Рамазан айында жиырма рәкәғат тарауих намазы оқылады. Сүйікті пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Хақ Тағала сендерге оразаны парыз етсе, мен тарауих намазын сүннет еттім. Шын иман және ықыласпен Рамазан оразасын ұстаған және тарауих намазын оқыған адам күнәдан анадан жаңа туған нәрестедей пәк болып тазарады», – деген хадисі бар («Сунәнун-Насаи»). Сондықтан ер және әйел кісінің жиырма рәкәғат тарауих намазын оқуы – сүннет муәккәдә («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»).
Сүннет муәккәдә – бекітілген сүннет, пайғамбарымыз (с.а.у.) әрдайым істеген және істеңдер деп өсиет еткен амалдар. Мысалы, таңғы намаздың парызынан бұрын екі рәкәғат сүннет намазын оқу. Бұл үкімді орындамаған адам мол сауаптан және қиямет күні Алла елшісінің (с.а.у.) шапағатынан құр қалады.
Тарауихтың бұл үкіміне, біріншіден, имам әл-Байһақи ибн Аббастан және Әс-Сәййиб ибн Язидтен (р.а.) жеткен риуаяттар дәлел. Нақтырақ айтқанда, ибн Аббастың (р.а.) риуаятында Расулулла (с.а.у.) тарауих намазын жиырма рәкәғат етіп оқығаны жайында айтылса, әс-Сәййиб ибн Язидтың (р.а.) риуаятында екінші халифа Омар ибн әл-Хаттабтың заманында тарауих намазы жиырма рәкәғат етіліп оқылғаны айтылған («Фиқ-һүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»).
Жалпы, ғалымдар тарауих намазының рәкәғат санына қатысты түрлі пікір айтқанымен, ғалымдардың басым көпшілігі: «Тарауих рәкәғатының саны – жиырма», – деген көзқарасты ұстанып, бұл мәселеде Омар, Әли, т.б. сахабалардың (р.а.) риуаяттарына сүйенген («Тух-фатүл-Ахуази»). Мәселен, мәзһабымыздың Имамы Әбу Ханифа, ғалымдардан Имам Әт-Таури, Имам Ибн Әл-Мүбәрак, Имам Шафиғи, Имам Мәлік, Имам Ахмад, т.б. Ислам әлеміне әйгілі ғалымдар тарауих жиырма рәкәғат етіліп оқылатыны жайында айтқан («Тухфатүл-Ахуази»).
Омар ибн Әл-Хаттаб (р.а.) халифалық дәуірінен бастап, мұсылмандар жаппай тарауих намазын жиырма рәкәғат етіп оқитын болды. Омардың (р.а.) бұл үкіміне бірде-бір сахаба (р.а.) әрі кейінгі бірде-бір халифа қарсы шықпады («Бидәятүл-мүжтәһид уә ниһаятүл-муқтасыд»).
Әбу Ханифа Омардың (р.а.) бұл ісі жайында сұралғанда: «Омар (р.а.) мұны ойынан шығармады», – деп жауап берсе («Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа»), Имам Шафиғи: «Мен Меккеде адамдар тарауих намазын жиырма рәкәғат етіп оқығанын көрдім», – деген («Тухфатүл-Ахуази»).
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) Омардың (р.а.) көзі тірісінде-ақ ол жәннаты болатыны жайында айтып сүйіншілеген болатын. Ал сол Омар (р.а.) тәрізді сахабаға еруге қатысты дәлел ретінде Расулулланың (с.а.у.): «Менiң сүннетiм мен әдiлеттi халифалардың жолына мықтап жабысыңдар!», – деген сөзін келтіруді жөн көрдік! («Сунәнут-Тирмизи»).
Кез келген елді-мекеннің тұрғындары тарауих намазын өздеріндегі мешітте жамағат болып оқуы – сүннет кифая («Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб»).
Шариғатта «кифая» деп мұсылмандардың бір бөлігі орындаумен міндеттілігі бас-қалардың мойынынан түсетін амалды айтады. Мәселен, жаназа намазының үкімі – парыз кифая.
Осы себептен, бір мешітке қарасты жамағаттың еш қайсысы тарауих намазын мешітте оқымаған жағдайда жамағаттың барлығы сүннетке қайшы әдепсіздік еткен болады («Фатхүл-Қадир»).
Негізі тарауих намазын мешітте оқыған абзал. Себебі, жамағатпен оқылатын намаз-дың абзалы – мешітте оқылған намаз («Әл-Фиқһ»).
