«Ас - адамның арқауы» дейді дана халқымыз. Шынында солай, бұған ешкімнің таласы жоқ. Өйткені, ол - тәннің азығы. Сол себепті күнделікті үш мезгіл тамақтануымызды бойға қуат сыйлайтын Алланың нығметі деп білуіміз керек. Бірақ, көп жағдайда дұрыс тамақтанбаудан ба, әйтеуір, асқазанға көрінгенді тығып, ақырында түрлі ауруларға жол беріп алатынымыз бар. Шыны керек, дұрыс тамақтанудың денсаулыққа берер пайдасы мол екенін бүгінгі медицина саласы ғылыми тұрғыдан дәлелдеуде. Ал, осыдан он төрт ғасыр бұрын ғылым емес, надандық дәуірлеген кезеңде Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.а.у.) тамақтанудың әдебін көрсетіп кеткен. Біз де Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистеріне сүйене отырып, тамақтану әдебін әрбір мұсылман баласы біле жүрсін деген ниетпен аз-кем тоқталып өтуді жөн көрдік.
Тамаққа отырмастан алдын және кейін қолды жуу
Дініміздің тазалыққа құрылғандығын тағы да қайталап айтудың артықшылығы болмас. Олай болса, тамақтанар алдында және кейін қолды жуу - тазалықтың және тән саулығының басты кепілі. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Тамақтың берекеті ас ішуден алдын және кейін қолды жууда»,- деген.
Тамақты бастарда «бисмиллә» деп бастау
Әрбір жақсы істі бастарда айтатын «бисмиллә» сөзін тамақ бастамастан бұрын айту - дініміздің бізге әкелген жақсылығы деп білуіміз керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде былай бұйырады: «Адам үйіне кірерде және тамақ ішерде «бисмиллә» деп айтса, шайтан бауырларына: «Бұл жерде қонақтай да, тамақтана да алмаймыз»,- дейді. Егер ол адам үйіне кірерде «бисмиллә» деп айтпаса, шайтан бауырларына: «Түнді өткізетін жерді таптыңыздар»,- дейді. Егер ол адам тамақ жеуден алдын «бисмиллә» айтпаса, шайтан тағы да бауырларына: «Паналайтын, әрі тамақтанатын жер таптыңыздар»,- дейді». Тамақты бастап кеткен кісі «бисмиллә» сөзін айтуды ұмытқан болса, мұндай сәтте не істеу керек екенін Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзінен таба аламыз. Хадис шарифте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сіздерден біреуіңіз тамақ жегенде «бисмиллә» деп айтсын. Егер тамақ бастап жатқанда «бисмиллә» деп айтуды ұмытып кеткен болса, онда есіне түскен сәтте дереу «Бисмилләһи әууәлиһи уә ахириһи» (мағынасы: «Басынан аяғына дейін Алла атымен бастаймын») деп айтсын»,- деп бұйыруда.
Саңлақ сахабалардың бірі болған Умаййа бин Махшидің айтуына қарағанда, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) қасындағы бір кісімен бірге тамақ жеп отырады. Әлгі кісі соңғы тамағы таусылғанша «бисмиллә» деп айтпады. Ең соңғы тамағын аузына алып бара бере «бисмилләһи әууәлиһи уә ахириһи» деді. Мұны көрген Пайғамбарымыз (с.а.у.) күлді де: «Шайтан бұл кісінің тамағына ортақтасып жатқан еді. Ойына түсіп «бисмиллә» деген кезде шайтан жегендерін құсты»,- деді.
Мүмкін болса, тамақты көпшілікпен бірге ішу
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Көпшілікте - берекет, бөлінуде - азап бар»,- деп бұйыру арқылы тамақ жегенде де ауызбіршілікпен бір дастархан басында тамақтануды өсиет еткен. Уаһши бин Харб жеткізген хабарға сүйенсек, кейбір сахабалар Пайғамбарымызға келіп:
- Иә, Расулуллаһ! Тамақтанамыз-ау, бірақ тоймаймыз,- деді. Мұны мұқият тыңдаған ардақты Пайғамбарымыз оларға қарап:
- Мүмкін, бөлек-бөлек ішетін шығарсыңдар?- деген кезде, олар:
- Иә, дұрыс айтасыз. Біз, солай істейтін едік,- деді. Сонда Пайғамбарымыз:
- Тамақты көпшілікпен ішіңіздер, «бисмиллә» деп айтыңыздар. Тамақтарыңыз берекелі болады,- деп бұйырды.
Тамақты үлкеннен кейін бастау
Хузайфа атты сахаба: «Алла елшісімен бірге тамақтанғанда, ол кісі бастамастан асқа қол сұқпайтынбыз».
