Сұрарымыз біздің қазақ халқында осы тәспінің ерекшеліктері қандай?

Қазақта тәспінің орны ерекше. Қазақ үрдісі – іші-сырты інжу-маржан тастармен безендіріліп салынған, көргенді тамсандырып, таң қалдырған ғажап сарай болса, тәспі соның күміс қақпасының алтын тұтқасы. Тәспі – арабтың «саббаха» сөзінен шыққан. «Саббаха» – Алланы барлық нұқсан атаулыдан пәктеймін деген мағынаны білдіреді. Құранда «Жер менен көктер Оны дәріптеп, күллі нұқсандық пен жаратылысқа ұқсаудан пәктейді», делінген. Пайғамбарымыз былай дейді: «Екі сөз бар. Ол тілге жеңіл, таразыға ауыр, Рахманға сүйікті келеді: Алла күллі нұқсандық пен жаратылыстан мүлдем таза да пәк. Және күллі мадақ – пәк те ұлы Аллаһқа тән». Яғни, тілге өте жеңіл, бірақ, ертең ұлы махшарда адам баласы есепке тартылғанда жақсылық табағын ауыр басып, осынау Ұлы Жаратушының рахымына бөленуіне себеп болатын сөз. Сонымен қатар бұл сөз періштелердің ең жақсы көретін зікірлері. Құранда Ұлы Жаратушы өз атын әлемге паш ететін бір халифа жаратамын деген кезде періштелер: «Онда бұзақылық жасап, қан төгетін біреу жасайсың ба? Ал біз сені дәріптеп, мадақтап, пәктейміз», - деді». Яғни, сен жер бетіне өзіңе халифа жаратасың ба? Олардың арасында саған қарсы келіп жер бетінде қан төгетін, жердің тепе-теңдігін бұзатын, адамдарды алалап алауыздық жасайтындар да болады ғой. Алайда, біз сенің әлемді жоқтан жаратқан ұлы құдіретті күш екеніңді мойындап, сені үнемі мадақтап, пәктейміз. Яғни, періштелердің бойы нәпсілік құмарлықтан ада болғаны секілді жамандық атаулыдан тілдері де пәк болатын. Олар – әлемдегі бейбітшіліктің символы мен рәмізі.

Міне, ойы – аспандай тұнық, жүрегі даладай дархан атам қазақтың да мінезі осы періштелерге ұқсас. Оның ішкі дәлелінің - бірі қазақтың аузы ашылса көмейі көрінген ақжарқын көңілі болса, сыртқы дәлелі қолындағы тәспісі болатын. Өйткені, бейтанысқа ұзақтан қолында тәспі ұстап көрінген қазақ әрқашан жылылықты білдірген. Неге десеңіз, қолында тәспісі бар адам тілінде осынау жеті қабат әлемді 17 жеті том кітаптай етіп жаратқан Ұлы Досына деген зікірі мен пікрі бар, деген сөз. Ұлы Жаратушыны ойлаған тірі жанға жамандық жасауы мүмкін емес. Демек, бұл – нағыз момын-мұсылман қазақ. Яғни, қазақта тәспі – бейбітшіліктің рәмзі болып саналған. Қазақта тәспі тастарының саны отыз үш немесе тоқсан тоғыз болған. Тоқсан тоғыздық тәспі отыз үшке бөлінген. Қазақ бұл сандарға өте мән берген. Өйткені, намаздан кейін «субхан Аллаһ», «әл-хамду лиллаһ», «Аллаһу әкбар», деп, айту – Пайғамбарымыздың сүннеті. Қазақ Ұлы Жаратушыны зікір етуде қателеспейін, Пайғамбарымның жолымен жүрейін, деп, тәспі тастарының санын қатаң қадағалаған. Сонымен қатар үш бөлек отыз үш қосылып Ұлы Жасаушының тоқсан тоғыз есімдерін білдіретін еді. Хадисте Алланың тоқсан тоғыз есімі бар екенін қазақ жақсы білген. Және қазақ тәспі тастарын әр түрлі нәрседен жасаған. Оның ең ішінде мәшһүрі құрма сүйегінен жасалған тәспі. Қазақ құрмаға ерекше ықыласпен қараған. Оның сыры құрманың басым көпшілігі Мекке-Мәдинадан келгендігінен еді. Қажылыққа барғандар қасиетті жерден қастерлеп екі тәбәрік әкелген. Бірі зәмзәм суы, бірі құрма. Құрманың әлі күнге дейін ең жақсысы Мәдинадағы сол заманнан бері өсірілетін Пайғамбар құрмасы. Және Пайғамбарымыз оразада аузын құрмамен ашқан. Пайғамбарымызды терең сүйген қазақ оның аулынан келген құрмаға да өзіне келе алмай сағынған үмбетіне тәбірік етіп жіберген сәлемі секілді қараған. Сол себепті құрмадан жасалған тәспінің орны ерекше еді. Әулие-әжелеріміз құрмадан тәспі тізіп немере қызының мойнына таққан. Немесе, құрметтеп қара шаңырақтың төрдегі керегесіне ілген. Қастерлеп табан астында қалмауын қадалаған. Жазатайым жібі үзіліп шашыла қалса, тастарын түгел табуға тырысқан. Бірақ, ешуақытта ұлылық қасиет деп қарамаған. Қазақтың тәспіні қастер тұтуында жоғарыда айтылғанда екі себеп бар: Біріншісі, тәспінің – күллі әлемнің тізгінін құдыретімен қолына ұстаған Ұлы Алланы зікір етуіне арқау болуы, екіншісі, жалпы тәспі құрмадан жасалып сол құрманың Меккеден немесе Пайғамбармыздың аулынан келгендігі мен сол қасиетті жерлер мен Пайғамбарымызға деген сүйіспеншіліктің белгісі болғандығынан еді. Сізге алыстағы ағайыннан немесе құдаңыздан, яки әскердегі балаңыздан хат келсе, оқып лақтыра салар ма едіңіз? Әлбетте, қастерлеп сандыққа немесе жоғарыға қояр едіңіз. Сол секілді қазақ ата-әжем Ұлы Досын серік, ортақ атаулыдан пәктеп, дәріптеп, осыны тәспі арқылы баласы мен немересіне сонау сәби кезден насихаттап бойына сіңіріп отырған. Яғни, тәспі Алланы пәктеуде үлкен рөл атқарған.

Ал, қазіргі заманда қазақтың төріндегі тәспінің біреуі жерде жатса, біреуі шаңыраққа ілінді. Яғни, қазақ тәспіге екі түрлі көзбен қарайтын болып бара жатқандай.иБұл күнде тәспі қазақ салтындағы қадір-қасиетінен айырылып барады. Бейбітшіліктің рәмзі атанған тәспілер бұл күнде балалардың ойыншығына айналып отыр. Кейбіреулері дінді білмегендіктен тәспіге «ерекше қасиет» деп қарауда. Мысалы: «Кейбір салихалы кісінің мазарының топырағына аунатса тәспі киелі болады», дейді. Яғни, бірі кемістік, бірі астамдық ұғым. Ұлы Жаратушы елшісіне кітап беріп, саналы жандарға жіберген. Сондықтан да марқұм Абай: «Ғақыл көзімен қара», дейді. Иә, адам кітап пен әлемге сәулелі санамен қарағанда барып түсіне алады. Атадан мұра қалған тәспімізді жоғалтпайық.

0 пікір