Жалғыз оқыған адам әдепсіздік етпегенімен, жама-ғаттың сауабынан құр қалады.
Тарауих намазының уақыты – құптан намазы мен таң атудың аралығында («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»). Осы себептен, құптан намазынан бұрын оқылған тарауих тарауихқа жатпайды («Әл-Фиқһ»).
Тарауих намазын оқудың ең абзал мезгілі – түннің үшінші бөлігі кіруден бұрын («Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб»).
Сонымен қатар, тарауих намазын құптан намазы оқылғаннан кейін үтір уәжіп намазынан бұрын немесе кейін оқу шариғатқа қайшы емес («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»). Осы себептен имам тарауих намазын оқып тұрған болса, мешітке кешігіп келген адам алдымен құптанның парызын оқып, кейін тарауих намазына тұрады. Бұл жағдайда құптан намазының сүннетін тарауих намазының отырыстары арасында оқыса болады. Оқымаса, соңынан үтірден бұрын оқып алады («Әл-Фиқһ»).
Тарауих намазын екі немесе төрт рәкәғаттан оқыса болады («Фатхүл-Қадир»). Әр төрт рәкәғатта сәлем бергеннен кейін демалу уақытында («Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа») түрлі зікір, дұға етсе, уағыз айтса, тіпті үндемей отырса да болады. Себебі, жаман сөз айтпай, үндемей отырудың өзі – ғибадат («Сунәну Әби Дауд»). Жалпы демалу барысында осы айтылған амалдың қайсысымен шұғылдану жамағаттың ықтиярында («Әл-Фиқһ»).
Үзірлі жағдаймен оқылмаған тарауих намазының қазасы өтелмейді («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»). Жамағат жалқауланса, тарауихты жекелей болса да оқу керек. Өйткені, тарауих намазының үкімі – сүннет муәккәд, яғни уәжіпке жақын («Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа»).
Сондықтан, намазхандар Рамазан уақытын пайдаланып намазды жамағатпен оқуға дағдыланғаны абзал. Себебі, жамағат – Исламның белгісі және дін нышаны болып табылады («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»).
Тарауих намазының тасбихы
Оқылуы: «Субхаанә зил-мүлки уәл-мәләкүүт. Субханә зил-иззәтә уәл-азамәти уәл-құдрати уәл-кибрия-и уәл-жәбәруут. Субханәл-мәлики-хаййл-ләзи лә йәмуут. Суббуухун құддуусұн раббүна уә раббүл-мәләәикәти уәррууһ. Ләә иләәһә иллаллаһү нәстәғфирұллааһ нәсәлүкәл жәннәтә уә нә узү бикә минәннар».
Қазақша мағынасы: «Патшалық және мүліктер иесі Алла пәк. Үстемдік, ұлылық, құдірет, үлкендік және өктемдік иесі Алла пәк. Өлмейтін (мәңгі) тірі (патшалардың) патша Алла пәк. Өте пәк, тым кіршіксіз Раббымыз, әрі періштелердің Раббы, әрі Жәбірейілдің Раббы, Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Алладан жарылқау тілеймін. Я, бір Алла! Сенен жәннат тілеймін және тозақ отынан сақта деп саған сыйынамын».
Тарауих намазының батасы
Оқылуы: «Аллаһүммә салли ала Мұхаммәдин уә ала әли Мұхаммәдин уә сәллим. Аллаһүммә заййна бизинәтил-имани, уә шәррифнәә бисиями шәһри рамадан. Уәрзұқнал-жәннәтә уәлғұфран. Уә тәқаббәл миннә тарауихана я сүбхан. Уәстәжиб дұғаәнә я Ханнан, бифадликә уә жүдикә я Мәннән. Бирахмәтикә я әрхамар-рахимиин».
Қазақша мағынасы: «Уа, бір Алла! Мұхаммедке (с.а.у.), әрі үй ішіне игілік ет және есендік бер. Уа, бір Алла! Бізді иман сәнімен сәнде және бізді туралықпен, танымның сыйымен сыйла. Рамазан айымен құрметте. Бізге жәннатты жарылқауды нәсіп ет. Уа, пәк Алла! Біздің тарауих намазымызды қабыл ет. Уа, игілік етуші Алла!
Өз ілтипатың, өз жомарттығыңмен, өз мархабатыңмен бізді жарылқа, уа, аса қамқорлардың ерекше мейірімдісі, Алла!»