Тамақты оң қолмен және ортақ ыдыстан жегенде өз алдынан жеу
Омар ибн Сәләмә Аллаһ Елшісінің: «Бисмиллә деп айт, оң қолыңмен, әрі өз алдыңнан же»,- деп бұйырғанын жеткізеді.
Тамақтану барысында ашкөздіктен сақтану керек
Жәбәл бин Сухайм былай деп баяндайды: Ибн Зубайр екеуміз соғысқан жылы қатты ашаршылық болды. Бізге тамақ орнына құрма таратылды. Құрманы жеп жатқанымызда Абдуллаһ бин Омар қасымыздан өтіп бара жатып: «Құрманы қос-қостап жемеңіз. Өйткені, Пайғамбарымыз бізге құрманы қос-қостап жеуімізді шектеді». Демек, бір қасық тамақты жақсылап шайнағаннан кейін келесі тамақты жеу әдептен болып табылады.
Тамақты ұнатпау сияқты амалдан сақтану қажет
Әбу Хурайра: «Алла Елшісі тамақтан ешқандай кемшілік іздемейтін. Тәбеті тартса, жейтін, көңілі қаламаса, жемейтін»,-дейді.
Тамақтың ыдысын жақсылап тауыса жеу
Хазреті Әнастан жеткен хабарда, Алла Елшісі тамақ жеген кезінде үш саусағын да жалайтын және былай дейтін: «Кімде кімнің қолындағы тамағы жерге түсіп кетсе, оны алып тазалап жесін. Оны шайтанға қалдырмасын». Алла Елшісі сөзін әрі қарай ыдысты тауыса ішудің маңыздылығымен жалғап: «Тамақтың берекетінің қай жерде екенін білмейсіңдер»,- деп бұйырған.
Алтын және күмістен жасалған ыдыспен тамақ ішпеу керек
Хузайфадан (р.а.) жеткен хабарда Алла Елшісі (с.а.у.) былай деген: «Тап-таза жібек киім (ерлер үшін) кимеңіздер. Алтын және күміс ыдыстан тамақ ішпеңіздер. Осыған ұқсас ыдыстардан да тамақ жемеңіздер».
Жата-жастанып тамақ ішпеу
Бұл туралы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі былай дейді: «Мен бір жерге жата-жастанып тамақ ішпеймін».
Тамақтан соң дұға ету
Пайғамбарымыз (с.а.у.) тамақтан соң оқылатын дұғасының үлгісін былай қалдырса керек: «Кімде кім тамақтанғаннан кейін «маған бұл тамақты жегізген, күш-қуат нәсіп еткен Алла Тағалаға мақтаулар болсын» десе, өткен күнәлары кешіріледі. Және бір риуаятта Әбул Һәйсәм атты сахаба Пайғамбарымызды құрметтеп тамаққа шақырады. Тамақтанып болғаннан кейін Алла Елшісі: «Тамақтарыңызды салих кісілер жесін. Періштелер сіздер үшін истиғфар айтсын. Ораза тұтқан жандар ауыздарын осында ашсын»,- деп дұға еткен екен. Басқа бір риуаятта Әбул Һәйсәм тамақ әзірлеп, Пайғамбарымызды және сахабалардан кейбірін шақырып қонақ етеді. Тамақтан кейін әз елші:
- Бауырларыңызды қуантыңдар,- деді. Сахабалар:
- Иә, Расулуллаһ! Қуантыңдар деген не?- деді.
- Кісінің үйіне келгеннен соң тамағы желініп, сусыны ішілді ме, онда үй иесі үшін дұға етіледі. Міне, осы оның қуанышы,- деп жауап берген.
Тоя тамақ ішпеу
Ардақты пайғамбарымыз (ос.а.у.) былай дейді: «Ешқандай адам асқазанынан асқан қатерлі ыдыс толтырмаған. Әлбетте, кісіге өзін еркін алып жүруі үшін біршама тамақ жетеді. Алайда, адамның тойып жеуі қажет болса, онда асқазанының үштен бірін тамақтануға, үштен бірін суға, үштен бірін тыныс алу үшін бөлсін». Жоғарыда хазреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) адам баласының асқазанды толтыра тамақ ішуін өзге толтырылған ыдыстармен салыстыруға келмейтіндей етіп бөле-жара ерекшелеуі адам денсаулығының күнделікті ішіп-жеуімен, дұрыс тамақтануымен байланысты екенін тайға таңба басқандай етіп көрсеткен. Әйтпесе, Муқауқис патшаның сыйлық ретінде жіберген дәрігеріне Пайғамбарымыз: «Жай халықтың қасына бара ғой. Өйткені, біз аш қалмайынша ас ішпейтін халықпыз. Ас жегенде де тоя тамақтанбаймыз»,- демес еді. Асқазанды толтыра жеу адамға едәуір зарар әкелетіндігін, оның соңы адамды аурушаңдыққа апаратынын бір ғана хадистің өзі айқындап тұр емес пе?! Демек, асты белгілі бір мөлшермен жеу денеге сіңімді, бойға қуат, іс-қимылды жеңілдете түседі. Сондай-ақ, Аллаға деген құлшылығын арттыруына жол ашады. Сол үшін Пайғамбарымыз бізге тамақтану барысында асқазанның үштен бірін ауқаттануға, үштен бірін суға және қалған үштен бірін емін-еркін әрекет етуге мүмкіншілік тусын деп тыныс алуымызға бөлуімізді өсиет етпек. Ал, бұл денсаулықты қалыпты сақтауда баршамызға көрсетілген ортақ ұстанымымыз болуға тиіс. Сонда ғана қуатты мұсылманға айналатынымыз сөзсіз. Міне, дініміз күнделікті тіршілігіміздің тамақтанумен тығыз байланысты екенін және оның мұсылманға сай әдебі бар екенін осылай әрбірімізге ұсынады. Мұны білуміз керек, күнделікті тіршілігіміздің ережесіне бұлтартпас қағида етіп енгізіп, кейінгі ұрпаққа насихаттауымыз қажет. Мұсылмандықты берік ұстап, әлем мұсылмандарына халал стандартымен үлгі болып отырған Малайзия елі. Осы елдің шығаратын өнімінің 90-95 пайызы халал стандарты бойынша жасалады екен. Қызығын қараңыз, асқа көңіл бөлгені былай тұрсын, аспазшыға да ерекше назар салатын көрінеді. Яғни, үйінен әлденеге ашуланып, көңілі түсіңкі болып келген аспазшыны сол күнгі жұмысынан босатады екен. Өйткені, аспазшыға да қатаң талап бар. Себебіне келсек, малайзиялықтар шын көңілмен, ықыласпен жасалған астың адам көңіліне жайдарман сыйлайтынын ғылыми тұрғыдан дәлелдепті.
Тамақты тоя жеу денсаулыққа зиян әкелітіні өз алдына, ондай адамдарды Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мүлдем ұнатпаған. Бірде мұсылманға жараспайтын кейіпте ашкөздікпен тамақты өле-өлгенше жеген адамның кекіре бастағанын байқаған Пайғамбарымыз: «Кекіруді тоқтат. Өйткені, дүниеде тоя жеген адамдар қиямет күні ұзақ уақыт аш қалатындар»,- деп қатаң ескерту жасаған. Осындайда қазақ халқы: «Жаман өле жейді, жақсы бөле жейді» деп тойынғандарға қарата айтса керек. Және де ақыл мен иман иелері үшін ескеретін тағы бір жайт ауызға кірген астың адалдығына мән беруі қажет. Пайғамбарымыз: «Арамнан желініп-ішілген нәрсе қырық күн бойы бойында сақталады»,- дейді. Тағы бір хадисінде: «Адал жеу - сауап, арам жеу - күнә»,- деген. Олай болса, адам доңыз емес қой, не болса соны ішіп-жейтін. Адам - асының адалдығымен адам болып қалуы керек. Әйтпесе, Алла адамнан өзге жаратылысқа: «Сендерге берген ризық-несібелеріміздің адалынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172-аят),- деп әмір етпес еді-ау. Ал, Алланың әмірін құл ретінде қабылдасаңыз, онда еш ойланбастан бойұсынып, адал ас ішіп-жеуді басты мұрат етуіңіз керек. Адал ас ішудің адам өміріне үлкен әсері бар. Бір ғана мысал, адал ас иесінің Алла сұраған дұға-тілегін қабыл етеді. Дұғаның қабыл болуына жол ашылады деген сөз. Сонымен қатар тамақтанғанда ысырапқа жол бермеген жөн. Өйткені, Алла ысырапты ұнатпайды және ол шайтанның сүйген амалдарынан болып табылады. Бұл туралы Құранда: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер»,- деп Жаратушы әмір етті. («Ағраф» сүресі, 31-аят)
Дініміз әмір еткен әрбір амал-әрекеттің белгілі мақсат-мүддесі бар. Сол амалды орындауда ниеттің орны айрықша. Тамақтану да сол секілді. Егер ішіңіздегі жалаңдаған жыланды басып, нәпсі үшін тойып тамақтансаңыз, сізге - ол зиян, жоқ әлде бойыма қуат болсын деп Пайғамбар өсиет еткен мөлшермен ауқаттанар болсаңыз, өзіңізді жеңіл, әрі еркін сезіне түсесіз. Сондықтан, тамақтанудың ең басты мақсаты - нәпсіні тойдыру емес, Аллаға деген құлшылығымызды еркін жасау үшін болғаны жөн. Сіздің тамақтанудағы мақсатыңыз қандай, тамақ жеу үшін өмір сүру ме, әлде өмір сүру үшін ауқаттану ма?